Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлағатты ұстаз - АРҚА АЖАРЫ

Ұлағатты ұстаз

Ұстаз – болашақтың іргетасын қалайды. Себебі, адамның ғұмыр жолы білімге негізделген. Өмірдегі барша мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, жомарттықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық болса, ол – ұстаздық. Ал, біздің Секең ұстаздардың ұстазы десек артық айтқандық емес.

Секең деп атап, құрмет тұтып, еркінсіп, еркелей сөйлейтініміз бұл әріптесімді мен әріден танитынмын. Серік Сұлтанбекұлы қазіргі таңда «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Ақмола облысы бойынша филиалының педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында қызмет атқарады.
Мен қалаға дейін ауыл мектебінде жұмыс атқарып жүріп аталған институтта білімімді шыңдағанда бізге Серік Сұлтанбекұлы дәріс берген болатын. Сол сәттерде ұлағатты ұстаздың жүріс-тұрысы, берген дәрістері маған ерекше әсер ететін. Жүрісі ширақ ұстаз кабинетке кіріп келіп дәрісті бастап бәріміздің назарымызды өзіне аударып, бізді баурап алатын. Әр сөзін мұқият, ұйып тыңдайтынбыз.
Дәріс бергенде тақырыпты сан алуан тұрғыдан құбылтып, тыңдаушысын қызықтырып, өзінің терең білімімен ерекшеленетін.
Өмір тағы маған үлкен сый сыйлап, бүгінде мені Серік Сұлтанбекұлымен бір ұжымда әріптес етті.
Табиғатынан қарапайым, қақ-соқтан ада, жаны таза азамат өзі туралы газетке мақала жазғым келетінін естігенде, бірден бас тартты. Алайда, мен ұлағатты ұстазымның адал еңбегі туралы мақала жазуды өзімнің азаматтық парызым деп білемін. Себебі, дәл осы ұстаздай өз ісіне адал, еңбекқор, ізденімпаз, қарапайым жандар көбіне көп елеусіз қалып жатады. Алған бетімнен қайтпай ұлағатты ұстазды сөзге тартып, өзі туралы әңгімелеп беруді қайта-қайта өтіне бердім. Серік Сұлтанбекұлы бұрынғы Көкшетау облысы Дәуіт станциясында дүниеге келген екен. Орта мектепті ойдағыдай аяқтағаннан соң, Солтүстік Қазақстан облысындағы жоғары оқу орнының біріне оқуға түсіп, тарих факультетінде білім алады.
Оқу оқып жүргенде, оны Ұлы Отан алдындағы әскер қатарында азаматтық борышын өтеуге шақырады. Әскер қатарында жүргенде Украина жерінде болған Чернобыль апатын қалпына келтіруге қатысып, еліне оралады.
Еліне оралысымен ауыл мектебінде ұстаздық жолын бастап, болашағымызды тәрбиелеумен еңбекке араласады. Содан 1988 жылдары Көкшетау қаласына қоныс аударып, қызмет жолын сол кездегі Көкшетау облысындағы мұғалімдердің білімдерін жетілдіру институтында жалғастырады.
Салиқалы ұстаз аталған ұжымда да еңбекке белін бекем буып араласып, кафедраның аға ұстазы деген қызметке дейін көтеріліп, тарих және дінтанудан дәрістерін оқып мұғалімдердің білімдерін арттыруда да ерен еңбекте өзінің еңбекке деген ынтасын арттыра түсті. Ұлағатты ұстаз қазір Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауымен қызыға танысып, тәуелсіз еліміздің одан әрі өсіп-өркендеу, нығаю жолында атқарылатын істерге көңілі толып марқаяды. Әсіресе, Серік Сұлтанбекұлы Елбасының Жолдауында айтылған «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылдау қажеттігін қуана қолдап отыр. Өйткені, өзінің ұзақ жылғы ұстаздық ғұмырының барлық кезеңдерінде мектеп мұғалімінің жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім берудегі орасан еңбегінің нақ ортасында жүрді. Содан да болар мұғалімдік мамандықтың әрі қиын, әрі күрделі де құрметті екендігін жан жүрегімен сезіне білді.
– Елбасы өз Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру мәселесіне көңіл бөлді. Мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт әрине қажет. Орта мектептердің өзінде балаларды бірден сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп оқыту қажеттігі тағы да орынды айтылды. Бұл арада мектеп оқушылары арасында кәсіби бағдар беру жұмыстары жанданғаны жөн. Мемлекет білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында мектептердің үш ауысымда оқытуды қойып, бұл орайдағы мәселені шешуге тапсырма алды. Бұл өте қуанатын жағдай. Елбасыға осы үшін риза болдым, – дейді ұлағатты ұстаз Серік Сұлтанбекұлы.
Оның қарапайымдылығы соншама, Чернобыль апатын қалпына келтіруге қатысқанын ешкімге тіс жарып айтпай, берілген медальді қарулас жолдастары өздері әкеліп тапсырғанда ғана бірақ білдік. Бүгінде Секең аяулы жар, ардақты әке, сыйлы, тәжірибесі мол әріптес. Олай дейтінім, әріптесімнің еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі курсқа келген тыңдаушылармен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген ұстаздардың ниеті мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған мамандық иесі.
Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық тыңдаушыларын, институтын шексіз сүйетін оқығанын көңіліне тоқып, өмірден түйген жеке қасиеттерін жүрегімен өз тыңдаушыларының бойына дарыта білетін азамат десем менің пікіріме ешкім таласқа түспейтіні айдан анық екенін білемін. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір біліктілігін арттыруға келген ұстаздарға асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауы Секеңнің парасаттылығы және сабырлығының нәтижесі деп білемін.
Өйткені, оның қарапайым да сыпайы мінез-құлқы, киім киісі, мәдениетті әр сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі тыңдаушыларға да, әріптестеріне және Көкше жұртшылығына да үлкен өнеге. Әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға ғана берілетін қасиеттер екені айтпаса да түсінікті.
.
Марат САЙДАЛИН,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Ақмола облысы бойынша филиалының бұқаралық-ақпарат және баспа қызметімен байланыстар бөлімінің жетекші маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар