Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбек өнімділігі артатын болады - АРҚА АЖАРЫ

Еңбек өнімділігі артатын болады

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігі жөнінде атап өтті. Осы бағытта біздің серіктестік ауқымды жұмысты қолға алды.

Еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту үшін жұмысымызды жандандыра түсуіміз қажет. Осы орайда, мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары елімізге қазіргі заманғы агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағытталмақшы. Елбасы өз Жолдауында икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалану керектігін, ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн екенін атап өтті. Оның Үкіметке алдағы үш жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Біздің аудан тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары қалыптасты. Содан бері біздің элеватор ұжымы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары әбден тұралап, жабылуға сәл-ақ қалған ұжым «ТНК» агрофирмасының құрамына кірген соң біртіндеп оң өзгерістерге бет бұрды. Мемлекет басшысының ел халқына арнаған биылғы Жолдауында бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керектігін атап өтті. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі. Осы орайда, біздің серіктестік өндіріс орындарының ауқымды құрылысын жүргізуде.
Алғашқы жылдары үш диірмен (оның екеуі қазіргі заманғы талаптарға сай жабдықталған), құрамалы жем өндіретін зауыт, 50 мың тонналық екінші элеватор іске қосылып, көптеген жұмыс орындары ашылды. Алдымен жас мамандарды оқытып, дайындадық. Сол жылдары атқарылған жұмыс ұшан-теңіз болғанын атап өткен жөн. Мәселен, «Урожай» серіктестігінің төңірегіне алты күзет бекеті салынды. Кәсіпорынның айналасы қоршалып, жаңадан асхана, қонақ үй, жатақхана, тәуелсіз зертхана бой көтерді. Ішкі-сыртқы нысандарға бақылау камералары орнатылды. Күрделі жөндеу жүргізіліп, құрал-жабдықтары ауыстырылды. Осынау қажырлы еңбектің арқасында аудандағы алдыңғы қатарлы кәсіпорынға айналдық. Оның үстіне біздің серіктестік аудан бюджетіне қомақты қаржы құяды. Еңбеккерлердің арасында отбасылық династия қалыптасқан.
Елбасы өз Жолдауында нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторының рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Бағаның өсуі, қаржыландыруға қолжетімділік, банктердің орнықтылығы тәрізді мәселелер қазір жұрттың қызығушылығын тудырып отыр. Қаржы секторы мен нақты секторларды сауықтыру, инфляцияға қарсы кешенді саясат жүргізу мәселелерін жүйелі түрде шешудің басталатыны көңілге қуаныш ұялатады. Қалыптасқан жағдайда экономиканы, әсіресе, өңдеу секторы мен шағын және орта бизнесті несиелендіруді ұлғайту өте маңызды.
Өткен жылдың көктемінен бастап жаңа элеватор мен диірменнің, жарма зауытының, астық кептіргіш кешені мен қоймалардың құрылыс жұмысы қолға алынып, бүгінгі таңда жалғасын табуда. Құрылыс жұмысын «ТНК» агрофирмасы қаржыландырып отыр. Мердігерлердің бірі – Талас Уәлиев басқаратын «Агрострой» серіктестігі. Бұл ұжым аудан көлемінде көптеген өндірістік және әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің (оның ішінде спорт кешені, «Уәлі» мешіті де бар) құрылысын жүргізген. Екінші мердігер Максим Соколенко басқаратын «Атбасар Технопарк» серіктестігі. Өз басым да құрылыс шебері болып жұмыс істегенмін. Сондықтан болар, үлкен құрылысқа бірден кірісіп кеттім. Мердігерлерге жолығып, көкейкесті мәселелерді бірлесе отырып шешуге тырысамын. Бүгінгі таңда сыйымдылығы 60 мың тонналық төртінші элеватор жаңа астықты қабылдауда. Қондырғыларды Австрияның «Кимбрия» фирмасынан сатып алдық. Сондай-ақ, сағатына 100 тонна астық кептіретін қондырғы іске қосылды. Тәулігіне 50 тонна жарма өнімдерін шығаратын зауыт осы үстіміздегі жылдың қараша айында пайдалануға беріледі. Оның қондырғылары Германияның «Аманду» фирмасынан сатып алынды. Асқа қолданылатын бидай, қара бидай, арпа, қарақұмық, перловка жармаларын және диетаға қолданатын жарма қоспасын шығармақшымыз. Келесі жылдың ақпан айында тәулігіне 500 тонна ұн өндіретін диірмен іске қосылмақшы. Қондырғылары Италияның «Галфетта» фирмасынан сатып алынды. Дайын өнімдерді сақтайтын 50 мың тонналық қойма дайын. Ауқымды құрылыс жұмысына Алдаберген Айтмурзин, Нұрлан Қошақанов, Әбілқас Асылбеков, Оразалы Әбілкәрімов, Сәбит Қастауыпов, Сергей Морозов, Владимир Селезнев, Сергей Волобуев сияқты өзге де еңбеккерлер атсалысуда. Елбасы биылғы Жолдауында адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табысы артатыны жөнінде айтып өтті. Келесі жылдан бастап ең төменгі еңбекақының өсетіні, бұл барлық сала бойынша әртүрлі меншік түріндегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін миллиондаған адамның еңбекақысын тікелей қамтитыны біздің еңбеккерлерді жігерлендіре түсті.

Ғабиден БРАЛИН,
«Урожай» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің директоры.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар