Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Армия генералы студенттермен кездесті - АРҚА АЖАРЫ

Армия генералы студенттермен кездесті

Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі – А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ұжымы Қазақстан Республикасының бұрынғы Қорғаныс министрі, экс-сенатор, Халық Қаһарманы, Армия генералы Мұхтар Алтынбаевпен, сондай-ақ, белгілі қоғам қайраткері Анатолий Башмаковпен кездесу кешін ұйымдастырды.

Аталмыш шара барысында Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауы да жан-жақты талқыланды. Жиынды Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, университет президенті Сағынтай Елубаев сөз сөйлеп, жүргізіп отырды.

– Мемлекет басшысының Жолдауын маңызы ерекше көп салалы міндеттерді алға тартқан тарихи құжат деп есептейміз. Елбасы Жолдауы жыл сайын асыға күтетін саяси оқиға деуге болады. Бүкіл ел болып, жас ұрпақтан егде тартқан қарт адамға дейін Мемлекет басшысының алдағы жылдарға белгілеген тапсырмаларын мұқият тыңдадық. Жаңа Жолдаудан барша қазақстандықтар жағымды жаңалық, ерекше жақсылық күтеді. Осы орайда, Отанымыздың әр азаматы білімді, белсенді, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Студенттер, сіздерге қойылатын жауапкершілік салмақты, бұл орайда, мемлекет тарапынан жағдай да жасалуда. Заман талабына сай білім алып, ел үмітін ақтау басты парыз,–дей келіп, Сағынтай Зекенұлы құрметті қонақтарға университеттің жетістіктерін айта отырып, болашаққа болжамдарын ортаға салды. Университет президенті өз сөзінде білім ордасының материалдық-техникалық базасын үнемі жетілдіруге, профессорлар мен ғылым докторларының санын көбейтуге назар аударылатындығын атап өтті.
Армия генералы, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев әскери кафедра тыңдаушыларына халықаралық жағдай тақырыбында дәріс оқып, дүние жүзіндегі саяси жағдайларға қатысты, жалпы, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің тарихы туралы курсанттарға көп мағлұмат берді.
– Бүгінгі таңда Елбасының арқасында бұл саланың барлық түйткілді мәселелері шешіліп келеді. Бір кезде бір жылдық бюджеті 5-7 миллиард теңге болса, қазіргі таңда жылына 400 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Бұның өзі біздің қорғаныс саласының қаншалықты ауқымды салаға айналғанын байқатса керек. Дегенмен, шешімін тілейтін мәселелер де жоқ емес. Осы тұрғыдан алғанда бірінші үлкен мәселе ол – мамандардың заманға сай болуы, ал екінші мәселе – қару-жарақ. Елбасы айтып отырған «Цифрлық Қазақстан» осы Қарулы Күштерге де тікелей қатысты. Әрине, бізге ғарыштық қару да, ұшқышсыз ұшатын құрылғылар да, автоматтандырылған жүйе де, электрондық қару-жарақ та керек. Бұл бірталай қаражатты да, бірталай маманды да талап ететіні белгілі. Бүгінгі таңда Елбасының арқасында бұл саланың барлық түйткілді мәселелері шешіліп келеді. Мемлекет басшысы әр Жолдауында өскелең ұрпақтың бойында патриоттық тәрбиенің қалыптасуына зор көңіл бөледі. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қорғаныс саласына да қатысты. Себебі, әрбір сарбаз кешегі ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел қорғаған бабалардың ерлігін біліп, көңілге тоқуы керек. Бүгінгі келелі кездесу өтіп жатқан Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті әскери кафедрасының студенттері озық білім нәтижесімен, саналы тәрбиесімен өз қатарластарының алды болып жүргенін көріп, қуанамыз. Өйткені, сіздер болашақ офицерлерсіздер,–деді генерал.
Сонымен қатар, жиын барысында белгілі қоғам қайраткері Анатолий Башмаков сөз сөйлеп, ел бірлігінің басты кепілі мемлекеттің ұлтаралық саясатындағы көрегендік қадамдарда екендігін атап көрсетті.
– Елбасы Н.Назарбаев басқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің жаңашылдық бастамаларымен әлем назарына ілігіп отыр. Ақмола жастары, соның ішінде Көкшетау студенттері игі ұмтылыстарды үнемі қолдап, үлгілі істерімен танылып жүргені мәлім, – деді Анатолий Башмаков. Кездесу соңында студенттер құрметті қонақтарға сұрақтарын қойып, өз ой-пікірлерін де ортаға салды. Бұл кеште бірқатар оқытушылар мен студенттер Армия генералының қолынан Алғыс хаттармен марапатталды. Елбасының Жолдауын жас ұрпақ қолдайтыны, олардың тарапынан келешекке нық қадам басқан мемлекеттің болашағы жарқын боларына сенім зор екендігі осыдан-ақ аңғарылып тұр.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар