Ақмола облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Бурабай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жанындағы «Термо-Транзит» кәсіпорнында инвестициялық бағдарламаның орындалуы жөнінде баспасөз турын өткізді.
«Термо-Транзит» коммуналдық кәсіпорны Щучинск қаласының тұтынушыларын жылумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның балансына 5 бу қазандығы мен ұзындығы 55,6 шақырым жылу жүйесі кіреді. Бу қазандықтары 194 көп қабатты үйге, 200 жер үйге, 7 барақ пен 428 кәсіпорынға жылу береді. Негізгі өндірістік қордың жаңартылған көздерінің бірі инвестициялық бағдарлама болып табылады. Осы бағдарлама аясында «Термо-Транзит» кәсіпорны өз күшімен жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізген. Кәсіпорын директоры Қазақстан Ідірісовтың айтуынша, 2017 жылдың инвестициялық бағдарламасы жылу жүйелерін ауыстыру мақсатында жасалып, осыған кәсіпорын қаржысы есебінен 22 259,71 мың теңге бөлінген. Бұл қаржы толық игеріліпті.
Біз №№ 3,12,18,20 бу қазандықтары мен №12 және №1 бу қазандықтарының жылу жүйелерін аралап көрдік. Инвестициялық бағдарламаның шараларын орындау аясында бірқатар көшелердегі жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіліпті. Мазут пен электр қуатын үнемдеу, жылу жүйелеріндегі шығынды азайту есебінен экономикалық тиімділік 1406,8 мың теңгені құраған. Бекітілген инвестициялық жоба аясында 12 бу қазандығының ұзындығы 289,2 метрді құрайтын жылу жүйесінің, №1 бу қазандығының ұзындығы 123 метрді құрайтын жылу жүйесінің учаскелеріне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. «Термо-Транзит» коммуналдық кәсіпорнының директоры Қазақстан Ідірісов өз сөзінде 2015 жылы кәсіпорында ұзындығы 1592,4 метр жылу жүйесінің құбырын ауыстыруға 2016-2020 жылдардың инвестициялық жобасы жасалғанын айтып өтті.
–Жобаны жүзеге асыруға кәсіпорын есебінен 107034,63 мың теңге жұмсалмақшы. 2018 жылы ұзындығы 362 метр жылу жүйесін күрделі жөндеуге 29 999,39 мың теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда бұл жұмыстың 95 пайызы орындалды. Барлық бу қазандықтарына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, мұндағы электр қондырғылар мен жылу жүйесінің учаскелері жөнделді. Жылу маусымына дайындыққа облыстық бюджеттен 300 миллион теңге және тариф сметасына енгізілген қаржы есебінен 37 502,8 мың теңге бөлінді. Жөндеу жұмысы басталардың алдында кәсіпорында 2018-2019 жылдарғы қысқы жағдайдағы жұмысқа бу қазандығы мен жылу шаруашылығын дайындаудың кешенді жоспары құрылып, келісілді. Бұл жоспарда бу қазандығы мен көмекші қондырғылардың техникалық мінездемесін қалпына келтіру бойынша бірқатар шаралар қарастырылған,– деді кәсіпорын директоры. Сондай-ақ, аудан әкімінің қолдауымен мамандандырылған ұйымдар бу қазандығы мен көмекші қондырғыларға энергетикалық аудит жүргізіпті. Әр бу қазандығындағы жылу жүйесінің гидравликалық тәртібін есептеу жұмысы орындалған.
Энергоаудит бойынша бу қазандығы қондырғыларының жұмыс тиімділігі тексерістен өткізілген. Энергоаудиттің барлық ескертулері жөндеу жоспарына енгізіліп, бүгінгі таңда жұмыстың негізгі көлемі орындалыпты. Электр қуаты шығынын азайту мақсатында арнайы бөлшек сатып алынып, барлық бу қазандықтарының электр энергиясын көп қажетсінетін қондырғыларына орнатылған. №20 бу қазандығын үзіліссіз әрі апатсыз энергиямен қамтамасыз ету үшін трансформаторлық шағын станция сатып алыныпты. №1 бу қазандығында электр қуатын үнемдеу мақсатында мазутты пармен жылыту қондырғысы сатып алынып, орнатылған. Бұл айына 3,5 миллион теңге үнемдеп, аталмыш қондырғының құнын бір айда жабуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, электр энергиясы шығынын азайту мақсатында электр қуатын бес есе үнемдейтін шамдар орнатылды. Барлық бу қазандықтары мен көмекші қондырғыларды жөндеудің кешенді жұмысы атқарылыпты. Кәсіпорын конденсатты қалпына келтіріп, 4,8 миллион теңге үнемдейтін болды. Шаруашылық тұңғыш рет әлеуметтік нысандардың, әкімшілік ғимараттар мен проб-
лемалы тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйесін гидропневматикалық жууды қолға алды. Биылғы жылы кәсіпорын бу қазандығы мен жылу жүйесін дайындаудың жөндеу жұмыстарына мердігер ұйымдарды тартпапты. Бұл жұмыстар тек қана кәсіпорын еңбеккерлерінің өз күшімен яғни, шаруашылық әдісімен жүргізілген. Мамандар өз жұмыс орындарында еңбек етіпті. Өйткені, олар бұл қондырғымен қыс айларында жұмыс істейтінін біліп, жөндеуді сапалы жүргізген. Оның үстіне бұл әдіс қаржы үнемдеуге септігін тигізген.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Бурабай ауданы.