Аға ұрпақтың майдан мен тылдағы ерлігі мәңгі жасайды!

Көкшетауда Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада  Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Мәңгілік алау» мемориалына тағзым ете келген қалың жұртшылық алдында сөз сөйлеп, Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан ақмолалық майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне осы сұрапыл жылдардағы ерен ерлігі мен еңбегі үшін алғыс білдіріп, халқымызға бейбіт өмір, бақытты болашақ тіледі.  

«Мәңгілік алау» мемориалына бұл күні ақмолалық соғыс ардагерлерінің ұрпақтары мен қала халқы өте көп жиналды. Бірақ, бір өкініштісі, араларында бұрынғы бала кезіміздегідей орден, медальдарын тағып келетін майдангерлер жоқ, тыл ардагерлері ғана болды. Еске сала кетсек, бүгінде облыс аумағында Ұлы Отан соғысының үш ардагері ғана тұрып жатыр. Олар Нұрқасым Әжітаев, Иосиф Комин, Арсений Шудляк. Облыс басшысы Жеңіс күні қарсаңында бұл ардагерлеріміздің үйлеріне арнайы барып, Ел Президенті атынан негізгі құттықтауын жеткізіп, әрқайсысына мерекелік медаль мен 5 миллион теңгенің сертификатын тапсырған болатын.

«Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтары қойылып, ескерткіштің етегін өңір басшысы, мемлекеттік органдар, кәсіпорын-ұйымдар, мекемелер, жиналған халықтан қойылған гүл шоқтары жауып кетті. Майданда қаза тапқан боздақтар бір минуттық үнсіздікпен еске алынған соң, Марат Ахметжанов жиналған қауым алдында сөз сөйледі.

–Адамзат тарихындағы ең бір сұрапыл соғысты тоқтатқан қаһармандардың, майданда қаза тапқан батырлардың, хабарсыз кеткен боздақтардың рухына тағзым етіп, есімдерін еске алып, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақ парызы. Осы күні біз Отанның тыныштығы үшін жан берісіп күрескен ардагерлерге, елді күйзелістен осы шуақты күндерге жеткізген тыл еңбеккерлеріне бас иеміз. Сол аға буынның Отан үшін тылда көрген бейнеті, барлық адамзат игілігі үшін майданда жасаған ерен ерліктері, жауынгерлік айбыны бүкіл елге әйгілі. Бұл соғысқа Ақмола облысынан 90 мыңнан астам адам аттанса, олардың 574-і әйелдер еді. Соғыс шебіне кеткен сол азаматтардың 37 мыңнан астамы ғана елге аман оралды, –дей келе, өңір басшысы Ақмола облысының аумағынан шыққан батыр бабалардың ерлігіне ерекше тоқталды.

Тарихқа көз жүгіртсек, ақмолалықтар Мәскеу түбіндегі,  Сталинград пен Курск доғасындағы қанды ұрыстарда ерлікпен шайқасты. 106-шы атты әскер дивизиясы Ақмолада құрылды, бұл дивизияның жауынгерлері мен командирлерінің есімдерін бүгінде тарихшылар одан әрі анықтай түсуде.  Олар 1942 жылдың көктемінде Харьков маңында ерлікпен қаза тапты.

Ақмоладан 66 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды және «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Олардың қатарында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа жеңіс туын тіккен, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев бар. Сонымен қатар, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының Батыры, жазушы, ғалым, академик Мәлік Ғабдуллиндердің де ерліктері ұрпақ жадында. Сондай-ақ, Ақан Құрманов, Виктор Шишлянников, Сергей Юдин, Михаил Янко, Әлмұхан Сембинов, Полина Осипенко, Николай Ястребинский, Николай Сергиенко, Иван Скуридин сынды батырлар да тарих беттерінде мәңгі сақталады.

Бұдан әрі Марат Ахметжанов екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың бюсті мен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Бұл күні Көкшетау қаласының орталығындағы Абылай хан мен Тәуелсіздік алаңдарында мерекелік шаралар кеңінен ұйымдастырылды. Өңір басшысы балалар көркемсурет мектебінің оқушылары Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай салған орталық саябақтағы суреттер көрмесін тамашалап, жас буынға шығармашылық табыс тіледі.

Сонымен бірге, бұл күні қала тұрғындары «Ерліктің ерен үлгісі» атты театрландырылған қойылымды тамашалап, еліміздің эстрада жұлдыздары – «МузАрт» тобымен қосыла ән шырқап, қаладағы шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен мерекелік концерттерді көрді.

Кешкісін Абылай хан алаңында 200-ден астам жұптың қатысуымен «Жеңіс вальсі» орындалып, әсерлі кеш «Достар», «Көкше» мәдениет үйлерінің шығармашылық ұжымдары мен Ақмола облыстық полиция департаментінің вокалдық тобының концерттеріне ұласты. Бұл ұжымдар соғыс жылдарындағы естен кетпес ескі әндерді, қазіргі эстрадалық әсем әндерді шырқап, қала халқына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы осылай облыс орталығы Көкшетау қаласы мен барлық аудандар мен қалаларда аға ұрпақ ерлігіне асқан құрметпен зор өрлеу үстінде аталып өтті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 суреттер: www.gov.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар