«Еліміздің басты байлығы – оның халқы, яғни, тұрғындар», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында. Яғни, бәріміздің жұмысымыз халқымыздың әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталуға тиіс. Әкімдердің жұмыстары осы көрсеткіштермен бағаланатын болады.
Шынында да, экономика алға басқанда ғана әлеуметтік мәселелерді оң шешуге болатындығы белгілі. Елбасы Жолдауында 2019 жылы, яғни, келесі жылы ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есе көбейту туралы тапсырмасы да елімізде ол үшін мүмкіндік бар екендігін айғақтай түссе керек. Ол үшін 2019-2021 жылдары бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге қаржы қарастырылатын болды.
Президенттің биылғы Жолдауында, сондай-ақ, еліміздегі монополист компаниялардың міндетті түрде инвестор болу қажеттілігі жөнінде айтқаны бәріміздің ойымыздан шығып отыр. Олай болмаған жағдайда монополистердің мәртебесі бірден төмендеуге тиіс. Осындай қатаң тәртіп қана белігілі бір саланы уысында ұстап отырған монополистердің жұмыстарын дұрыс жолға қояды. Осы уақытқа дейін шешімі табылмай келе жатқан көлеңкелі экономика мәселесі де Президент Жолдауында ерекше аталып өтілді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс саласы, салық мәселесіндегі келеңсіз жайлар да Елбасының қатаң сынына ұшырады.
Президент биылғы Жолдауында сондай-ақ, білім беру, мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиесі мәселелеріне де баса назар аударды. Бұл орайда әсіресе, «Мұғалімнің мәртебесі туралы» Заң қабылдау қажеттілігі туралы тапсырмасы тек ұстаздар қауымының ғана емес, барлық тұрғындардың ойларынан шықты деп санаймын. Себебі, тұрғындарымыздың барлығы дерлік ата-ана, яғни, мұғалімдердің жағдайы олар үшін тосын мәселе емес. Білім беру саласы туралы айтқанда, Елбасы Жолдауда жоғарғы оқу орындарындағы олқылықтарға да жан-жақты тоқталып, нақты міндеттер жүктеді.
Елбасының биылғы Жолдауы туралы ойымды қысқаша түйіндесем, бұл құжатта еліміздің экономикасын одан әрі дамытып, тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеру үшін қандай мәселелерге басымдық беру керектігі, қандай бағдарламалар қабылдап, жұмысты қалай ұйымдастыру қажеттілігі жайында нақты міндеттер айқындалып, оларды жүзеге асырудың жолдары көрсетілді. Ендігі міндет Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды бұлжытпай орындау. Сонда бәрі рет-ретімен шешіледі.
Рашит ӘКІМОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.