Қазақстанда 1997 жылдан бері рухани келісім күні аталып келеді. Қоғамдағы рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында осы күні
ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен барлық дін өкілдерінің қатысуымен тағылымды шара өтті.
Бұл шараға Ақмола облысында тіркелген діни ұйымдар мен ұлттық орталықтар жетекшілері, елге танымал зиялы қауым өкілдері және облыстық дін істері басқармасының қызметкерлері қатысты.
Алдымен Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит мешітке келген меймандарға Алла үйінің атқаратын қызметінен хабардар етті. Мүфтияттың төрт бағыты бойынша атқарылып жатқан жағымды істерді әңгімелеп берді. Мешіттің кіре берісіндегі осы заманғы садақа салу терминалынан бас-
тап, қайырымдылық жобалар бойынша жүзеге асып жатқан шаралар тілге тиек етілді.
Меймандар мешіттегі құлшылық орындарын, қызметтік кабинеттерді аралап көріп, өз сауалдарын да қойып жатты. Жаңа мешіттің сұлу көркі кімді болсын таңқалдырары анық. Тіпті, кейбір христиандық бағыттағы діни ұйымдар басшылары мешіттің жылылық пен ізгіліктің сәулесін шашып тұрғанын жасырмай, ағынан жарыла айтты.
Одан әрі осы айтулы күн құрметіне арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстел шарасымен жалғасын тапты. Жиынға төрағалық еткен облыс имамы Қуаныш Сәбит алғашқы сөзді зиялы қауым өкілдеріне ұсынды. Елімізге танымал қаламгер, өткен шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ақмола- «Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жабал Ерғалиев адамзатты толғандырған келелі ойларды ортаға салды. Кеше Астанада өткен әлем діндері көшбасшыларының съезінің маңызды тұстарына тоқталды. Қазіргі жаһанда бір адамның, бір ұлттың емес, адамзаттың мәселесі өзекті екенін баса айтты. Бұл дін адамдарын да ойландыратынын атап көрсете келе, бір үстелдің басында ынтымақпен ой бөлісу асыл құндылық екеніне назар аударды.
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев Қазақ елінің өзіндік ерекшелігінің астарына үңілді. Тіліміз, дініміз, ұлтымыз өзгелеу болғанымен, ұстанымымыз ортақ, тілегіміз бір деді. Бұл құндылықтар баршамызды еңселі өркениет биіктеріне жетелейтінін тілге тиек етті.
Көкшетау қаласындағы христиан шіркеуінің протоиерейі Константин Копнин өз сөзінде Қазақстан қашанда ынтымақ пен бірліктің алтын арқау ошағы, рухани арналардың біте қайнасқан киелі мекені екенін әсерлі жеткізсе, «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық орталығының жетекшісі Герихан Яндиев жақсы мен жамандықтың арпалысқан шағында ізгілікті ұстану арқылы арайлы күннің шуақ шашатынын айта келе, Қазақ еліндегі жағымды істерді көбірек ауызға алды.
Поляк, әзербайжан және тағы басқа ұлттық орталықтардың басшылары да қоғамымыздағы рухани құндылықтардың терең тамыр жайғаны жақсылықтың нышаны екенін айтты. Ал, жиынды қорытындылаған Ақмола облыстық дін істері басқармасының басшысы Болат Қасенов барша қауымды айтулы мерекемен құттықтай келе, Елбасының сындарлы саясатын, жуырдағы Жолдауының маңызын да еске салып өтті. Бір топ әртүрлі діни ұйымдар басшыларына өзінің Алғыс хатын салтанатты жағдайда табыс етті. Шара мешіт асханасында жазылған дастархан басындағы емен-жарқын әңгімеге ұласты.
Бақыт СМАҒҰЛ.