Қорғалжын
Аудан активінде Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты ел халқына арнаған
Жолдауы талқыланып, нақты тапсырмалар берілді.
Аудандық мәслихаттың депутаттары, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының, аудандық бөлімдер мен мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың басшылары, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиналысты аудан әкімі Бауыржан Ғайса ашып, жүргізіп отырды. Аудан әкімі өз сөзінде ауданда атқарылатын жұмыс бойынша Жолдаудың негізгі тұсына жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, ол кәсіпкерлік секторы мен агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін өсіру, адам капиталы мен өңірлік инфрақұрылымдарды дамыту, мемлекеттік аппарат тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Актив барысында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Жұмабаев, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Әсемгүл Байтемірова, «Құралай-МК» серіктестігінің басшысы Қазбек Тілеуленов, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Мадияр Ахметжанов, аудандық білім мен дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшылары, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Әсет Даңғылов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Сәуле Нүркенова сөз сөйлеп, биылғы Жолдаудың өз жұмыстарына қалай әсер ететінін, оны жүзеге асыруға дайын екендерін айтып берді.
Жиналыс соңында аудан әкімі Жолдауда Мемлекет басшысы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси дамуының, бұл кезеңде оны жүзеге асыру жолдарының басымдық бағыттарын белгілегенін ерекше атап өтті. Актив қорытындысы бойынша тиісті қызметтерге бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Жақсы
Аудан әкімі Бауыржан Мәлгаждаровтың төрағалық етуімен Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылауға арналған аудан активінің жиналысы болып өтті.
Ауданның идеологиялық активінің жұмысына облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, ауылдық және селолық округтер әкімдері, тәуелсіз ведомстволардың басшылары, құқық қорғау органдары, кәсіпорындар, бизнес өкілдері, білім беру мекемелері, саяси партиялар, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақтар, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Бауыржан Мәлгаждаров Жолдаудың негізгі бағыттарына, маңыздылығы мен рөліне тоқталды. Атап айтқанда, ол бизнестің, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, адам капиталын, өңірлік инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, мемлекеттік аппаратты оңтайландыру және мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Іс-шара барысында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Жақсы бөлімшесінің басшысы В.Куликовская, №2 Жақсы орта мектебі директорының орынбасары О.Оздоев, Тарасов ауылдық округінің әкімі Ж.Тәженов, орталық аудандық аурухананың қызметкері, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы бастауыш партия ұйымының төрағасы Ғ.Бадыров, аудан жастары атынан С.Нұржанов Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жұмысының қам-қарекеті туралы әңгімеледі.
Актив соңында аудан әкімі тиісті мекемелерге Жолдаудың негізгі бағыттарының орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі жөнінде нақты міндеттерді белгіледі.
Ерейментау
Елбасы Жолдауын талқылауға арналған аудан активі жиналысына аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл округтерінің әкімдері, аудандық құрылымдар мен мекемелердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Аудан әкімі Виктор Радченко Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген мәселелер туралы жан-жақты баяндады. Еліміздің болашақ дамуы үшін зор маңызы бар құжатта кәсіпкерлікті өрістету, ауыл шаруашылығын, адам капиталын, білім, денсаулық сақтау саласын дамыту, мемлекеттік аппаратты оңтайландыру сияқты маңызды мәселелер қамтылған. Жолдаудағы халықтың әл-ауқатын арттыруға байланысты ең төменгі еңбекақы көлемін 1,5 есеге көтеру шын мәнінде адамдардың тұрмысын жақсартуға үлкен ықпал етеді деді өңір басшысы. Алдағы жылдың «Жастар жылы» болып белгіленуі қоғамымыздағы негізгі күш болып табылатын жастарға жағдай жасау, олардың жан-жақты дамуына, білім алып, кәсіппен айналысуына, тұрмыстық жағдайын көтеруге игі ықпалын тигізетіні анық.
Жарыссөзге шыққан «Хамзе» шаруа қожалығының жетекшісі Е.Биекенов, Ақсуат орта мектебінің директоры Т.Стекольшикова, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі З.Тасболатова Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер жайында айтты.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауға барша ерейментаулықтардың белсене қатысуы қажеттігін айтып, еліміздің ертеңгі болашағы үшін аса маңызды құжат әрбір ұжымда, елді мекенде талқыланып, халыққа таратылуы керектігін атап өтті.