7 мамыр – Отан қорғаушы күні
Көкшетауда 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 33 жыл толуына арналған мерекелік шарада Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етіп келе жатқан әскерилерге түрлі марапаттар тапсырды.
«Көкшетау» мәдениет сарайының алдында өткен әскери парадқа 99265 әскери бөлімінің жеке құрамы, сондай-ақ, полиция және төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясы мен Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің әскери кафедрасының курсанттары және жоғары техникалық мектептің әскери-патриоттық клубының мүшелері қатысты.
Орталық алаңда және өңірдің бірқатар елді мекендерінде Елордада өткен еліміздің бас әскери парадының тікелей трансляциясы көрсетілді.
Әскери қызметшілерге арналған құттықтау сөзінде Марат Ахметжанов жиналғандарды мерекемен құттықтап, әр Отан қорғаушысы еңбегінің ел тыныштығы үшін маңызды екеніне айрықша тоқталды. Қызмет барысында ерекше көзге түскен әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
–Отан қорғаушылар күні ерлік пен батылдықтың, Отаншылдықтың нышаны. Ел тәуелсіздігін күзетіп, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет етіп жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз. Ақмола облысында әскери қызметшілер мен ардагерлерді қолдауға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді. Батырларды қадірлеу баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді өңір басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
Осы мерекелік жиында жиырмадан астам азаматтың еңбегі еленді. Марапатталғандардың қатарында Степногорск қаласындағы «Мақсат» колледжінің студенті Иван Мизин де бар. Оның сәуір айында өртке оранған бос ғимараттан екі баланы аман алып шыққан ерлігін көпшілік қауым ұмыта қойған жоқ. Осы батыл әрекеті үшін дәл мереке күні облыс әкімінің Алғыс хатына және естелік сыйлығына ие болды.
–Менің орнымда кез келген адам солай істер еді деп ойлаймын. Сол сәтте қорқуға уақыт болмады, басты ойым балаларды аман алып қалу еді. Бір-бірімізге көмектесу әр азаматтың парызы деп білемін. Облыс әкімінің алғысын алу мен үшін үлкен мәртебе болды,–деді Иван Мизин журналистерге берген сұхбаты кезінде.
Сондай-ақ, марапатталғандар қатарында Көкшетау қаласы қорғаныс істері басқармасы бастығының орынбасары, жұмылдыру бөлімінің бастығы Райымбек Бәйкенов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті жедел бөлімінің бастығы Жанат Баржақсынов та бар. Олардың бірі қазіргі уақытта әскерилер арасындағы тәрбие жұмысы мен әскери-патриоттық бағыттағы іс-шараларды белсенді ұйымдастырса, екіншісі экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бағытында абыройлы еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, салтанатты шарада өрт сөндіру және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде кәсіби біліктілік пен батылдық танытқан төтенше жағдайлар департаментінің 8 қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы практикалық оқыту бөлімінің бастығы Руслан Тоқышов Бұланды ауданының аумағындағы су тасқынын жоюға белсенді қатысты. Ал, Бурабай ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлім командирі Дәулет Сұлтанбеков болса, 2025 жылы 2 қаңтарда Зеленый бор кентінде техника мен жеке құрамның үйлесімді жұмысын қамтамасыз ете отырып, ірі өртті сөндіру кезінде батылдық көрсетті.
Мерекелік бағдарлама «Ерлік – елге мұра» атты патриоттық рухты паш ететін театрландырылған концертпен қорытындыланды. Сонымен қатар, бұл күні облыстың барлық ауданында мерекелік шаралар өтті. Көкшетау қаласында жеңіл атлетикадан Отан қорғаушы күніне арналған эстафета ұйымдастырылып, оған мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын ұжымдары белсене қатысты.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

