Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы міндеттерді халыққа түсіндіру мақсатында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Құдайберген Ержан, Қабиболла Жақыпов, Дархан Мыңбай және Шавкат Өтемісов Қорғалжын ауданында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Аудандық аурухана, Кеңбидайық орта мектебі және Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында өткен кездесуде Мәжіліс депутаттары денсаулық, білім саласында қол жеткізген табыстарымыз, ел экономикасын арттыру жолындағы игі бастамалар, қарапайым халыққа жасалып отырған шынайы қамқорлық қазақстандықтардың әл-ауқатының артуының нақты көрінісі екендігіне тоқталды.
Сонымен қатар, депутаттар Елбасы өзінің Жолдауында «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң әзірлеу туралы тапсырма бергенін атап өтті. Олардың сөзінше, бұл құжатты талқылауға қоғам өкілдерінің белсенді атсалысқаны маңызды.
– Бүгінгі таңда педагогтар өздерінің басты міндеті бала оқытудан бөлек, өзге де жұмыстарға тартылады. Мұғалімдерге 47 функция жүктеліп отыр, сондықтан, келешекте оны 5-еуге қысқарту қажет, – деп атап өтті депутаттар.
Ал, тұрғындармен өткен кездесуде, депутаттар Жолдауда айтылған зейнет демалысына шығу, мемлекеттік аппаратты оңтайландыруда селолық округ әкімдіктерін біріктіру, медицина қызметкерлері мен педагогтардың еңбекақыларын көтеру, тауар бағасының өсуін тұрақты ұстап тұру міндеттері туралы сөз қозғады. Аудан активінде республикалық ақпараттық насихат тобының мүшелері – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына аудан әкімі Бауыржан Ғайса қорғалжындықтар атынан алғысын айта келе, еліміздің мықты экономикасының арқасында Қазақстан дамудың барлық сатысынан мүдірмей өтетініне сенім білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.