Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Астана қаласының тұрғындары ақмолалықтардың жәрмеңкесіне аса риза болды - АРҚА АЖАРЫ

Астана қаласының тұрғындары ақмолалықтардың жәрмеңкесіне аса риза болды

Кеше Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде өз өкімімен тағайындалған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының жаңа басшысы Иван Иванович Юрченконы таныстырды. Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Г.Б. Шөкеева мемлекеттік қызметшінің Антын қабылдады.

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өткен сенбі-жексенбі екі күн бойы Елорданың 20 жылдығына арналған Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт кешені алаңында өткізілген Ақмола облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпорындарының жәрмеңкесін аралап көріп, ақмолалықтардың астаналық тұтынушыларға ұсынған сан алуан өнімдерінің сапасы мен бағасына қанықты, жәрмеңкеге келген халықпен әңгімелесіп, Елорданың айналасында азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасының аясында қала тұрғындарына сапалы, азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету тұрғысындағы ой-пікірлерін білді.

Ақмола облысы жәрмеңкеде барлығы 370,5 миллион теңгенің азық-түлік тауарларының 43 түрін, 174 тонна ет және ет өнімдерін, 10,2 тонна балық және балық өнімдерін, 2,5 миллион дана тауық жұмыртқасын, 50 тонна ұн, 15 мың литр өсімдік майын, 300 тонна картоп және 9,5 тонна басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын саудаға салды.

Биыл да жаздың соңы мен күздің басында әр сенбі-жексенбі сайын Астана төрінде жәрмеңке ұйымдастырылып, еліміздің әр аймағынан ауыл шаруашылығы тауарларын шығарушылар Елорда тұрғындарына өз өнімдерін ұсынды. Ал өткен сенбі-жексенбі күндері жәрмеңкеге Ақмола облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері келді. Мұндай жәрмеңкелер өткізу дәстүрге айналғандықтан, астаналықтар да өздері ұнататын өнімдерін жәрмеңкеге қандай облыс келгенде алатындықтарын да біліп алған. Яғни, әрбір жәрмеңкенің, нақтырақ айтсақ, әрбір облыс тауар өндірушілерінің өздерінің тұрақты тұтынушылары қалыптасқан деуге негіз бар. Мәселен, осындай жәрмеңкелерден Астананың кейбір тұрғындары Солтүстік Қазақстан облысында өндірілетін сары майды ұнатса, енді біреулері балықты Ақмола облысының Қорғалжын ауданы келгенде алғанды ұнатады. Сол сияқты жылқы, сиыр етін де сапасы көңілдеріне шығатын облыс шаруашылықтары келгенде алуға бейім. Бұл да сатушы мен тұтынушы арасындағы белгілі бір байланыс болар.
Әрине, мұндай жәрмеңкелерге негізінен ет, сүт өнімдері молынан әкелінсе, көкөніс, жеміс-жидек сынды тауарлардың да тұрақты тұтынушылары бар. Дегенмен, бал, түрлі балық сынды барлық жерлерде бірдей молынан өндіріле бермейтін тауарлардың да үлкен сұранысқа ие екендігі белгілі. Ал, Ақмола облысының көптеген шаруашылықтары мен тауар өндірушілері өнімдерін Елорданың сауда орындарына күнделікті әкелетіндігін ескерсек, олардың сапасының жоғары деңгейде екендігі Астана тұрғындарына мәлім. Сондықтан да болар, жәрмеңкеде сауда қызу жүрді.
Осы жолы Ақмола облысы барлығы 370,5 миллион теңгеге азық-түлік тауарларының 43 түрін әкелген екен. Оның ішінде, 174 тонна ет және ет өнімдері, 10,2 тонна балық және балық өнімдері, 2,5 миллион дана тауық жұмыртқасы, 50 тонна ұн, 15 мың литр өсімдік майы, 300 тонна картоп және 9,5 тонна басқа да ауыл шаруашылығы тауарлары бар.
Жалпы, саудадағы басты қағида сатушы мен сатып алушының арасындағы келісім, олардың бір-біріне деген сенімі. Оның ішінде, әсіресе, базардағы сауданың орны бөлек. Сайып келгенде, саудаласа білудің өзі де өнер. Рас, мұндай жәрмеңкелерде бағаны еркіне қоя беруге болмайды. Нақтырақ айтсақ, мұндай жәрмеңкелер өткізудің басты мақсаты да қысқы маусым қарсаңында Елорда тұрғындарына сапасы жоғары, бағасы Астанадағы сауда орындарындағыдан едәуір арзан бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсыну. Мұндай жәрмеңкелер алғаш ұйымдастырыла бастағанда бағаның Астана сауда орындарындағыдан 15-20 пайызға төмен екендігін бірден байқаған жергілікті саудагерлер әсіресе, жылқы мен сиыр етін бірден ірі көлемде сатып алып, бағасын жоғарылатып бөлшек саудаға қоя бастайтын. Бүгінде олардың жолы кесілген.
Осы жолғы жәрмеңкеде жылқы етінің 1 килосы 1500 теңгеден болса, сиыр еті – 1300, ал қой еті 1250 теңгеден сатылымға түсті. Балықтың бір килограмы 400 теңгеден сатылды.
Жәрмеңкенің бірінші күні түске дейін Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин арнайы келіп, сауда барысымен танысып, сатушылармен де, сатып алушылармен де пікір алмасты. Әрине, мұндай ауқымды шараның қалай өтіп жатқандығын бақылап, орын алған олқылықтар болса тез арада дұрыс жолға қояған дұрыс. Сондықтан да болар, облыс әкімімен бірге оның орынбасары Асқарбек Үйсімбаев, облыстық деңгейдегі кейбір басқарма басшылары, жәрмеңкенің бірінші күні өз тауарларын ұсынған аудан әкімдері еріп жүрді.
Айтпақшы, осындай жәрмеңкелер өткізу барысында арнайы сахна орнатып, жәрмеңкеге келушілерге концерттік бағдарлама ұсыну да дәстүрге айналған. Қазақ даласында сонау замандардан бері келе жатқан жәрмеңкелердің сауда-саттық қана емес, әнші-күйшілер өнерлерін ортаға салатын, балуандар күресі өткізіліп, той-думанға ұласатын орын болғандығы белгілі. Дегенмен, күзге қарай, ауа райы онша жадырамай, жауын-шашыны мен гуілдеген желі басым бола бастаған шақта өнерпаздарға алдын ала жазылып алынған музыкамен, яғни, фонограммамен өлең айтқызып қоюдың (шындығында ауыздарын жыбырлатып) қаншалықты қажеті бар деген сұрақ туындайды. Бұл «біткен іске тік қасық» болып, сынау емес, ешкім мойнын бұрып қарамаса да ән айтуға мәжбүр болып тұрған өнер иелерінен ұят болды-ау дегеннен туындаған ой ғана. «Тыңдалмаса ән жетім» емес пе?!
Сонымен, Ақмола облысы өткізген жәрмеңке де аяқталды. Бұдан біз осы жәрмеңкеде Астана тұрғындары қысқа жетер азықтарын толық қамдап алды деуден аулақпыз. Алайда, біраз тұрғындардың сапасы жоғары, экологиялық таза азық-түлік өнімдерін сатып алғандығы ақиқат. Тауарларымыз өтті деп сатушылар риза болса, іздегенін тапқан тұтынушының да көңілі тоқ болар.
Талғат ҚАСЕН,
«Арқа ажарының» меншікті тілшісі.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар