Қазақстан Республикасы Ардагерлер кеңесінің кезекті көшпелі семинар-кеңесі Бурабай баурайында «Елбасы Жолдауы – халықтың әл-ауқатының артуына негіз» тақырыбымен өткізілді.
Ел ұйытқысы, қалың көпшілікті өміршең өнегесімен екшеп, алға жетелеп отырған ардагер қауым бас қосқан жылы жүзді жүздесуді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ашып, жүргізіп отырды. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда ғана Қазақстан халқына жол тартқан «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын өзек етіп, баяндама жасады. Шешен өз сөзінде алдымен алдағы уақытта ең төменгі жалақының мөлшері 1,5 есе өсетіндігіне тоқталды. Ел тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізетін бұл жанашырлықты көпшіліктің қуана қабылдағаны атап айтылды. Алдағы уақытта жарты миллионнан астам адамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп-көрім жақсарып қалатын болады. Оған қоса биылғы Жолдаудың жоғарыда айтылған мәселеге айрықша маңыз беріп отырғандығы жан-жақты баяндалды.
–Халық қалаулысы ретінде ел ішінде жиі боламыз,–деді Бақтықожа Салахатдинұлы,–сол кезде көпшіліктің тарапынан айтылатын жайлардың бәрі дерлік Жолдауда көрініс тауып отыр деп айтсақ, ешбір артықтығы жоқ. Қордаланып қалған мәселелерді тамыршыдай дөп басып отыр. Мәселен, ұстаздардың жайы, олардың өз міндеттерінен тыс қосалқы жұмыстарға жегілетіндігі жиі айтылатын. Ендігі арада ұстаздар мәртебесі туралы заң қабылданса, мұғалімдер өздерінің негізгі міндеттерін мінсіз атқаруға мүмкіндік алады. Жастар жылын жариялаудың астарындағы мән де терең. Тәуелсіз еліміздің болашағы да солар болып табылады. Ендігі арада барлық қоғам болып жастардың білім алуына, тәрбиесіне, жан дүниесіне назар аударылады. Салық мәселесіндегі өзгерістер, серпінді жобаларды қолға алудың нәтижелері арқасында үш жылдың ішінде 22 мың жаңа жұмыс орны ашылатындығы айтылды. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы қол жеткен толайым табыстар да атаусыз қалған жоқ. Тұрғын үй, агроөнеркәсіп саласын автоматтандыру, цифрландыру орайындағы түпкі мақсат түйінделе келе, қоғамдық саладағы ұлы өзгерістер жайы да жеріне жеткізіле түйінделді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан қаншама шаруа жіпке тізгендей етіліп баяндалып, осы ортақ іске бас-көз болған ардагерлер қауымының ауқымды еңбегі де аталып өтті.
Осындай қадау-қадау мәселелермен бірге өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың мінсіз жүзеге асуы, агроөнеркәсіп саласындағы өңдеу мен қайта өңдеу, кооперативтік қозғалыс, шынайы бәсекелестікті дамыту орайындағы жаңаша міндеттің жүйесі де жан-жақты талданып, түсіндірілді.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндап берді. Елбасы Жолдауындағы алға қойылып отырған міндеттер үдесінен шығу жайы да қамтылды.
Мұнан соң сөз алған Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайқұтдінов, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Ескендір Елеусізов пен Кенжебек Укиндер тәуелсіз елдің тұғырын биіктетуге өлшеусіз үлес қосатын Жолдаудан туындаған асқаралы міндеттер жайын көпті көрген қазына қарттардың даналық көзімен шолып, даралық ойымен әспеттеді.
Кеңесте ардагерлер қоғамдық ұйымын қаржыландыру, дәрі-дәрмекпен жеткілікті қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Жиын соңында ел ішінде өздерінің биік парасаттарымен, кісілік келбеттерімен оралымды ортақ іске діңгек болып, кейінгі толқынға темірқазық, нысана іспетті жол сілтеп жүрген бір топ ардагерлерге Алғыс хаттармен қоса естелік сыйлықтар табыс етілді.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.