Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мектептердегі тілдер онкүндігі - АРҚА АЖАРЫ

Мектептердегі тілдер онкүндігі

Тілдер онкүндігі ауданның барлық мектептерінде болып өтті. Оны мектеп директорлары мен қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдері ашып, оқушыларды, мұғалімдерді және ата-аналарды дәстүрлі тіл мерекесімен құттықтады. Жылда 22 қыркүйек күні атап өтілетін Тілдер мерекесі биыл 5 қыркүйекке ауыстырылып, ұлт көсемі, Алаш қайраткері, ана тіліміздің асқан жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 145 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Осыған орай, оқушылар өздерінің туған тілге деген жүрекжарды лебіздерін өлең жолдарымен, нақыл сөздермен және қарасөзбен жеткізе білді.

6 қыркүйек күні мектептеріміздің оқу ісі меңгерушілері «А.Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиінің негізін салушы» атты танымдық іс-шара өткізіп, осы тұрғыда жиналғандарға мол ақпарат берді. 7 қыркүйектен 11 қыркүйек аралығында Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Алты алаштың ақиық ақыны – Мағжан» атты тақырыпта, сондай-ақ, Міржақып Дулатұлының, Сәкен Сейфуллиннің, Әлихан Бөкейхановтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Жұмағали Тілеулиннің, Халел Досмұхамедұлының, Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығына арналған ақпараттық-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты тәрбие сағаттарында ана тілі көздің қарашығындай сақтайтын қазынамыз екені, елімізде «Тіл туралы» Заңның аясында атқарылып жатқан іс-шараларға біз де үлес қосуымыз қажеттігі айтылды. Билер туралы «Көркем сөздер» сынып сағаты конференция түрінде өткізіліп, оқушылардың жинаған ақпараттары арқылы арыстарымыздың ұлттың, тілдің өркендеуіне қосқан үлестері паш етілді. Ал, «Латын графикасына көшу» тақырыбында өткен ата-аналар жиналысында әліпбидің ерекшеліктері туралы жиналғандарға толық мағлұмат берілді.
«Үш тұғырлы тіл саясаты – оқушылардың болашағы мен мүмкіндігі» атты полиглоттар сайысы да тартымдылығы, көп мағлұматтылығымен ерекшеленді. Берілген тапсырмаларды оқушылар үш тілде жетік, шапшаң орындай білді.
Осы орайда, бастауыш сыныптар мен балабақшаларында да бүлдіршіндер арасында «Бала тілі – бал» байқауының өткізілгенін айта кету керек.
Осылайша көптеген іс-шараларға дәнекер болған тілдер онкүндігінің соңғы күні де келіп жетті. Оның жабылу салтанатында ана тіліміздің құдіреті мен көркемділігі, оны шұбарламай сөйлеу туралы айтылып, онкүндікке белсене қатысқан мұғалімдер мен оқушылар түрлі марапаттарға ие болды.

Клара ӘУБӘКІРОВА,
Зеренді аудандық білім бөлімінің әдіскері.
Суретте: тілдер онкүндігінен көрініс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар