Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Ішкіш етті, амал не, мынау жалған!..» - АРҚА АЖАРЫ

«Ішкіш етті, амал не, мынау жалған!..»

Екеуіміз де әдебиетті шексіз сүйетінбіз. Кездесе қалсақ, жарыса өлең оқитын әдетіміз бар-ды. Мен Фаризаның, ол Ақұштаптың өлеңдерін сүйіп оқитын. Соңғы кездері қым-қуат тірліктің, беймаза күндердің құрсауынан шыға алмай мазасыз күйдемін мен де. Сондай да жанымды сөзсіз ұғатын сол құрбымды іздеймін. Сағынғаным соншалық, бүгін қолыма Ақұштап апамның кітабын алып оқып отырмын.

Көз алдымда мойылдай көзі мөлдіреп, бар ынта-шынтасымен, жан жүрегімен беріле жыр оқып отырған Қарагөз көлбеңдей берді. Ұшы-қиыры жоқ, шешімі табылмай сананы сан ойға сансыратып, мәнсіз мәселеге толы мазасыз, мағынасыз, бірінен-бірі аумай қалған күндерден жүрегімді аулақ сақтап, оны жырға толтырып қойғым-ақ келеді. Апаның өлеңдерін дауыстап қатты оқыдым. Жыр менің жаныма рух беріп, көңілімді тазартып отырғандай. Ғұмыры келте қым-қуат тірліктің жетегінен жырақ қылған, болашаққа түк пайдасы жоқ, көбік сөзден жаныңды тазартатын тылсым сырға толы жырдың қуаты, құдіреті шексіз-ау, шіркін.
Үйден шыққаным сол еді, анадайда менің Қарагөзімнен аумай қалған қазақ қызы кетіп барады. Оның да шашы ұзын. Әдетте беліне дейін төгіліп тұратын қолаңшашты Қарагөзден мына қыздың айырмашылығы шашы әлем-тапырық, ұйпа-тұйпа, ұқыпсыз жиналған екен. Жүрісі де ұқсамайды. Ал, дене бітімі, сырт келбеті аумай қалған. «Қарагө-ө-өз» деп есімін атап шақырдым. Ол жалт қарады. Бұрынғы менің Қарагөзім! Алаулаған қуанышымды жасыра алмай, жанына жүгіріп барғаным сол еді, көңілім су сепкендей басылды. Қоңырсық, сасық арақтың иісі мүңкіп қоя берді…
«Қарагөз, мұның не?», дедім де оны қапсыра құшақтап, жылап жібердім. «Қойшы, онсыз да басым сынып тұр, бірдеңе алатын тиын-тебенің бар ма?». Дауысы да өктем. Көзім шарасынан шығып кетердей, ештеңені түсіне алмай, бір орнымда мелшиіп тұрып қалдым. «Бұл мен білетін Қарагөз емес! Қалай болды, неге осындай күйде? Білуім керек, көмектесуім керек». Ойыма келгені осы ғана болды.
Заманында олар да бақытты, бақуатты жандардың бірі еді. Құдай қосқан қосағы Абылмен ақар-шақар үй болып, алтын асықтай қос перзент сүйді. Белді мекеменің білікті маманы да болатын. Қалың қаланың өзінде бірнеше сауда үйінің қожайыны да осылар еді. Тәкаппарлық танытқанды ұната қоймайтын тағдыр тарпаң мінез танытады емес пе. Ажал деген адамды бұлтартпай бұғаулайтын тылсым күшке ие. «Менмін» дегендердің талайын тәубасына келтірген қу дүние Қарагөзді де көз танымас етіпті. Абыл жол апатынан қайтыс болып, зар илеп қалған келіншек жетіп келген жетімдіктің құрсауынан қос баласын құтқаруға қауқар таппады. Жігері жасып, еңсесі езіле берді. Сүйеу болған сүйген жарынан айырылу оңайға соқпады оған. Мұндайда бек қайрат керек. Біреуді қайғы қайраттандыра түссе, біреудің жігерін құм қылады екен. Жанымда отырып, жан сырымен бөліскен Қарагөзге қарап ойыма еріксіз ақиық ақын Ақұштап Бақтыгереева апаның өлеңі орала берді.
«…Жанарында тамшы боп тұнады арман,
Ішкіш етті, амал не, мына жалған.
Бір кезде ол аяулы қос ғашықтың
Тұңғышы еді-ау тәңірден сұрап алған…»
– Сен мені сөгесің ғой, иә? Мені өзгерткен өмір! Қайда, айтшы, мен жалғыз қалғанда туған-туыс, дос-жаран, бәрі қайда, сен қайда болдың, айтшы? Бәрі өтірік аяған болады. Бір жағынан демесе, қолдаса бәрің қайдасың?!
Мен үнсіз тыңдап отырмын. Ақталып, сөз қосудың өзі ретсіз. – Бар уайым-қайғымды, сағынышымды аздап ащы сумен ұмытуға тырыстым. Содан жұбаныш тапқандай болдым. Бар ауыр жүк бір өзіңе түскен соң, күйбең өмір тіршілігі сарсаңға салып, тағдырдың тосын тосқауылдарынан сүрініп кеттім осылай. Сөйтіп, жүргенде жұмысымнан да айырылдым. Қайғысына қайғы қосылып, күнде арақ ішуді әдетке айналдырды. Ішімдіктің уысынан у ішіп жүрмін, өзім көндіккем. Ол соңғы сөзін жұтып, әрең жеткізді.
«Үкімет те алдады, дос та алдады,
Алдап кетті тағдырдың қосқан жары.
Ағайыннан, жердегі туыстардан
Жұлдыз жақын тәрізді аспандағы.

Бәрі есінде, алғашқы өкінген күн,
Ішке тартып үн-түнсіз отыр демін.
Ана болсам деп еді, үзілді үміт,
Сәби қалды үйінде жетімдердің…»
– Екі баланы оның әке-шешесі тартып алған. Сол да дұрыс болды. Мен қандай анамын. Не үйі жоқ, не санасы жоқ. Абыл өмірден өткен соң туыстары бар дәулетті тартып алған. Жатақханам да жоқ. Мені қойшы, өзіңді айтшы, сен қалайсың?,– деп Қарагөз бір сағаттан бергі кездесуде көзіме алғашқы рет тура қарап, отты жанарын қадады. Мен сәл үнсіз отырдым да, өлең оқыдым. Осы жолы Ақұштаптың. Ол сөз төркінін түсіне қалды. Маған енді бұлай қайталамайтынын, жұмысқа орналасып, ғұмыр жолын басқаша жалғастыратынын айтты. Мен де сендім. Себебі, сенім зор болса, тілек те қабыл болады емес пе.
Осы кездесуден кейін мені қазіргі қоғамда әйел адамдардың ішімдікке салынуы да белең алып бара жатқандығы қатты толғандырды. Бұл тақырыптың тым жиі көтерілетіндігі соншалықты, әр жағынан зардабы мен зияны өзі-ақ сезіліп тұрғандай. Жалпы, әйелдер маскүнемдігі ұлттық деңгейдегі қасірет екендігін ұмытпауымыз керек. Жасырары жоқ, қазіргі таңда әжелеріміз бен аталарымыз бір-бірін сүйеп, арақ ішіп жүретін ауылдар да бар. Мұндай үйлердің берекесі де, мерекесі де жоқ. Сүттей ұйыған отбасы ойрандалып, әке-шешенің маскүнемдігінен жан-жаққа тарап кеткен балалар да аз емес. «Әйел күйзеліске ұшыраған кезде ішіп кетуі мүмкін. Отбасы, жұмысы бар, бірақ, жан тыныштығы жоқ. Түрлі жаман ойлар дегбірін қашырып, мазаны алады. Сол себепті, өзін-өзі алдау үшін де ішімдік ішуі мүмкін. Оның соңы немен аяқталарын да өздері аңғармай жатады. Маскүнемдікке салынғандардың арасында арақтан безіп, адам қатарына қосылуды ойлайтындар жоқ емес. Қыз-келіншектердің араққа салынуы әлдеқайда ұят жағдай екені рас, әрі әйелдер арасындағы алкоголизмді емдеу ерлерге қарағанда көп қиын. Әуелі қимас көңіл мен қызық үшін ішілетін бір-екі жүз грамның соңы қаншама қаракөздерімізді осы бір пәленің шырмауына түсіріп жатыр. Ал, одан құтылу оңайға соқпайды. Өмір сынын көтере алмайтын әйелдер көбіне осындай «ауруға» душар болады»,–дейді психолог Жұлдыз Бекахметова. Психологтың маман ретінде тағы бір келтірген дәлелі, әйел адамдардың жүйке жүйесі әлсіз болғандықтан, оларды емдеу ауырлау соғады. Тіпті, бұл жағы өте ұзақ уақытқа созылып кетуі мүмкін. Ер адамға қарағанда, әйелдердің ем-дом алып біткен соң да ішімдікке бой алдыруын тоқтату қиын екен. «Маскүнемдік жолға түскен әйелдердің кейбірі салауатты өмір салтына қайта оралып жатады. Бірақ, бұл маскүнемдік
ауруынан айығып кетті деген сөз емес. Бәрі өзін-өзі ұстай білуіне байланысты. Біздің айтпағымыз, дер кезінде білікті нарколог маманның көмегіне жүгінудің пайдасы болмаса зияны жоқ» дейді ол. Облыстық наркологиялық оңалту орталығы мамандарының айтуынша, емделушілер арасында бойжеткен қыздар баршылық. Олар көбіне энергетикалық сусындарға тәуелді жастар. Мамандардың сөзінен ұққанымыз, маскүнемдік жасқа қарамайды.
Ақмола облыстық оңалту орталығының бас маманы Арман Қамалұлының айтуынша, орталыққа негізінен жалғыздықтан жапа шеккен немесе қиындықтарды көтере алмай, ішкілікке салынған әйелдер келеді екен.
– Заманның ағымы ма екен, қазір байлардың әйелдері көп келетін болды. Уайым-қайғысы жоқ, жағдайы келіскен келіншектер үйде отырып-ақ арақ ішуді әдетке айналдырған. Емделушілердің арасында әсіресе, сыраға деген тәуелділік жоғары. Десе де, жалпы алғанда, жыл өткен сайын бізге жүгінетіндер саны азайып келе жатқанына шүкіршілік айтамыз. Шыны керек, қазір маскүнемдікке салынған қыз-келіншектеріміз аз емес. Әсіресе, соңғы уақытта ауылдық жерден келетіндер саны артып отыр. Бұрындары ішкіш адамдар мамандар көмегіне жүгінуге ұялатын. Қазір жағдай мүлдем басқа. Оның да себептері әртүрлі. Отбасындағы мәселелер әсіресе, әйел адамға оңай түспейтіні анық. Сол себепті де, кейбіреулері ащы сумен әлектеніп, өмірлерінің астан-кестеңін шығарып жатады. Кейде сондай әйелдер өз еркектерімен алдыма келіп, емделетіндерін айтады. Қырық күнде осындай қырық түрлі тағдырмен бетпе-бет келіп жатамыз. Әрине, барлығына қолдан келгенше көмектесуге, арақты қойып кетуіне жағдай жасауға тырысудамыз, – дейді ол.
Мұның бәрі бұл қоғамдық дерт. Облыс бойынша араққа салынған өткен жылы 9042 адам болса, ағымдағы жылы алкогольге тәуелді 8055 адам арнайы тіркеуде тұрса керек. Оның 1901-і ішімдік ішетін әйелдер. Бұдан тыс емделмей, үйден, бала-шағасынан безіп, көшеде құлап ішіп жатқандар қаншама? Оларды мәжбүрлеп емдеуге де болмайды. Өйткені, ондай заң жоқ. Бұл әрине, бәріміз үшін алаңдатарлық жәйт.
Р.S. …Тағы да өлең оқып отырмын. Осы жолы жалғыз емеспін. Қарагөз екеуіміз!..

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар