Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Орамды ойларымды ортаға салсам... - АРҚА АЖАРЫ

Орамды ойларымды ортаға салсам…

Елбасының Жолдауындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткендей өткенімізді түгендеп, тарихымызды, оның ішінде сонау алмағайып заманда елдің ел болып қалуы үшін бел шешпей күресіп өткен тұлғаларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізу аға буын өкілдерінің парызы деп білуіміз керек. Осындайда елдің жағдайын ойлап, халқымыздың есесін ешкімге жібермейміз деп жүрген намысты азаматтар Көкше өңірінде де жеткілікті.

Аттарын атап түстерін түстемей-ақ, Көкшетау қаласында елуден астам көшенің аттарын қазақшаға өзгертеміз дегендегі пікірталасты КТК арнасынан республика халқы түгелдей көріп, көздері жетті. Осы мысалдың өзінен-ақ, елім дегенде ереуіл атқа ер салуға дайын тұрған ұлтжанды азаматтарымыздың бар екендігі көңілге қуаныш пен сенім ұялатады. Бұл мәжіліске қатысқан азаматтар сонымен қатар, ел мен жердің иесінің кім екенін көрсетіп берді.
Көкше өңірінде өңірімізге танымал азамат Мұрат қажы Ыдырысұлы. Мұрат қажының қайырымдылық іс-шараларға да атсалысып жүргенінен көпшілік хабардар болуға тиіс. Елбасының Жолдауындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағытында республика көлемінде көптеген жұмыстар атқарылды. Осы Жолдаудың аясында жерлесіміз Мұрат қажы «Абылайдың қара жолын» жаңғырта отырып, мемлекеттік деңгейде маңыз беруді ұсынған. Бұл тақырып аясында облыстық «Арқа ажары» газетінде «Абылайдың қара жолын білесіз бе?» деген тақырыпта мақаласын да жариялады.
Мақалада «Абылайдың қара жолы» керуен жолы деп жазылып, жолдың солтүстіктен-оңтүстікке қарай кететінін айтады. Ал, енді Абылайдың қара жолы туралы өз естігеніммен бөлісетін болсам, қара жол өзім туып-өскен Біржан сал ауданы Құдықағаш ауылының шығыс жағындағы Жыланды тауының салпысымен шығысқа қарай бет түзейтін. Біздің бала кезімізде жолдың сұлбасы қарайып жататын. Осындай саяси, діни, әлеуметтік астары бар іс-шараларға қатысып, өзінің үлесін қосып жүретін азаматтардың бірі «үлкендер бұл жермен Абылай хан қалың әскермен, мыңдаған сойыс малдарымен өткеннен кейін көп жылдарға дейін шөп шықпаған деп айты отыратын» деуші еді. Ақсақалдардың айтуы бойынша, Абылай хан өзінің Көкшедегі ордасынан шығыстағы құба қалмақтарға қарсы аттанғанда қалың қолмен Салық молла зиратының жанымен, Жыланды тауының салпысымен шығысқа жол тартқан. Жорыққа аттанбас бұрын әскер мен ханның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күн ілгері шолғыншылар жүріп отыратын болған. Шолғыншылар күні бұрын Жыланды тауындағы үңгірге келіп бекінген екен деп отыратын. «Абылайдың қара жолының» шығысқа қарай кетуінің тағы бір дәлелі Ерейментау жерінде жоңғарлармен қатты ұрыс болып, қазақ әскерінің жеңіске жетуі. 1993 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланғанда республика бойынша тұңғыш құрылған Ақан-Абай автокеруенінің құрамында болып 6 мың шақырым жол жүрдік. Сол сапарда Ерейментау ауданында екі таудың ортасында қатты ұрыс болған жерде болдық. Сонда Ереймен деген атаудың өзі сол ұрыста өлген жоңғардың жауынгерінің атының үстіндегі ерімен бірге салақтап бірге кетуінен туған дегенді естігенбіз. Қазақ жасағы Ерейменнен әрі қарай қазіргі Павлодар облысы арқылы шығысқа қарай жерімізді жаудан тазартып Тарбағатай, Алтай тауларынан асырып тастағаны тарихтан белгілі. Қазіргі Степногорск, Павлодар, Семей, Өскеменге баратын автомобиль жолы Абылай ханның «Қара жолының» бағытымен салынған ба дерсің. Сондықтан, біздің бала күніміздегі әңгімелерден естігеніміз бо-йынша «Абылайдың қара жолы» тек керуен жолы ғана емес, Абылай ханның әскерінің жорыққа аттанған жолы және ол оңтүстікке емес, шығысқа баратын жол болып санамызда қалыптасқан.
Абылай ханның шолғыншылары келіп бекінетін Жыланды тауы туралы да аңыз әңгімелер көп. Соның бірі өткен ғасырдың басында Ленин бастаған коммунистердің Кеңес өкіметін орнатамыз деп ағайындыларды ақ пен қызылға бөліп қырқыстыруында. Бір-біріне немере ағайын болып келетін Сатыбай болыс қызылдар жағында, ал, інісі Балташ ақтар жағында болады. Сонау аласапыран кезеңде қызыл коммунистердің белең алып келе жатқанын сезген Балташ осы Жыланды тауындағы Абылай ханның жасағы бекінген үңгірге қару-жарақ пен алтын тыққан деген аңыз бар. Осы үңгірдің қай жерде екенін білетін бір ақсақал ауданымыздағы Яблоневка селосында тұрады дегенді де бала күнімізде еститінбіз. Ауылымызда тарих пен әдебиетті өте жақсы көретін балуан денелі Әлім деген ақсақал сол қарттан үңгірдің жобамен қай жерде екенін сұрап біліп іздеп барып таба алмапты. Кезінде алтынды бауырына басып жыландар мекендеген Жыланды тауы кәрі тарихтан көп сырды бүгіп жатқаны кәміл. Өзім Петропавлда институтта оқып жүргенде ғалымдар мен студенттерден жасақталған ғылыми-зерттеу экспедициясы тарихи жерлерді зерттеуге шығарда Жыланды тауын ұсынған едім. Сөйтіп, зкспедиция жаз шыға келіп, зерттемек болуға жоспар құрмақ болған-ды, бірақ, Кеңес өкіметі тарап бәрі жайына қалды. Енді міне егемендік алғанымызға отыз жылға жуықтағанда жоғымызды түгендеп жатқан жайымыз бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланбас бұрын, тарихымызды түгендесек кім қой деп айтар еді, бұдан біздің идеология жұмысының ақсап тұрғандығы да байқалады. Дегенмен де «ештен кеш жақсы демекші» жақсы бастамаға қолдау көрсетіп, білгенімізбен бөліссек нұр үстіне нұр емес пе.
Амантай БЕЙСЕКЕЕВ.
Құдықағаш ауылы,
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар