Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Ержан Құдайберген, Қабиболла Жақыпов пен Шавхат Өтемісов Атбасар ауданының Покровка ауылында болып, мектепте ауыл тұрғындарымен кездесті.
Ауыл мектебі өткен жылы 90 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, бөлмелер, асхана мен спорт залы заман талабына сай жабдықталған. Биылғы жаңа оқу жылында «Нұр Отан» партиясының «Балаларға тегін ІТ сыныптар» партиялық жобасы аясында ІТ сыныбы мен робототехника кабинеті ашылды. Аталмыш игілікті іске жергілікті меценат Уәлихан Әріпов демеушілік жасаған.
Халық қалаулылары ауыл тұрғындарымен кездесу барысында Елбасы
Жолдауының негізгі басым бағыттарына тоқталып, бес әлеуметтік мәселені де талқылап өтті. Ауыл тұрғындарына жақын тақырып зейнеткерлік қамсыздандыру, жалақының көбеюі, денсаулық және білім беру салалары сөз болды. Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай жуыр арада «Педагог статусы» туралы заң жобасының келіп түсетіндігін, бұл бағытта халық қалаулыларының мұғалім мәртебесін көтеруде бірқатар сұрақтарды көтеретіндігін жеткізді. Ауыл тұрғындары қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде естіді.
Атбасар ауданындағы Покровка ауылы облыс орталығынан шалғайда жатқан елді мекен. Соңғы жылдары ауыл түлеп, қарқынды түрде дамып келеді. Биылғы жылы ауылдағы фельдшерлік-акушерлік емханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, екі мыңнан астам халыққа арналған кардиограф аппараты мен жедел жәрдем көлігі сатып алынған. Кездесу барысында ауыл тұрғындары азық-түлік бағасының қымбаттауы, ұсақ ауылдардың жабылуы, құқық қорғау органдарын реформалау мәселесін көтерді.
Халық базынасын тыңдаған депутаттар барлық мәселелерді атқарушы билікке жеткізіп, оның орындалуын бақылауға алатындығын жеткізді.
Ақмола облысында іссапармен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ержан Құдайберген, Қабиболла Жақыпов, Дархан Мыңбай мен Шавхат Өтемісов бұдан өзге Қорғалжын, Целиноград, Аршалы, Егіндікөл және Атбасар аудандарының шалғай ауылдарын аралап шықты.