Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жеке сұрақтарымен келген азаматтарды қабылдап, сауалдарына жауап берді және олар көтерген кейбір мәселелердің заң шеңберінде шешілетіндігін түсіндірді.
Бұл жолы қоғамдық қабылдауда болғандардың арасында Макинск қаласының тұрғындары Алтын Нұрқанова, Зоя Закворяжина, Наталья Еременко аудан орталығындағы Уәлиханов көшесінің бойында орналасқан екі тұрғын үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу туралы мәселе көтерді.
Облыс басшысы қазіргі кезде аудан әкімдігі бірінші кезекте құжаттарды рәсімдеп жатқанын және алдағы уақытта байқау жариялап, мердігерді анықтайтынын айтып түсіндірді. Жобаны 2019 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған. Сол кезде көпқабатты 20 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатын болады.
Сонымен қатар, қабылдауға келген азаматтар облыс әкімнің атаулы шәкірітақысын алу, жер теліміне қатысты сұрақтарды шешуге көмектесуді сұрады. Мәлік Мырзалин барлық өтініш-тілектер ескеріліп, заң аясында шешілетіндігін түсіндірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.