Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дауды тыюдың амалы – сотқа дейінгі татуласу - АРҚА АЖАРЫ

Дауды тыюдың амалы – сотқа дейінгі татуласу

Көкшетау қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты мен «Бірлесе даму» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қорының

бірлескен жобасы аясында дау-дамайды сотқа дейін шешу мәселесіне арналған облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесуді ашқан «Бірлесе даму» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қорының президенті Нұргүл Қарағойшина татуласу институтын енгізудің қазіргі қоғам үшін қаншалықты маңызды екендігіне тоқтала келе, «Жыл басынан бері елімізде 3 миллионнан астам адамнан сотқа арыз түскен екен, әр істе екі тарап болатынын ескерсек, 6 миллион адам соттасып жүр» деді. Басқаны былай қойғанда, ағайын-туыстардың арасы айырылып, ерлі-зайыптылардың, туған-туыстардың бір-бірімен соттасатын жайлары көбеюде. Осы орайда, Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов сотқа дейінгі татуласу институтының рөлін күшейтіп, бұған қарапайым халықты кеңінен тарту міндетін алға қойған еді. «Бірлесе даму» қорымен бірлескен жергілікті зиялы қауыммен осы мәселені талқылауға арналған кездесулер еліміздің 9 өңірінде өткен екен. Ендігі кезек Ақмола облысына келіп отыр.
Жоғарғы сот төрағасының көмекшісі Сағатбек Сүлеймен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар мен болашақта ойға алған жоспарлар жайында баяндап берді. Оның айтуынша, 2013 жылдан 2017 жылға дейін сотқа арызданушылар қатары екі есеге өскен. 2013 жылы 1,4 миллион адам сотқа шағымданса, өткен жылы олардың саны 2,7 миллионға жетіпті. Осылайша, еліміздегі әрбір 4-ші адам сот жағалап, соттасып жүр. Ал, сотта қаралатын істердің басым көпшілігі отбасы арасындағы дау-дамайларды құрайды. Негізінен ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу, алимент өндіруге қатысты істер көп. Қазіргі күні елімізде әрбір 3-ші отбасының арасындағы неке бұзылуда. Осылайша болмашы істерге бола сотқа арызданып, соттасатындар қатары жыл санап өсе түсуде. Сотты адамдар өш алу құралына айналдырып, қит етсе сотқа шағымданатындар шықты.
– Дамыған елдердегі ұсақ-түйек дау-дамайлардың 80-90 пайызы сотқа дейін өзара бітімгершілікпен шешіледі. Бізде 2011 жылы қолданысқа енгізілген медиация институты әлі күнге дейін толыққанды жұмыс жасай алмай келеді. Биылғы жылдың басынан бергі өткен уақытта сотқа дейінгі татуласу тәртібімен барлық істердің 5,6 пайызы ғана шешіліпті, – деді Сағатбек Сүлеймен.
Осы орайда, ол Грузиядағы сияқты біздің елімізде медиаторларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландырып, олардың халыққа тегін қызмет көрсетуін енгізу қажеттігін ұсынды. Бұндай бастамалар қазір Қызылорда облысының бірқатар аудандарында енгізіліп, жұмыс істеп жатыр екен.
Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Елбасы алға қойған әлемнің озық 30 елінің санатына қосылып, замана көшімен алға жылжу үшін ұлттық құндылықтарымызды сақтап, уақыт талабына сай жаңғыртып пайдалануымыз қажет деді. Осы орайда, бүгінгі сот билігінің қазақтың билер институтынан алар үлгісі аз емес. Қазақ билері шешендігімен, әділдігімен қара қылды қақ жарғандай екі тараптың да көңілінен шығатын билік айтқан. Қазіргі медиация институты қазақ билерінің осы дәстүрін жалғастырса, күн өткен сайын көбейіп бара жатқан дау-дамай азайып, еліміздің басты байлығы болып отырған тұрақтылығымыздың нығаюына игі ықпалын тигізер еді. «Бабаларымыздың «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген аталы сөзін басшылыққа алып, түймедей дауларды түйедей етіп өрбітпей, тараптарды бір мәмілеге келтіру бағытындағы жұмыстарды өрістету қажет» дей келе, Ақмола облысында соңғы жылдарда сотқа дейінгі татуласу рәсімімен шешілген істер қатары көбейіп келе жатқанын, бұның бәрі сот тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстарының жемісі екендігін атап өтті облыстық соттың төрағасы. Биылғы жылдың басынан бері облыстық соттың ұйымдастыруымен 1223 түрлі шаралар өткізілген екен.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл Ассамблея жанынан құрылған қоғамдық кеңес медиация кабинетін ашып, өткен жылы онда 166 арыз қаралып, азаматтарды сотқа дейін татулас-
тыру мәселесі шешілгендігін айтты. Медиацияның кең енгізілмей отырғаны халық арасында насихат, түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен деді және ақпарат құралдарын осы іске кеңінен қатыстыру қажет деген ұсынысын айтты.
Қоғам қайраткері, жазушы-драматург, «Ақмола- «Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев сотқа арызданудың көбеюіне ең алдымен ұлттық тіліміз бен дәстүрімізді ұмытудың тигізіп отырған әсері зор екендігіне назар аударды. «Қазақ тіл қадірін түсінген, сөзге тоқтаған, үлкенді сыйлаған халық. Қазір тілді ұмыту арқылы сол атадан қалған асыл қасиеттерімізден айырылып бара жатқандаймыз» дей келе, кездесу барысында көтеріліп отырған билер кеңесін жаңғырту үшін ең алдымен тілімізді қалпына келтіру қажеттігін атап өтті. «Қазақтың ескілігінде естілік бар. Татулық пен бірлік туралы Мөңке би, Абай, Шәкәрім айтпады ма. Жоғалып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртқанда ғана отбасының бұзылуы, ағайындар арасының ашылуы түрінде өршіп бара жатқан даулардың алдын аламыз» деп атап өтті.
«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл 2011 жылы енгізілген медиацияға адамдардың әлі дайын еместігін, оны жұрттың көбі дұрыс түсінбейтіндігін айтып, сотқа дейінгі татуласу мәселесін шешуге құзыреті бар мемлекеттік органдардың өздері өз міндеттерін дұрыс орындай қоймайтынына көңіл аударды. Мәселен, Еңбек кодексінде еңбек дауларына орай келісу комиссиясын құру жайы айтылған. Еңбек инс-
пекциясына арызданып барған азаматтардың мәселесін олар осындай комиссия құру арқылы сотқа жеткізбей-ақ шешулеріне болады. Бірақ, құзырлы орган өз өкілеттігін дұрыс пайдаланбайды. Содан ештеңе шықпағасын адамдар сотқа шағымдануға мәжбүр.
Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова бюджеттен қаржыландырылатын билер кеңесін құру сияқты мәселені жергілікті жерде шешуге болатынын, бірақ оның жақсы-жаман жақтарын алдын ала зерттеп, анықтап алу керектігін атап өтті. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова жақсы дәрігер ауруды емдеп жазатын емес, аурудың алдын алатын маман дей келе, дау-дамайды шешкенше, оның алдын алу тиімді болатынына назар аударды. Осы орайда, ұлттық тәлім-тәрбиенің бастауы болатын отбасы жайына жете көңіл бөлінсе, отбасы құндылықтары насихатталса дегенді айтты. Жеке кәсіпкер Кәмила Нұржанова сот арқылы мүлікті бөлуге қатысты іс жөнінде шағымданып, бес ай бойы жүргенін, қанша уақыты мен ақшасы кеткенін, сот шешімі шыққан соң оған келіспей жоғары сатыға арызданғанын, осы қиын істі медиация небары 20 минутта шешіп, екі тарап бітімге келгенін айтып, сотқа дейінгі дауларды шешу институтының тиімділігін тілге тиек етті.
Кездесуді қорытындылаған «Бірлесе даму» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қорының президенті Нұргүл Қарағойшина дауларды сотқа жеткізбей шешуге қатысты ой-пікірлеріңізді жазбаша жазып беріңіздер, болашақта осы бағыттағы жұмыс бағдарымызға пайдаланатын боламыз деген ұсынысын білдірді. Жоғарғы сот мұрындық болып, қолға алынған бұл бастама ел ішінде қолдау тауып, ауылдардан ақсақалдар алқасы сияқты қоғамдық негіздегі ұйымдар құрылып, ұсақ-түйек дауларды сотқа жеткізбей шешіп жатса, белең алған дау-дамайлар азайып, соттың өзінің тікелей міндетімен айналысуына мүмкіндік туар еді. Ең бас-
тысы, сең қозғалып, бүгінде өзекті мәселеге айналған дау-дамайды шешуге халық өкілдерін тартуға қадам жасалды, ал, оның нәтижелі болуы жергілікті атқарушы билік пен қарапайым жұртшылықтың белсенді қолдауына байланысты болмақ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар