Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек.
Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын. Ал, 2017 жылдың сәуір айында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», – деді.
Қазақстан халқы үшін латын графикасына көшу әлемнің 48 елінде тұратын этникалық қазақтармен өзара қарым-қатынасты жақсартуға мүмкіндік туғызады, яғни Түркі дүниесімен рухани ынтымақтастығымыз артып, сол арқылы әлемге танылуымызға жол ашылады. Латын графикасы араб жазуы, кириллица және басқаларына қарағанда қолданысқа бейімдірек және оңай қол жетімді болып саналады. Латын әліпбиіне көшу барысында топонимикалық, антропонимикалық және терминологиялық мәселелерді шешу, ономастикалық атауларды реттестіру де өз кезегін күтіп тұрған маңызды сұрақтар. Жазу саласына реформа жүргізу барысында қазақ тілінің орфографиялық заңдылықтарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу келесі кезекте бірден-бір өзекті тақырыптардың бірі болатындығы белгілі. Ал, қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетпесек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз. Себебі, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналады, яғни, болашағы зор. Сондықтан, Елбасының шешімін қолдап, оның әрі қарай жүзеге асуына үлес қосуымыз қажет. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», – деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал, ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп беруде.
Қазақ тілі жазуының латын әліпбиіне көшуі біріншіден, заман талабы, екіншіден, латын әліпбиі жаһандану үдерісінде өркениетке жол ашып, түркі әлемімен бірігуге негіз болып отыр. Сонымен қатар, латын әліпбиінің түбі бір туыс елдермен өзара байланысты арттырудың да бір жолы екені анық. Бұл тұрғыда лингвистикалық қажеттілік: қазақ әліпбиіндегі дыбыстар құрамын қайта қарап, оның табиғи заңдылықтарын сақтау, саяси қажеттілік: түркі тілдес елдермен белгілі бір дәрежеде қарым-қатынас жасау, жаһандану тұрғысындағы қажеттілік: ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, өркениетті ел қатарына қосылуда тілді сақтап, дамыту, бәсекеге қабілетті, әлемдік білім, ғылым, техниканы меңгеруіне жол ашуға мүмкіндік жасау.
Латын әліпбиіне көшу бастамасы Қазақстанның рухани болмысы мен қоғамдық ой-сананы өзгертіп, оны жаңғыртуға зор үлес қосады. Яғни, бұл қадамды жүзеге асыруға саяси, экономикалық, әлеуметтік негіздеме және қоғам тарапынан сұраныс болды деп толық айта аламыз.
А.ПАЗЫЛОВА,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің аға оқытушысы.