Кеше Көкшетаудағы Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының
«Туған жер» жобасын жүзеге асыруда белсенділік танытып, «Жомарт жүрек-2018» сыйлығының лауреаттары атанған меценаттарды салтанатты жағдайда марапаттап, құттықтау сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді.
Бұл шара негізінен қоғамдық өмірді жақсарту жобаларының жетекшілері мен коммерциялық емес ұйымдарды және үздік азаматтық белсенділерді анықтауға бағытталған.
«Азаматтық жауапкершілікті жоғары қоятын қазақстандықтарды қоғамдық ынталандыру аса маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлер мен жергілікті қауымдастықтар дамуына үлес қосқан азаматтар марапатқа лайықты. Сондықтан, туған жерінің дамуына өз өмірін және табысының бір бөлігін арнаған азаматтарды мадақтау үшін Азаматтық қоғам істері комитетіне «Жомарт жүрек» салтанатын ұйымдастыруды тапсырамын» – деген болатын Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.
Қазақстандағы қайырымдылық және өнер қайраткерлерінің идеялары мен өз аймағының әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған азаматтық белсенділіктің үздік тәжірибесін насихаттау, кіші Отанын дамытуға қатысқан еріктілер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес-құрылымдарының өкілдері мен халықты ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған шарада ие болды.
Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты жағдайда марапаттады.
«Жыл меценаты» аталымын Сандықтау ауданының «Свободный» серіктестігінің директоры Александр Закусилов, Есіл ауданы «Заречный» серіктестігінің директоры Уәлихан Әріпов, «Туған өлке» аталымы бо-йынша Қорғалжын ауданынан «Түсіпбеков» жеке кәсіпкер Құралай Түсіпбекова мен «Группа Компаний…» серіктестігі директорлар кеңесінің жетекшісі Ардақ Балтабеков және Целиноград ауданы «Көкше Жемчуг» серіктестігінен Қанат Жакенов, Целиноград ауданынан Бауыржан Исабаев пен «Сандықтау» серіктестігінің директоры Жамул Мусханов. Өзге де жеңімпаз меценаттар түрлі аталымдар бойынша сыйлықтарды алды. Ал, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясына «Болашақ» мүгедектер қоғамдық ұйымының жетекшісі Амангелді Қапанов қол жеткізді. Целиноград, Сандықтау ауданының әкімдіктері «Туған жер» бағдарламасы бойынша үздіктер қатарынан көрінді.Шара барысында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ринат Галлямов та жеңімпаздарды құттықтай отырып, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.