Ақтау үкімдерінің мәні мен маңызы

Ақтау шешімдері деген не және бұндай шешімді судья қандай жағдайда шығарады? Бұл сауал көп адамдарды, әсіресе, сот орындығында отырған сотталушыны қызықтыратыны анық.

Ақтау үкімі – бұл судьяның сот материалдарын жан-жақты оқып, талдаудан кейін жауапкер азаматтың кінәсін анықтайтын нақты айғақтардың жетімсіздігі себепті шығаратын үкімі. Ал, үкім дегеніміздің өзі судьяның сол іске қатысты соңғы және нақты шығарылған шешімі. Сот барысында жауапкер азамат жасаған заңсыз әрекеті үшін заң шеңберінде жазаға тартылады, болмаса жазықсыздығы анықталған жағдайда ақталып, барлық құқықтары қалпына келтіріледі.
Ақтау шешімдерін шығару іс жүзінде өте аз кездеседі. Әсіресе, сотқа жеткізілген қылмыстық істерде ол жауапкердің жазықты ретінде жазаға тартылу үкімімен аяқталып жатады.
Мәселен, статистикалық деректерге сай, Ақмола облысының соттары 2018 жылдың 8 айы ішінде 49 ақтау шешімін шығарса, оның 34-іне қатысты жеке басын айыптауға қатысты ақтау болып табылады. Бұл барлық қаралған істерге шаққанда 4,6 пайызды құрайды. 2017 жылдың 12 айы ішінде 52 адам ақталып, барлық істің 2,9 пайызы көлемінде болған еді.
Жеке басына қатысты айыптау деген – бұл жәбір көрушінің басқа тұлғаны айыптау негізіндегі шағымы бойынша қаралатын іс. Яғни, бұндай істерде әдетте жеке тұлға немесе заңды тұлға түріндегі талапкер жақ айыпталушының кінәсін көрсететін айғақтарды өздері табуы тиіс болады. Бұндай жағдайлар көбіне екіжақтың өзара келісімімен аяқталады.
Биылғы жылдың алғашқы сегіз айы ішінде жария түрдегі айыптауға қатысты 9 азаматқа қатысты ақтау үкімі шығарылды. Бұл – барлық қаралған істердің 1 пайызы мөлшерінде. Қаралған істердің қатарында ұрлық, алаяқтық, есірткі заттарын заңсыз сақтау, жалған куәлік беру сияқты қылмыстар бар.
Ақтау үкімдерінің мәні мен маңызына келсек, оған қылмыстық заңнамалардағы айыптауға арналған заңдағы жайлар себеп болады. Атап айтқанда: 1) қылмыстан зардап шеккен жеке немесе заңды тұлғалардың құқығы мен мүддесін қорғауға, 2) жеке тұлғаны негізсіз айыптаудан, жауапқа тартудан, оның бостандығын шектеуден, ал, кейбір жағдайларда заңсыз жазаға тартулардан қорғауға байланысты. Бұндай жағдайларда ҚР Қылмыстық кодексінің 8 бабына сай, толық ақталуға дейін шешім шығарылады. Осы нормаға сай, қылмыстық қудалау және жазаға тартудан азаматты босату, қуғындауды тоқтату, толық ақтау түріндегі заң шеңберіндегі шара қолданылады. Яғни, заңсыз қуғындалған немесе жазаға тартылған адам толық ақталады.
Жоғарыда айтылғандай, ақтау үкімдерін шығарудың мәні мен маңыздылығы сонда, оның іс жүзінде сот қызметінің негізі болып табылатын айыпкерді заң шеңберінде қылмыстық жазаға тарту міндетін орындаудан еш айырмасы жоқ. Өйткені, сот өндірісінің рөлі мынада, жауапкерге қатысты айыптаушы немесе қорғаушы тараптардың пікірлерін таразылай отырып, әділ де заңды шешім шығару.
Сот шығарған ақтау үкімі тергеушінің қаулысынан өзгешелігі сонда, ол сот төрелігінің актісі болып саналады. Бұл мынаны білдіреді: айыпталушыға қатысты ақтау үкімін судья мемлекет атынан шығарады және ол екі тараптың еркіндігі негізіндегі ашық сот мәжілісі қорытындысына сай жүзеге асырылады.
Ақтау үкімдерін шығару ережелері ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінде негізделген. Ақтау үкімін шығаруға негіз болатын жайлар мыналар: құқық бұзушылық оқиғасына қатысты айғақтың жоқтығы; қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғаның әрекетінде құқық бұзушылықтың болмауы; сотталушыға қатысты алқабилердің ақтау шешімін шығаруы. Осы аталған шарттарға сай ақтау үкімінің шығарылуы, сол азаматты жауапкершіліктен босатып қана қоймай, сонымен бірге, оны толық ақтауды және құқықтарын қалпына келтіруді де білдіреді.
Жоғарыда аталған ақтауға байланысты шарттардың алғашқысында азаматқа қатысты қылмыстық іс оның әрекетінде заң бұзушылық бар деген себеппен ашылады, бірақ сот барысында бұл айыптың негізсіз екендігі анықталады да, осыған сай ол жауапкершіліктен босатылады.
Ақмола облысының соттарының тарихында мұндай шартқа байланысты ақтау шешімі шығарылмаған, десе де бұл жағдай теория жүзінде былайша көрініс береді деп айтуға болады.
Мәселен, көшеде есінен танып жатқан адам табылады, оның денесінде жарақаттар бар. Осыған орай, қылмыстық іздестіру органдары іс ашып, осы оқиғаға қатысы бар деген себеппен бір азаматты жауапкершілікке тартады. Осылайша ол іс сотқа жіберіледі. Осы уақыт ішінде жәбірленуші есінен танып кома жағдайында жатқан, тек сот мәжілісі басталған кезде есін жинайды. Осыдан кейін ол сотта өзіне көшеде сынған ағаш бұтағының құлап, содан жарақат алғанын айтады. Яғни, айыпкер деп танылған азаматтың бұған еш қатысы жоқтығы белгілі болады. Бұндай жағдайда айыпталушы жәбірленушіге қатысты қылмыстық әрекеттің жоқтығы себепті ақталады.
Сотталушыға қатысты оның әрекетінде құқық бұзушылық жоқ деген себеппен ақтау үкімі мынадай жағдайда шығарылады: ол қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа толмаған немесе ақыл-есі бүтін еместігі анықталған. Сондай-ақ, ол азаматтың әрекеті қоғамдық қатынасқа кері әсерін тигізбеген болса, онда бұндай тұлғаға қатысты қылмыстық жауапкершілік заң арқылы анықталмаған. Бұндай шарт бойынша ақтау оның әрекетінде құқық бұзушылық болғанын дәлелдеу мүмкін болмаған жағдайда жүзеге асады.
Сот тәжірибесінде ақтау үкімдері көбінесе әрекет еткен тұлғаның құқық бұзушылығын дәлелдейтін айғақтардың жетімсіздігіне орай шығарылып жатады.
Мәселен, Астрахан аудандық сотының шешімімен И. және С. деген азаматтарға қатысты айыптау үкімі шығарылған. Бұл екеуі үй қожайыны Ш.-мен болған жанжалда оған дене жарақатын салды деп айыпталған. И. үй қожайынын итеріп жібергенде ол еденге құлайды, ал орындықта отырған С. оны балдағымен бірнеше рет соғып жібереді. Осы соққыдан үй иесі жантәсілім еткен.
Бірінші қатардағы сот бұл істі жан-жақты тексере келе, мынадай тұжырым жасайды: жоғарыда айтылған оқиға айыптау туралы асығыс шешім шығаруға негіз бола алмайды. Осыған орай, бұл екі азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-тармағында қарастырылған адамның денсаулығына залал келтіру арқылы кездейсоқ қазаға ұшырату деген айыппен айыпталуға жатпайды деп тауып, ақтау үкімін шығарды.
Өйткені, сот барысында айыпталушылар бұндай әрекетті жасамағандығын және Ш.-ның үйінде болмағандығын айтты. Ал, олардың қылмыс жасағанын дәлелдейтін нақты айғақтар жоқ болып шықты. Барлық айыптау Ж. деген куәгердің айтуы бойынша жасалған. Оның айтуынша, бәрі жиналып арақ ішкен, үстел басында ұрыс шығып, И. үй иесін итеріп жібереді, ал С. оны балдағымен әлденеше рет соғып өтеді. Дегенмен, сот медициналық сараптау қорытындысы бұндай айыптаудың негізсіз екенін көрсетеді.
Сот медициналық сараптамасы көрсеткендей, жәбірленушінің денесінен жиырмаға тарта жарақат табылған. Бұл куәгер айтқандай оны орындықтан итеріп құлатып, балдақпен кеуде тұсынан бірнеше рет ұрғаннан болмайды және өлімге соқтырған жарақат кеуде тұсынан емес, кеудесінің бүйір жағындағы төменгі бөлігінде болып шықты.
Сонымен бірге, оқиға орнынан жүргізілген тексеруге сай жасалған хаттамада куәгер Ж. айтқан адамдардың ешқайсысының қолтаңбасы табылмаған. Оған қоса, оқиға орнынан алынған үшінші адамға қатысты киім, темекі қалдығы сияқты заттар да айыпкерлердікі еместігі анықталды. Осы жағдайлардың бәрі соттың айыптау орындығында отырған екі тұлғаға қатысты ақтау шешімін шығаруына негіз болды. Ақтау шешімі одан кейін қаралған апелляциялық және қадағалау алқаларында да еш өзгеріссіз қалдырылды.
Ақтау шешімінің үшінші шарты – алқабилердің ақтау үкімін шығаруы. Бұл жағдайда айыпкердің тағдырын 1 кәсіби және 10 кәсіби емес судьялар шығаратын болады. Кәсіби емес судьялар, яғни алқабилер сотқа тек Қылмыстық процессуалдық кодексі шарттарында қарастырылған жағдайларға байланысты ғана жіберіледі. Заң бойынша алқабилер сотқа тек заңнамада тізімі нақтыланған аса ауыр қылмыстық істерге ғана қатыса алады. Сотқа алқабилердің қатысу-қатыспауын айыпталушы өз қалауымен шешеді.
Сот мәжілісі барысында алқабилер екі тарапты жақсылап тыңдап, ой сарабына салады. Осыдан кейін олар кәсіби судьямен бірге ақылдасу бөлмесіне кіріп, жасырын дауыс беру жолымен шешім шығарады. Онда үш сауал қойылады, атап айтқанда: осы іске қатысты айғақ дәлелді ме, осы істі айыпталушы жасағаны дәлелденген бе және осы қылмысқа айыпталушы айыпты ма деген сауалдар қойылып, жауап алынады. Алқабилер осы сауалдардың бәріне жоқ деп жауап берсе, онда айыпталушыға қатысты ақталу үкімі шығарылады.
Қылмыстық істер жөніндегі Ақмола облыстық сотымен биылғы жылдың 28 шілдесінде Д. деген азаматқа қатысты қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен өтіп, онда айыпкер қылмысқа айыпты деп саналып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Осы іске қатысты Ә. және Ч. деген тұлғалар да айыпты деп танылып, екі жылға бас бостандықтарынан айырылды. Ал, И. деген азамат сот шешімімен ақталды. Алқабилер И. қылмыстық оқиғаға қатысты айыпты емес деп тапты. Осыған орай, ол жауапкершіліктен босатылды.
Жоғарыда айтылған жайлардан біз мемлекеттің азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылып, жазықсыз сотталуына жол бермейтіндігін, әділеттіліктің салтанат құруын қамтамасыз ететіндігін бағамдаймыз. Яғни, ақтау үкімдерінің астарында адам тағдыры жатады. Ақтау үкімі негізсіз сот шешімін шығаруға жол берілмейтіндігін дәлелдейтін санкция түрінде көрініс береді. Бұл – құқықтың бұзылуына тосқауыл қоятын, әділдіктің үстемдігін қамтамасыз ететін санкция.

Раджаб ДАМИНОВ,
Ақмола облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар