Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жерді пайдалануға қатысты түйткілді мәселелерге назар аударылды - АРҚА АЖАРЫ

Жерді пайдалануға қатысты түйткілді мәселелерге назар аударылды

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин кезекті жұмыс сапарымен Егіндікөл және Астрахан
аудандарында болып, бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының егістік алқаптарын аралап көрді, диқандармен жүздесіп, әлеуметтік нысандардың құрылысына назар аударды. Сондай-ақ, аудандардағы бюджет кірісінің орындалуы мен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануға байланысты туындап отырған түйткілді мәселелерге көңіл бөліп, оларды шешудің жолдарын қарастырды.

Күз келсе күн райын бағатын диқан қауым ашық күндердің мүмкіндігін жіті пайдаланып, егін орағын аяқтауға жақындағанымен, әлі де алаңдаулы. Осы алаңкөңіл алқаптағы соңғы айналымның астығы құт қамбаға түспей, жай таппасы анық. Оның үстіне соңғы күндердегі ауық-ауық аспанды бұлт торлап, жаңбырдың әлсін-әлсін жауып, диқанды жауапты науқанды тезірек аяқтауға асықтырғандай. Ауа райы шынында да, қоңыр күздің уақыт тынысын өз қолына алғанын білдіргендей құбыла бастады. Ендеше, ауыл еңбеккерлеріне әр ашық сәтті тиімді пайдаланып, өсірілген ырыздықты шашпай-төкпей жинап алуға бар күшті салмай болмайды. Осы жайды жете түсінген Егіндікөл ауданындағы «АСКОП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандары дала төсіндегі дүбірлі еңбек көрігін қыздырып, жұмысты қарқынды жүргізуде. Аудандарға жұмыс сапарын облыс әкімі осы шаруашылықтың егістік алқаптарын аралаудан бастады.
Серіктестіктің бас директоры Николай Степаненконың айтуынша, диқандар тәулігіне бір мың гектардан астам алқаптың егінін бастыруда. Серіктестіктің бес ауданның аумағында барлығы 90 мың гектардан астам жері бар екен. Барлық егістік алқаптары бойынша гектар берекесі 13,6 центнерден айналуда. Шаруашылық жыл са-
йын 20 мың гектардан астам егістік жерлерді тыңайтып отырады. Оған қоса, арамшөптермен күресу үшін химиялық препараттарды қолданып келеді. Осындай қазіргі заманғы озық технология мен агротехникалық шаралардың арқасында шаруашылық диқандары мол астық жинауды межелеп отыр. Қырдағы қызу қарбалас, серіктестік диқандарының күш-жігері мен жинақталған іс-тәжірибесі және маңдай тері өсірілген ел ризығын шашпай-төкпей жинап алатынына сенім ұялатады. Бұл компанияның құрамына Макинск қаласындағы сыйымдылығы 150 мың тонна элеватор да кіреді. Сонымен қатар, серіктестік мал шаруашылығымен де айналысады.
– Біз егіншілікпен қатар, белсенді түрде мал өсірумен айналысамыз. 700 гектар жайылымдық жеріміз және асыл тұқымды 250 бас ірі қарамыз бар. Жақында Башқұртстаннан 55 бас романов тұқымды қойларын алдырттық. Бұған қоса, шошқа да өсіреміз. Келер жылы ет өңдейтін кәсіпорын ашу жоспарда бар, – дейді Николай Степаненко.
Сонымен қатар, облыс әкімі осы аудандағы «Сарымсақты» және «Урожайное» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің егіс алқаптарын аралап, астық жинау науқанының барысымен танысты. Ал, Егіндікөл ауылында болғанында жаңадан салынып жатқан екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына назар аударды. Бес үйде үш бөлмелі 10 пәтер бар. Оның бірінде көпбалалы отбасы тұрып жатса, қалғандары жатақхана ретінде бөлініп отыр. Аталмыш үйлер алдағы желтоқсан айында толық пайдалануға беріледі.
Бұдан кейін облыс әкімінің сапары Астрахан ауданында жалғасты. «Фермер-2002» серіктестігінің егіс алқаптары мен «Шишов Е.И.» шаруа қожалығының көкөніс қоймасын аралап көрді. Шаруа қожалығының басшысы Евгений Шишовтың айтуынша, биылғы жылы 250 центнер картоп, 600 центнер қызылша, 550-650 сәбіз және 800 центнер қырыққабат жиналыпты. Өнімнің 60 пайызы Астана қаласына, қалған 40 пайызы еліміздің оңтүстік өңірлеріне жөнелтіледі.
Аудан орталығында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Соның бірі 36 пәтерлі тұрғын үй мен дене шынықтыру және спорт кешенінің құрылысын атап өтуге болады. Спорт кешеніне бюджеттен 220 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Аумағы 2000 шаршы метр нысанда спорт алаңы, фитнес орталығы, жаттығу алаңы және бассейн қарастырылған. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, жыл соңында аяқтау жоспарланған. Құрылыс алаңында болған облыс әкімі аудан басшысы мен мердігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды.
Сапар барысында Мәлік Мырзалин Егіндікөл және Астрахан аудандарының активімен кездесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының 9 айдағы қорытындыларын саралап, алдағы міндеттерді белгіледі. Күзгі егін орағын ойдағыдай аяқтау, бюджет кірісінің орындалуы және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері қаралды. Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы баяндағандай, салық төлемеу және субсидияны мақсатсыз пайдаланған жер пайдаланушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалып отыр. Осы орайда, аудан әкімдерінің есептерін тыңдаған облыс басшысы бұл мәселелерді шешу үшін қатаң шара қолданылатынын ескертті.
Аслан ОСПАНОВ
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар