Кеше Көкшетау қаласының кіре беріс қақпасында облыстық спорт басқармасының өкілдері мен біршама спортшылар каратэден әлем чемпионы атанған Мерген Біләловты қарсы алды.
Қытайда өткен чемпионатта 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Ен-Ген Хегайдың тәрбиеленушісі Мерген Біләлов бір кеште үш ұрыс өткізген. Алғашқы екі жеңіске нокаутпен, үшінші жеңіске төрешілердің шешімімен жеткен. Әлем чемпионы өз сөзінде бұл жарысқа жауапкершілікпен дайындалғанын айтты.
–Үшінші ұрыста Белоруссияның 13 мәрте чемпионы Виталий Гуркомен кездестім. Екі жыл бұрын онымен кездесіп, жеңіліп қалғанмын. Осы жолы да біздің сегіздіктің мықтысы сол болды. Үшінші ұрыстың екінші раундында қолымды сындырып алсам да алаңнан кетпедім. Жеңіске жаттықтырушым әрі әкем Ен-Ген Хегайдың арқасында жеттім. Маған қолдау көрсеткен «Алтынтау-Көкшетау» серіктестігіне алғысымды білдіремін,–дейді ол.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.