Қазақстан Республикасы Президентінің ел халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»
атты биылғы Жолдауында мемлекеттік бағдарламаларды орындауда тұтастай қоғам мен әр отандасымыздың рөлі барынша айқын көрсетілген. Бұл тұрғыда үкіметтік емес сектордың да рөлі өте маңызды.
1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында экономикалық, әлеуметтік және саяси салаларда қолға алынған түбегейлі реформалар әртүрлі әлеуметтік топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қоғамдық бірлестіктердің құрылуына ықпал етті. Осылайша Қазақстанда алғашқылардың бірі болып экономиканың мемлекеттік емес секторының мақсат-мүдделерін қорғаған тәуелсіз кәсіподақтары өмірге келді. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық және діни бірлестіктер, саяси партиялар күш ала бастады. Азаматтық сана-сезімнің жоғары көрінісі болып табылатын «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысы өз алдына Семей полигонын жабуды басты мақсат етіп қойды және соған қол жеткізе білді.
Елімізде азаматтық қоғам мен оның институттарының дамуы-
на белгілі бір деңгейде осы үдерістің іске асырылуына саяси, құқықтық және басқа да алғышарттар мен жағдайларды жасап отырған мемлекеттің өзі ықпалын тигізеді. 1991 жылдың 27 маусымында «Қазақ КССР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Тоқсаныншы жылдардың басында әлеуметтік қорғаудың коалициясы құрылып, оның айналасына 28 әртүрлі ұйым, партия мен қозғалыс топтасты. Осы қоғамдық институттардың одан әрі дамып, көппартиялық жүйенің өмірге енуіне 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы және 1996 жылы қабылданған қоғамдық бірлестіктер туралы, «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары игі әсерін тигізді.
Сонымен бірге, Қазақстан халқы Ассамблеясына біріктірілген ұлттық мәдени орталықтар белсенді түрде жұмыс істей бастады. Осылайша ұлтаралық келісім елімізде реформалар жүргізудің сенімді іргетасына айналды. 1990 жылдың соңы азаматтық қоғам институттары қызметінің кәсібиленуімен ерекшеленді. Мұның өзі қоғамдық проблемалар мен мәселелердің, халықтың мұң-мұқтажының әртүрлі аспектілерін шешуде осы институттардың жұмыс тиімділігін арттыра түсті.
Нақ осы жылдары қоғамымыз үшін сан алуан қызметтер аясын іске асыратын мемлекеттік емес қорлар, коммерциялық емес мекемелер, заңды тұлғалардың одақтары мен қауымдастықтары, түрлі ұйымдар мен бастамашыл топтар түрінде құрылған үкіметтік емес ұйымдар бірінен соң бірі өмірге келіп, қалыптасу кезеңінен өтті.
2000 жылдың қазанында Елбасы өзінің халыққа арнаған «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға» атты Жолдауында Үкіметке үкіметтік емес ұйымдардың дамуы үшін тиісті жағдайлар жасау жөнінде алғашқы міндеттерді жүктеді. Бұл кезде осы ҮЕҰ-лардың рөлі де арта түсті. Соның бір айғағы, сол уақытта барлық аймақтарда үкіметтік емес ұйымдардың ақпараттық орталықтары ашылды. Аймақтардағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекет жасау, оларға консультативтік, ақпараттық және әдістемелік қолдау көрсету осы орталықтардың басты міндеті болып табылды.
Тағы да 2000 жылы мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл тетігі мен жолдарын қарастыру мақсатында Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының конфедерациясы құрылды. 2001 жылы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, ал, одан кейін араға бір жыл салып үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың тұжырымдамасы қабылданды.
2003 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен алғашқы Азаматтық форум болып өтті. Ол үкіметтік емес секторды саяси мойындауды күн тәртібіне қойып, азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетігін қалыптастырудың негізін қалады.
2005 жылы екінші Азаматтық форум болып өтіп, бизнес-қауымдастықты еліміздің қоғамдық өміріне белсенді түрде тартуға ықпал етті. Сөйтіп, орталық және жергілікті деңгейлерде «Билік – қоғам» серіктестігінің ұзақ мерзімді тұрақты тетіктерін құру және түрлі диалогтық алаңдарды ашудың жолы салынды. Осының нәтижесінде 2005 жылдың сәуірінде билік органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара қарым-қатынасының принципті жаңа жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берген «Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Бүгінгі таңда Ақмола облысының үкіметтік емес секторы қоғамның айқын да қайтарымы мол өзіндік бір буыны болып табылады. Ол өзіне небір өзекті міндеттерді қабылдап, солардың түйінін тарқата алатындай үлкен әлеуетке ие. Сондықтан болар, қоғамдағы демократиялық принциптер мен құндылықтарды одан әрі жетілдіруге және алға жылжытуға зор үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда Ақмола облысында 643 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың жартысынан астамы облыс орталығы мен ірі қалаларда, қалғандары аудандарда жұмыс істейді. Мемлекет пен үкіметтік емес сектордың өзара тиімді іс-қимыл тетіктерінің бірі мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс болып отырған жайы бар. Сонымен үш жылда мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты қаржыландырудың оң нәтижесі байқалуда. 2016 жылы бюджеттің барлық қаржы көзінен осы мақсатқа 231,4 миллион теңге, 2017 жылы 468,5 миллион теңге, ал, 2018 жылы 567,9 миллион теңге бөлініп отыр. Соның ішінде жергілікті бюджеттен 2016 жылы 119,5 миллион теңге, 2017 жылы 374,0 миллион теңге, ал, 2018 жылы 398,9 миллион теңге қаржы бөлінгенін айта кету керек. 2016 жылдан 2018 жылға дейін үкіметтік емес ұйымдармен іске асырылған әлеуметтік жобалардың саны 85-тен 120-ға дейін арта түсті.
Іске асырылған жобалардың бағыт-бағдарлары мемлекеттік стратегиялық басымдықтарының барлық жақтарын қамтиды. Бұл – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік тіл, гендерлік және отбасылық-демографиялық, жастар саясатының басым бағыттарын іске асыру, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, оларды жұмыспен қамту, халықтың денсаулығын қорғау, салауатты өмір салтын
насихаттау, тұрғындардың рухани адамгершілік, экологиялық мәдениетін қалыптастыру, діни экстремизм мен терорризмнің алдын алу жөнінде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, саяси жобаларды іске асыру.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің саны да өсу үстінде. 2018 жылы бес облыстық басқарма – ішкі саясат басқармасы, дін істері жөніндегі басқарма, жастар саясатының мәселелері жөніндегі басқарма, денсаулық сақтау басқармасы, білім басқармасы мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік департаменті мен 20 жергілікті атқару органы бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері болды.
Биылғы жылы әлеуметтік жобаларды іске асыру барысында үкіметтік емес ұйымдар сексен мыңнан астам адамды қамтыған 800 шара өткізді. Біздің үкіметтік емес ұйымдарымыз мемлекеттік органдардың әлеуметтік жобаларын ғана іске асырып қоймайды, сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігінің мемлекеттік гранттары мен халықаралық гранттарды жеңіп алу жөніндегі конкурстарға да белсене қатысады.
Айталық, 2017 жылы «Женский луч» қоғамдық ұйымы (Степногорск қаласы) «Жұмысқа орналас-тыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру» тақырыбы бойынша 10 миллион теңгенің республикалық грантын жеңіп алды. Ал, «Sara» қоғамдық қоры (Көкшетау қаласы) 2018 жылы «Бір терезе» принципі бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қолдау үшін азаматтық орталықты ұйымдастыру және іске асыру» тақырыбы бойынша 4 миллион теңгенің республикалық грантына ие болды.
Биылғы жылы халықаралық жобаларды іске асыруға Ақмола облысының 4 үкіметтік емес ұйымы, атап айтқанда, «Видергебурт» Ақмола облыстық немістер қоғамы», «Ангел» (Атбасар ауданы), «Болашақ» (Целиноград ауданы), «Балдәурен» (Аршалы ауданы) қоғамдық ұйымдары қатысуда. Олардың жобалары әлеуметтік проблемаларды шешуге, халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарына көмек-қолдау көрсетуге, ауылдық үкіметтік емес ұйымдарды, жастардың білімі мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға және ел мүддесін көздейтін, Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес келетін басқа да мәселелерді шешуге бағытталған.
Үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіруге ықпал ету мақсатында 2003 жылдан бері Ақмола облыстық әкімдігінің жанынан үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес жұмыс істеп келеді. 2017-2018 жылдар аралығында кеңестің бес отырысы өткізіліп, оларда мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты іске асырудың тиімділігі, мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың өзара іс-қимылының жаңа формаларын іздестіру, тағы басқа мәселелер қаралды.
Әлеуметтік бағдарламаларды қалыптастыру жөнінде мемлекеттік органдардың жұмыс топтары мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен іс-әрекеттері күнделікті дәстүрге айналды. Облыстық мәслихаттың жанынан Қоғамдық кеңес құрылып, халыққа мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне белсене қатысу мәселесінде басты тіректердің бірі бола түсуде. Кеңес құрамына үкіметтік емес ұйымдардың 38, этно-мәдени бірлестіктердің 3 өкілі кіреді. 2016-2018 жылдарда қоғамдық кеңес 39 қоғамдық тыңдау өткізіп, 660 нормативтік-құқықтық актілерді қарады, 32 қоғамдық мониторинг жүргізді.
Ақмола облысында мемлекеттік органдар қызметіне және олардың қабылдаған шешімдеріне азаматтық бақылау тетігі қарастырылған. 2015 жылдан бері облыстың пенитенциарлық мекемелері бо-
йынша қоғамдық бақылау комиссиясы жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте азаматтық қоғам институттары мен тұрғындардың рөлін арттыру міндеттерін іске асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының облыстық және 19 өңірлік филиалында сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестер құрылған. Олардың күшімен 60 мәжіліс өткізіліп, 224 қаулы қабылданды. Барлық есеп берген мемлекеттік органдар басшыларына тиісті ұсыныстар беріліп, бүгінгі күнге дейін осы 467 ұсыныстың 456-сы орындалды. Ішкі істер департаменті және қылмыстық атқару жүйесі бақылау департаменті жанынан құрамына депутаттық корпустың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіретін қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыс істеп келеді. Ақмола облысының кәсіпкерлік палатасы жанынан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын кеңес өз жұмысын жүйелі жүргізуде.
Облыстың үкіметтік емес ұйымдары бірлесіп, атқарушы ретінде аймақтық бағдарламалардың іске асырылуына да белсене атсалысуда. Әлеуметтік сая-сатты жүргізуде мемлекеттік органдардың тұрақты серіктестіктері ретінде «Целина», «Мүгедектер қоғамы», «Батыр», «Балапан» мүгедек балаларды тәрбиелейтін степногорскілік ата-аналар қоғамы», «Мейірімді жүрек», тағы басқа қоғамдық ұйымдар облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істей білуде.
Халыққа арнайы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетуге бағытталған жобаларды іске асыру барысында 228 адам үйдегі күтіммен, 357 адам жартылай стационардағы күтіммен қамтылса, 654 адам жеке көмекшінің қызметін пайдаланады. 150 адамға тілмен түсінісудің көмегі көрсетілсе, 190 адам «Инватакси» қызметін пайдаланады.
«Жастардың және студенттердің еңбек отрядтарының облыстық штабы» қоғамдық ұйымы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма жобасын іске асыру шеңберінде 1063 және 1369 гектар алқаптарда көгалдандыру, орманды санитарлық тазарту, ағаш дақылдарына күтім жасау сияқты жұмыстар көлемін атқарып, 320310 ағаш көшетін отырғызды.
Осы орайда, еңбекпен түзеу мекемелерінен босап келген туберкулез дертімен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмек көрсетуде жақсы жұмысымен көрініп отырған «Луч надежды» қоғамдық бірлестігінің игілікті қадамын да атап өтпей болмайды. Ал, «ЭКО-Көкше» экологиялық орталығы» қоғамдық бірлестігі Бурабай курорттық аймағына саяхат жасаушыларға үш тілде арнайы жол көрсеткішін шығарып, туризм саласына өз үлесін қосып отыр.
Айта берсек, қоғамда елеулі күшке айналып, облыстың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-саяси дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған үкіметтік емес ұйымдардың еншісінде мұндай игі істер аз емес. Мемлекеттік органдардың ҮЕҰ-мен негізгі жұмыс формалары дөңгелек үстелдер, белгілі бір әлеуметтік мәселелерді шешуге мүдделі құрылымдармен немесе тұрғындармен кездесулер өткізу болып табылады. 2017-2018 жылдары облыста осындай үш мыңнан астам шара өткізілген екен. Мұның өзі бір жағынан, үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғам орнатуға, қоғамдағы кем-кетіктерді жойып, жақсы істер аясын кеңейтуге барынша мүдделі екендіктерін көрсетеді. Осы орайда, билік пен ҮЕҰ-ның арасындағы байланыс-ты одан әрі кеңейте түсетін, сондай-ақ, әлеуметтік маңыздағы бағдарламалар мен жобалардың іске асырылуын тездететін Азаматтық форумдардың диалогтік ашық алаң ретіндегі өзіндік орнын жоғары бағаламай болмайды.
Ақмола облысының кезекті VІІІ Азаматтық форумы «Азаматтық қоғам және мемлекет: серіктестік пен жауапкершілік» девизімен өткізілгелі отыр. Аталған шараға біз Азаматтық қоғам институттарының барлық өкілдерін – партия-лар, кәсіподақтар, қоғамдық кеңестер, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдарды шақырып отырмыз.
Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында делегаттар мен форумға қатысушылар азаматтық қоғамды қандай аспектіде көргілері келетіндерін, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс жүйесін жетілдіру туралы ойларын, тағы басқа өзекті жайларды ортаға салатын болады. Сонымен бірге, 27-28 қараша күндері Астана қаласында өтетін Қазақстанның VІІІ Азаматтық форумында қабылданатын елімізде 2025 жылға дейінгі Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы жөнінде өз ұсыныс-пікірлерімен және ойларымен ортаға бөліседі. Уақыт мемлекет пен Азаматтық қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасты неғұрлым жаңа сапалы деңгейге көтеруді талап етіп отыр. Біздер, мемлекеттік органдар осыған дайынбыз.
Гүлжанар ШӨКЕЕВА,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы