Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Бурабай курортты аймағында өткен «Көңілді старт» бағдарламасының баламасы – республикалық
«Мен –чемпион!» балалардың спорт ойындары финалдық кезеңінің жабылу салтанатына қатысып, жеңіске жеткен командаларға сый-сияпат жасады.
Бұл дәстүрлі жоба биыл халықаралық деңгейде өтіп отыр. Оған еліміздің 13 өңірінен 12-14 жастағы балалар қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Сонымен бірге, Өзбекстаннан және Ресей Федерациясының Омбы және Қорған облыстарынан да екі команда қатысып, күш сынасты. Тартысты өткен жарыста Қарағанды облысынан келген «Арыстан» командасы бас жүлдені жеңіп алса, Ақмола облысының «Жолбарыс» командасы екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орын Өзбекстан елінен келген команданың еншісіне тиді.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин тұңғыш рет халықаралық дәрежеде өтіп отырған жарысқа қатысқан жас спортшылардың бәріне жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, осы айтулы шарадан естелік ретінде оларға сайыстың эмблемасы салынған қол сағатын тарту етті. Сонымен бірге, жүлделі орын алған Қарағанды облысы команданың капитанына айфон телефонын сыйға тартты. Сыйлықтан басқа жүлдегер командалар да құр қалмады.
Өз кезегінде «Мен – чемпион!» балалардың спорт жарыстары телевизиялық жобасының бас продюсері Евгений Сазонов жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тиісті жағдай жасаған облыс, аудан басшылығына зор алғысын айтты. Омбы облысынан келген команданың капитаны, сол аймақта тұратын қазақтардың мәдени қоғамының төрағасы Жанат Бекмағамбетов те жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, осындай жарысты ұйымдастырған азаматтарға ризашылығын жеткізді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бурабай ауданы.