Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне арналған. Жолдауда болашақта Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына жеткізетін даму стратегиясының басым міндеттері айқындалған.
Қазіргі қоғамдағы ұстаздар мәртебесі туралы жиі айтылады. Ұстаздың қадірі, мұғалімнің мәртебесі туралы Мағжан Жұмабаевтың: «Алты алаштың басы қосылса төрдегі орын мұғалімдікі» деуі тегін болмаса керек. Мемлекет басшысының ел халқына арнаған кезекті Жолдауында өңірлерде ұстаздарға кез келген жұмыс тапсырылатынын, аталған мәселені шешу үшін мұғалім мәртебесін айқындайтын заң дайындауды тапсырды. «Алдағы жылы педагогтардың мәртебесі туралы заң қабылдау қажет. Ол мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге стимул беруі қажет. Оларға түсетін жүктемені азайту керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл мұғалімнің мәртебесін арттыруға, еңбегін бағалауға ықпал тигізеді деп ойлаймын.
Еліміздің әлеуметтік, экономикалық жағынан қарышты дамуы үшін жаңа заманғы ғылым мен техниканың жетістігі, цифрлы технологиялармен бірге жарқын болашаққа бастайтын бағытымыздың бірі халқымыздың бірлігі, жеріміздің тұтастығы және жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесі екендігі анық. Жолдауда белгіленген бiлiм беру саласын дамытудың жаңа мiндеттерiн iске асыру бiлiм беру саласы қызметкерлерi мен ұстаздарға үлкен жауапкершiлiк жүктейдi.
Тарихи Жолдаумен жігерленген облыстағы білім саласының қызметкерлері де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын қолдай отырып, еселі еңбек етіп, еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосуға қашанда әзір.
Жангелді УӘЙІСОВ, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, Зеренді аудандық білім бөлімінің басшысы.