101 жылдық тарихы бар, негізін халқымыздың біртуар перзенті Сәкен Сейфуллин қалаған бұрынғы «Тіршілік» қазіргі Ақмола облыстық
«Арқа ажары» газетіне 2019 жылға жазылу жүріп жатыр. Осыған орай, редакция ұжымы облыс тұрғындарына, әрбір мекеме, кәсіпорын-ұйымға «Арқа ажары» газеті – әр шаңыраққа!» деген өзінің жүрекжарды сөзін арнап отыр. Осы сөздің мән-мағынасы, ана тіліміздің өрісін кеңейтіп, көсегесін көгертсек деген басты мақсаты әр оқырманға, әр басшыға жетіп, мыңдаған ақмолалықтардың сүйікті басылымы биыл да өз қолдаушыларын көптеп табады деген үміттеміз.
Осы тұрғыда редакция ұжымы да қол қусырып қарап отырған жоқ. Мерзімдік баспасөзге жазылу науқаны жүргізіле басталғалы Зеренді ауданының Бірлестік ауылы тұрғындарымен мәнді кездесу өткізіліп, емен-жарқын жүздесу
Мемлекет басшысының ел халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауын талқылап, оның басым бағыттарын халыққа жеткізумен бірге ұштастырылды. Сонымен бірге, осы жолы қоғамдық өмір мен ой-пікір айнасы – қазақ баспасөзі, ауыл тұрмысы, бәрімізге алтын бесік – туған жердің қадір-қасиеті, мына алмағайып заманда қолбайлау болып отырған кейбір қиыншылықтармен бордай үгілмей, табанды күресе білу сияқты өзекті мәселелер кеңінен сөз болды. «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев, басқа да ел ішінен сөз алған үлкен-кіші осы орайда өз ой-пікірлерін ортаға сала келе, Жолдаудың мәнін де аша білгені, «Арқа ажары» газетінде қолдап, оған белсенділікпен жазылуға бел буғандары жанымызды сол кездесуден жадыратып оралтты.
Енді міне, осы жолда уақыт өткізбей, өз тарапынан да жан-жақты жұмыс жүргізуді көздеген газет ұжымы баспасөзге жазылу жөніндегі кезекті жүздесуін облысымыздағы оқу орындарының ішінен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінен бастады. Бұл түсінікті де еді. Облыс білімінің қара шаңырағы болып саналатын бұл байырғы әрі іргелі оқу орнында үлкен профессорлық-оқытушылық құрамының қызмет етуімен бірге, ұзын-ырғасы бірнеше мың студент оқиды. Олар бүгін өздеріне «Арқа ажары» газеті ұжымының үлкен игілікті жоспармен келетінін біліп, акт залына көптеп жиналыпты. Бұл әрине, жақсылықтың, ана тілімізге, оның туын көтеріп келе жатқан байырғы қазақ басылымына деген үлкен құрмет еді.
Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан университет ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Марат Қадырұлы Сырлыбаев шынында, баспасөз өкілдерімен Елбасы Жолдауы жарық көрген маңызды кезеңде өткелі отырған бүгінгі кездесудің ерекшелігін айта келе, қазақ басылымдарының бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекітіп, тұғырын нықтаудағы алатын, алып та келе жатқан зор орнына тоқталып өтуді де ұмытпады. Соның ішінде, өздеріне арнайы келіп отырған «Арқа ажары» газетінің бұл игі қадамын екі жаққа да жақсы ырымға балады.
– Сонымен бірге, біз бүгін бұл кездесуді Елбасының барлық бағыттары көпшілік көңілінен шыға түскен биылғы Жолдауымен де бірге ұштастыра өткізуді жөн көрдік. Осыған келсек, күні кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып, еліміздің жоғарғы заң шығарушы органында өзінің белсенділігімен танылған Жабал Ерғалиевтің бүгінгі таңдағы басты тарихи құжат туралы ой-толғаныстарын тыңдау бәрімізге де пайдалы болады деген оймен сөзді осы азаматқа беремін,–деді оқу орнының басшысы.
Университеттің оқытушылары мен студенттер қауымы мемлекет және қоғам қайраткерінің сөзін ықыластана тыңдады. Залда жастар жағы басым болғандықтан, шешен көбіне өз айтарын осы өскелең ұрпаққа арнады.
– Сіздер бүгін білім алып жатқан, ал, ертең елдің үлкен істеріне араласатын осы мемлекеттің болашақ иесісіздер. Осы бір алда қоғамымызды көптеген іргелі істер тоса түскен сындарлы сәтте бәріңіздің де қазақ болғаннан кейін, ұлтымыздың, ана тіліміздің қадір-қасиетін түйсініп, соны бойларыңызға құйып, білімді, саналы да тәрбиелі азамат болып жетілгендеріңіз тек өздеріңізге ғана емес, бүкіл мемлекетімізге керек болып отырған басты құндылық. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Елбасының биылғы Жолдауы жастардың алдынан дамудың, азамат болып қалыптасудың, тұрмыстық жағдайларын жақсартудың жаңа бір мүмкіндіктері ашылып отырған ерекше Жолдау. Өйткені, онда келесі 2019 жылдың «Жастар жылы» болып жариялануы сіздердің мұң-мұқтаждарыңызды, жан дүниелеріңізді жақсы білетін әрі түсінетін біздер, соның ішінде әсіресе, жастардың өздері үшін үлкен үміт оты деуімізге болады.
Бүгінгі айтылатын сөз болашақ ұстаздар алдында арна тауып жатқандықтан, онда Жолдаудың білім беру саласына арналған бөлімі де ерекше орын алды. Әсіресе, ұстаз мәртебесі, қоғамда кешегі мен бүгінгі мұғалімдердің беделінің, өзіне лайықты орнының ара-жігінің алшақтап кеткендігі де өмірдің өз мысалымен айтылмай, ашылмай қоймады. Осы олқылықтың орнын қалай толтырамыз, кетеуі кеткен іс қалай жөнге келеді? Бұл ретте, осы отырған болашақ ұстаздар да университет қабырғасынан терең білім, саналы тәрбие алып, ұлтжандылықты, ізденісті серік етіп, бұл дүниеге көптің қамын ойлар бір кірпіш болып қалануы керектігі жөніндегі аға ақылын жастар да бар зейіндерімен дұрыс түйсінді ғой деп ойлаймыз.
Соның бірі – жас ұрпақ, әсіресе, қыз бала тәрбиесі. Атамыз қазақ ежелден қыз баланы қырдың қырмызы гүліндей мәпелеп өсіріп, өзінің ертеңгі қызық-қуанышы, өрісіне балаған. Бағзы заманда тәлім-тәрбиесіне қатты назар аударылған қыздарымыздың қазіргі шалым-шалыс жүріс-тұрысы, ерсі қылығы, өмірге жеңілдеп кеткен кері көзқарасы бұл күнде үлкен мән беруді қажет етеді. Әрине, бұлай дегенде олардың бәріне топырақ шашуға болмайды. Дегенмен, осы орайда, мұндай қарын аштырарлық тұстарымызды жаба тоқымай, бетімізді ұлттық тәрбиеге, баяғы бабалармен салынған сара жолға, соның бүгін де өміршеңдігін жоймаған керекті тағылымдарына бұруымыз қажет. Ең бастысы, қазіргі әркім бір-бір ұялы телефонға телмірген заманда рухани жүдеушілікке, рухани таяздыққа ұрынбау ұлт ретінде, Мәңгілік ел болуға ұмтылған өз алдымызға тәуелсіз мемлекет ретінде басты бір қағидамыз, өмірлік мұратымыз болуға тиіс. Осыны айтқанда, адамға мың күндік азық – өзіміздің төл басылымдарымыз туралы да сөз қозғау әбден орынды. Егер осы күннің бір ғана электронды дерек көздеріне үңіліп, газет-журналды ұмытсақ, күніміздің не болғаны?! Талай ұрпақ өз дәуірінің есті сөзін оқып-тоқып келген «Арқа ажары» басылымының да бұл орайда осынау кең аудиторияға жүгінер аталы сөзі бар. Осы өңірде Елбасы, мемлекет саясатының іске асырылуына ақпараттық қолдау көрсетіп, елдің мұңын, халықтың жоқ-жітігін қаузайтын өздеріңіздің төл газетіңізге жазылыңыздар, сөйтіп, «Арқа ажарын» жандарыңызға сенімді серік етіңіздер. Сонда біздер, ел, ұлт алдындағы өз жауапкершілігін жете сезініп отырған журналистер қауымы да алдарыңызда қарыздар қалмаймыз. Басылымның неғұрлым мазмұнды, жан-жақты, көркем де келісті болып жарық көруіне бар күш-жігерімізді аянбаймыз. Бұл ретте, университет ректоры Марат Қадырұлы, өзіңіз бен көмекшілеріңіз бізге үлкен қолдау көрсетіп, барлық оқытушылар құрамын, студент жастарды да газетімізді белсенді түрде жаздырып алуларына, онымен етене жақын бола түсулеріне түсіністікпен жұмылдырады деген сенімдеміз.
Жолдау жолдарымен өріле келе, осы бір ақиқатынан айтылған сөз бұл іргелі оқу орнында қолдау таппай қоймайтынын университет ректоры Марат Сырлыбаев мырзаның жауап сөзінен анық аңғардық. Мінбеге көтерілген ұжым басшысы Жолдау туралы әсерлі әңгіме өрбіткен Жабал Ерғалиұлына жиналғандар атынан зор алғыс сезімін білдіріп, алдағы күндері ана тіліміздің өзекті мәселелері жөнінде осы бір белгілі тұлғамен тағы бір студенттер кездесуін өткізбек ниетін де жайып салды. Ал, бұған себеп болған жай, кездесуге қатысқан жастардың ректор сөзінің алдында қаламгер ағаларына қойған көптеген сауалдары еді. Шынын айтқанда, мұндай жүздесулерде баспасөз, тіл туралы сауалдар көбіне гуманитарлық факультеттерде оқитын студенттердің, мәселен, болашақ филологтардың тарапынан қойылып жататын. Бұл жолы кездесуге физика-математика факультетінің студенттері де көптеп қатысқандығының, олардың да жоғарыдағыдай елдік мәселелерге өзгелерден кем толғанбайтындығының куәсі болдық.
Кездесу барысында бір топ студенттердің қойған сауалдары бізді осындай ойға жетеледі. Әрине, бұл сауалдарына олар қолдан келгенше тиянақты жауап алды. Солардың ішінде «Арқа ажары» газетінде студент жастарға арнап «Жастар айнасы» атты қосымша бет шығарып тұру жөніндегі ұсыныс та ескерусіз қалмай, редакцияның шығармашылық ұжымының да келешекте жастарға газет ішінен осындай қосымша газет шығарып тұру жайында өз ой-жоспарларының бары айтылды. Осы жолы еркін микрофоннан сөз алып, сауал қойған кейбір студенттердің сөз саптастарынан олардың журналистикаға да бейімі бар ма деп қалдық. Осы ойымыздан қателеспесек, мұның өзі әрине, қуанышты жағдай.
Сонымен, газет ұжымының облыс оқу-білімінің қара шаңырағы – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өткізген бұл алқалы жиыны екі жаққа да пайдалы, жемісті болды деп айтуымызға толық негіз бар. Оқу орны ұжымы, әсіресе, жастар жағы Елбасы Жолдауы, еліміздің байырғы басылымы туралы байсалды әңгімеге қанықса, ректор мырзаның өзіне күнделікті келіп түсетін мерзімдік басылымдардың ішінен жергілікті жаңалықтар мен жақсылықтардың жаршысы – «Арқа ажары» газетін қолына алдымен алып оқитыны, биыл оны келесі жылға тікелей өз үйіне жаздырып алатыны, барлық проректорлар мен факультеттердің басшыларының, өзге де қызметкерлердің осы «Арқа ажарына» жазылудан тыс қалмайтындығы көңілімізді шынымен де көтеріп тастады. Ендеше, ғалым бабамыздың есімін иеленген іргелі білім ордасында газетіміз биыл көптеп таралады деп сенуімізге толық негіз бар екені ақиқат.
Осы оқу орнындағы өткен жылдардың еншісіне тиетін игі істерге сәл-пәл тоқталып өтсек, былтыр бұрынғы басшылық тұсында «Арқа ажарының» 100 жылдығына – 100 газет!» атауымен ұжым осыншама газетке жазылып, мерейімізді бір көтеріп тастап еді. Одан арғы жылы да дәл осындай өрелілік танытылған. Демек, биыл да көрсеткіш осыдан кем түспейтіндігіне күмәніміз жоқ. Тек қосымша бір тілек, оқу орнының жатақханаларында ауылдық жерлерден келген, оның ішінде қазақ мектептерін бітірген қаншама студент жастар тұрады. Олардың қазақ тіліне деген талабының жаман еместігі осы алқалы жиынның үстінде де жақсы аңғарылды. Олай болса, бұл студент жастарға да мүмкіндігінше бір-екі бөлмеге бір «Арқа ажары» газетін жаздырып алу жағы қарастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сонымен, Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын талқылауда бұған дейін де түрлі іс-шаралар өткізіп, белсенділігімен көзге түсіп келе жатқан байырғы оқу орнындағы шоқтығы биік қазақ баспасөзінің ажырамас бір бөлігі – «Арқа ажарының» бүгінгі аяқ алысына берілген жақсы баға, оны сенімді серік ету құлшынысы көңілімізді бір серпілтпей, сергітпей қоймады. Көп ұзамай оның жемісі де болары шүбәсіз. Ендеше, лайым оқырман мен басылым арасындағы осы жанашырлықтан, осы түсіністіктен айырмасын!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Берік ЕСКЕНОВ (фото),