Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын мұқият оқыдым. Расында да әр ұлттың жылнамасына көз жүгіртсек, олардың төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатысты болып келеді.
Мақалада Ұлы даланың жеті қырының бірі – ежелгі металлургия жөнінде айтылған. Қазақстан аумағында тау-кен ісі – металлургия қола дәуірінен бастап дамыды. Осы кездегі кен орындарының көпшілігі ерте темір ғасырында да кен өндіруді тоқтатқан жоқ. Ежелгі металлургия орталықтары Орталық және Шығыс Қазақстанда болды. Темір өндірісі біздің заманымызға дейін жетінші ғасырда пайда болған. Металлургияның дамуы мыс пен полиметалл, алтын мен күміс кен орындарын игеру кезінде кендерден металдарды балқытып алу шеберлігіне байланысты болған. Ежелгі металлургтер көптеген әртүрлі құралдарды пайдаланды.
Тау-кен өндірісінің тас құралдарына келсек, бұл кен мен тау жыныстарын қопаруға арналған салмағы 40 келіге дейінгі қуатты шой балғалар, кен кесектерін уатып-ұсақтауға арналған ірі тас балғалар, салмағы 10 келіге дейінгі сына пішіндес тас қайлалар немесе кенді уатуға арналған шоттар. Одан әрі кен шикізаттарын уақтап-балқытуға арналған анағұрлым жеңіл түрдегі қол балталар, балғалар мен келсаптар пайдаланылды. Құралдардың едәуір бөлігі кенді қоспалардан тазартып, сұрыптауға арналды.
Әрі қарай металды кеннен балқытып алу кезеңіне келейік. Кеннен алдын ала балқыту арқылы қоспа алынды. Балқыту үшін шахта пеші пайдаланылды. Оның құрылысы дөңгелек немесе тікбұрыш пішінді шахта болып келеді де, жоғары жағына кен қоспасы мен отынды толтыра салып, ал төменгі бөлігіндегі тесік арқылы ауа үрлейді. Бұлайша балқыту 450 дейінгі температурада өте қарапайым түрде жүзеге асырылды. Қазақстан аумағында табылған қоладан жасалған бұйымдарының құрамында қорғасынның, мышьяктың, никельдің және сурьманың қоспалары да кездеседі.
Ерте темір ғасыры кезеңінде Қазақстандағы тайпалар темір өндіруді игерді. Шеберлер құю технологиясының түрлі әдіс-тәсілдерін меңгеріп, техникалық өңдеу арқылы бұйымдарға кез келген пішін бере алды. Жыртқыш аңдардың бейнелері салынған ат әбзелдері, таналар мен тоғалар құюшы шеберлердің қолымен жасалған. Қазақстан аумағындағы тұрақтардан табылған заттар мен құралдар үш топқа бөлінеді: қару-жарақ, ат әбзелдері және әшекей бұйымдар. Біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.
Қайрат ҚАЛМАНБАЕВ,
«Тыныс» акционерлік қоғамының
бас директоры.