Басымызға түскен бұл ауыр жағдай өткен жылдың 28 қыркүйегінде басталды. Ол сәтте әрине, ауырған баламыздың халі насырға шауып, осыншама күрделене түседі деп ойлаған жоқпыз. Бәрі бір Алланың қолында ғой. Алла жеңілдігін берсін деп тіледік.
Енді нақты мәселенің мәнісіне көшейік. Біз, Бектұрғановтар отбасы облыс орталығының іргесінде, Зеренді ауданының Қазақстан ауылында тұрамыз. Биыл 49-ға қараған ұлымыз Талғат Көкшетау қаласында тұрады. Жоғарыда осы баламыздың басындағы жағдайды айтып отырмыз.
Өткен күзде Көкшетау қалалық ауруханасына ауыр жағдайда түскен оған операция жасалды. Бірақ, бұл ота ойдағыдай нәтиже бермей, баламыздың сырқаты жалғаса берді. Сөйтіп, «әне кетті, міне кетті» дегендей, жағдайы қиындап, басымызға ауыртпалық бұлты үйірілді. Не істерімізді білмедік. Бар сенгеніміз жұрт «қолы жеңіл» деп айтатын хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Жаров еді. Расында да, жағдайды көріп, Талғатты емдеуді осы дәрігер өзі қолына алды.
Баламыз сол өткен жылдың 28 қыркүйегінде түскенінен, ауруханадан біржола тек биылғы 2018 жылдың 13 маусымында ғана шықты. Тәуір болған күндері ептеп үйге жіберіліп тұрды. Бірақ, бұл тәуір күндер оңайлықпен келмеді. Талғатымыз өте ауыр халде болып, бәрімізден маза кетті. Ауруханада жатқан жалпы, жарты жылдан астам уақытта алғашқысын қоса есептегенде, 4 рет күрделі ота жасалды. Оның соңғы үшеуін бөлімше меңгерушісі Нұрлан Жаров өзі жасады. Үнемі бізді баланың тәуір болатынына сендіріп, дем берумен болды.
Әрине, осы уақыт ішінде Талғаттың өміріне төнген қауіпті көріп, басымызға неше түрлі ойлар да келді. Қатты уайымға беріліп, басқа жерлерге де апармақшы болдық. Мәскеуде ағамыздың баласының келіншегі, яғни, өзіміздің келініміз де бар еді. Есімі бүкіл елге танымал, халқымыздың мақтанышы, ақын Кәкімбек Салықовтың қызы. Олар да тездетіп бізге алып келіңдер деді. Алматыдағы таныс-
тарымыз да көмектеспекші болып, сонда апаруымызды өтінді. Көкшетаудағы туысымыз Мағауия Рахымбергенов Астанаға апарайық деп бірнеше рет айтты. Алайда, солай істемекші болғанымызда, баланың өзі тағдыр не жазды, не де болса соны осы жерде көрейін деп осы үшеуінің біреуіне де баспады.
Ақыры, сенімі ақталып, біздің де Алладан сұрағанымыз болып, тек қана білікті дәрігер Нұрлан Жаровтың шипалы қолының арқасында ұлымыз бір ажалдан аман қалды деуімізге болады. Жоғарыда айтқанымыздай, маусым айында ауруханадан шығып, қазір ептеп денсаулығы жақсарып, жеңіл көлігін өзі ақырын жүргізу дәрежесіне жетіп жүр. Күні-түні басында отырып күткен келініміз Гүлмирадан, Түркияда оқып жатқан қызы Самалдан бастап жылап-сықтаған ауыр күндер ептеп артта қалғандай.
Бұл екі ортада ұлымызды аман алып қалған Нұрлан Жаровтың Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері болып қызметі өскенін естіп, шын жүректен қуанып, тілектес болып жатқан да жайымыз бар. Шынында да, мұндай азаматтар өссін, Нұрлан баламыз ол қызметке әбден лайықты азамат. Ұлымыздың аман қалғаны бірінші Алла, екінші осы Нұрланның арқасында деп білеміз. Өзінің де Талғатымызды
ауруханадан шығарарда «мұндай аурудан тәуір болғандар сирек, осы жарты жылда бөлімшеде жатқан ең ауыр науқас осы Талғат болды» деп айтқаны бар еді.
Адамға екінші өмір сыйлаған мұндай дәрігерге газет арқылы қалай бір ауыз алғыс сөзімізді айтпаймыз. Осы ой әу бас-
тан толғандырып жүр еді. Соның сәті енді түсіп отыр. Қайда жүрсең де, қайда істесең де аман бол, осылай абыройлы бол Нұрлан, Алла барлық тілегіңді берсін. Бұл саған және бөлімшедегі барлық қызметкерлерге біздің шын жүректен шыққан ата-аналық алғысымыз бен ақ тілегіміз!
Отан және Әлияш Бектұрғановтар отбасы.
Қазақстан ауылы,
Зеренді ауданы.