Кеше Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин «Көкшетау» мәдениет сарайында салтанатты жағдайда аталып өтілген Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні құттықтау сөз сөйлеп, егіншілік және мал шаруашылығы салаларында үздік көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар аудандар мен шаруашылықтар және кәсіпорындар басшыларына, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен жекелеген еңбек озаттарына түрлі сый-сияпаттар жасап, құрмет көрсетті.
Салтанатты жиынға ауыл шаруашылығы өндірісінің ардагерлері, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, шаруашылық басшылары мен фермерлер, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, өңдеу және ұқсату кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин салтанатты жиын басталмай тұрып алдымен, мәдениет шаңырағына кіре берісте орналасқан облыстың өңдеуші кәсіпорындары өндірген азық-түлік тағамдарының шағын көрмесін аралап көрді. Көрме сөресіне «Ақсай-нан», «Бижан ЕӨК», «Айжар», «Нәтиже», «Үш бұлақ-2005», «Агро инвест-2015», «Сочинский», «Агротрейд Көкше» серіктестіктері тәрізді бірқатар жергілікті кәсіпорындар өндірген ұн, әртүрлі нан мен тоқаш, ет пен сүт өнімдері, жұмыртқа, сұйық май және көкөніс қойылған.
Биылғы ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне облыс агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері көтеріңкі көңіл-күймен келіп отырғаны анық. Өйткені, кезекті шаруашылық жылы ойдағыдай аяқталып, көктемгі егістен бастап жауапты науқандардың бәрі ойдағыдай өтті. Сөйтіп, облыс еңбеккерлері аймақтың азық-түлік молшылығын жасауда республика бойынша негізгі орындардың бірін алатынын тағы бір дәлелдеп, әсіресе, астық өндірісінде мол өніммен қуантты. Осының бәрі салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев жасаған баяндамадан да барынша көріне түсті. Онда жыл бойы аграрлық секторда атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер жан-жақты қамтылып өтті. Күрделі табиғи-климаттық жағдайға байланысты ауыл еңбеккерлері үшін биылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстары оңайға түскен жоқ. Алайда, соған қарамастан, диқан қауымының адал еңбектері мен маңдай терлері ақталып, облыс бойынша 3,4 миллион гектар алқаптың әр гектарының орташа түсімі 13,0 центнерден айналып, барлығы 5,6 миллион тоннадан астам астық жиналды. Сөйтіп, жиналған астықтың көлемі жағынан Ақмола облысы республика бойынша ең алдыңғы орынға шықты. Сонымен бірге, картоп пен көкөністің де қажетті қоры да-йындалды. Бұл ақмолалық диқандардың зор жеңісі болып саналатыны даусыз.
Осындай толымды табыс егіншілік мәдениетін жақсарту және трактор-комбайн паркін қайта жарақтандыру нәтижесінде келді. Айталық, 2018 жылы жаңадан 225 трактор, 229 астық комбайны, 63 егін себу кешені сатып алынды. Бұлардың бәрі шетелдік өнімділігі жоғары осы заманғы техникалар. Мұның пайдасы көктемгі егісте де, егін орағында да жақсы байқалды. Әрине, техника қаншалықты сенімді болса да, ел ырыздығын еселейтін диқан қауымының өзі, оның күнді түнге ұластырған ақадал маңдай тері. Осы тұрғыдан алғанда, егінжай ерлері қолдан келгеннің бәрін жасап, өздерінің қажырлы еңбектерінің арқасында тұтастай ел мерейін үстем етті.
Облыста осы тұрғыда егіншілік саласындағы табыстармен бірге, ауыл шаруашылығының ілгері басып келе жатқанын айқындайтын басқа да сапалы өзгерістер баршылық. Соның ішінде биыл 15,1 миллиард теңгенің 13 инвестициялық жобасының іске асырылып жатқандығы да қуантады. Биыл облыс өзінің экспорттық әлеуетін де арттырып, жиналған 6 миллион тоннаға жуық астықтың 2 миллион тоннасын экспортқа шығара алатын мүмкіндікке де ие болып отыр. Бұл да берекелі жылдың бір жемісі. Сонымен бірге, соңғы уақытта өңдеуші кәсіпорындардың неғұрлым толық қуатында пайдаланылуын да айтпай болмайды. Мәселен, элеваторларға астықтың құйылып алынуы 88 пайызды құраса, ет өңдеу қуаты 55, сүт өңдеу қуаты 80 пайызға жеткізіліп отыр.
Мал шаруашылығында да осындай табыстарды көлденең тартуға болады. Біріншіден, төрт түлік мал санында айтарлықтай өсім бар. Қазір облыс-та бір мезгілде он мың басқа дейін ірі қара мал бордақылауда тұр.
Осындай нақты мысалдармен агроөнеркәсіп кешеніндегі оң өзгерістерге салтанатқа қатысушылар көзін толық жеткізе келе, баяндамашы өз сөзінде осы қол жеткен табыстармен тоқмейілсуге әсте болмайтындығын да өз баяндамасының өзегі етті. Мемлекет ауыл шаруашылығына субсидияны бұрнағы жылдардағыдан әлдеқайда көп бөлуде. Мысалы, биылғы жылдың өзінде ғана облыс ауыл шаруашылығы еңбеккерлері Үкіметтен 25 миллиард теңгенің тегін субсидиясын алды. Алдағы уақытта да бұл сома ұлғаймаса, кемшін түспейтіні анық. Осының бәрінің тиісті қайтарымы болуы керектігі де түсінікті. Ол үшін әсіресе, өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Мемлекет басшысы алға қойып отырған цифрландыру мәселесіне де көп көңіл бөлінуі керек. Бір құптарлығы, біздің облыс «Цифрлық Қазақстан» пилоттық жобасына кіріп, салада цифрландыру жұмыстары кең қанат жайғалы отыр. Қазірдің өзінде көптеген егістік алқаптары, сонымен бірге, мал шаруашылығында үш тауарлы-сүт фермасы толық цифрландырылып үлгерілді. Елбасы жоғарыдағы Жолдауында еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру міндетін қойып отыр. Осыны ақмолалық агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері де басты міндет деп білулері қажет. Олай болса, салаға жаңа серпін керек. Әсіресе, жаңа тиімді жұмыс әдістеріне мән беріліп, ауыл шаруашылығы жерлерін мол қайтарыммен, кеңінен пайдалана білуге бағыт ұсталуы тиіс. Төрт түліктің тілін тауып, жер емшегін еме білген ақмолалық еңбеккер қауым алдағы уақытта да заманның өзі талап етіп отырған ізденісті қадамдардан таймай, бүгінгі қол жеткен табыстарды одан әрі де еселей түсетініне сенім мол. Осыны айтып, ауыл еңбеккерлерін, әсіресе, осы салада үлкен із қалдырған еңбек ардагерлерін тағы бір мәрте төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары жиналғандарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жылда өз еңбектерінің жемісін көру несібесін тіледі.
Бұдан кейін Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин сахнаға көтеріліп, жиналғандарды Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтады. Өз сөзін:
– Өткен жылы Елбасы жұмыс сапарымен Ақмола облысында болғанында Зеренді ауданының егіс алқабын да аралады. Сонда біздің диқандарға қарата, «сіздер ең таңдаулысыздар» деп тегін айтқан жоқ. Мемлекет басшысының берген осы жоғары бағасын еселі еңбекпен барынша ақтап шықтыңыздар. Сол үшін сіздерге көп рахмет,–деп бастаған облыс басшысы бұдан кейін биылғы шаруа жылында жүзден жүйрік шығып, топ жарған жеңімпаздарды тиісті сый-сияпаттармен қуантты.
Биыл облыс аудандары климаттық жағдайларына және топырақ құнарлылығына байланысты үш аймаққа бөлініп, соның әрқайсысында жарыс жеңімпаздары қарастырылған болатын. Осы үш топтың әрбіреуінде астық өндірісі бойынша Жақсы, Сандықтау және Целиноград аудандары табыс биігінен көрінді. Сөйтіп, бұл үш ауданға облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Мәселен, Жақсы ауданы топырақтық-климаттық жағдайы үшінші аймаққа жататын аудандар арасында үздік болып танылды. 428,7 мың гектар алқаптан 613,4 мың тонна астық жиналды. Әр гектардың түсімі 14,3 центнерден айналды. 11,4 мың тонна майлы дақылдар өндіріліп, 55,8 мың тонна тұқым құйып алынды. 60,1 мың тонна шөп дайындалды. 72,1 мың гектар сүдігер жыртылды.
Астықтың шығымдылығы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген Есіл ауданындағы «Заречный» серіктестігі, Сандықтау ауданындағы «Айдос» шаруа қожалығы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Астық қабылдайтын кәсіпорындар соңғы жылдары технологиялық қондырғыларды жаңғыртуда. Бұл барлық жиналған астықты толық сақтауға мүмкіндік береді. Үздік астық қабылдау кәсіпорны аталымы бойынша Жарқайың ауданындағы «Ақбидай» серіктестігіне де облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Барлық дала жұмыстарын өткізуде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үлкен маңызға ие. Бұл мәселеге де ерекше назар аударылуда. Осының арқасында орақ науқаны кезінде еңбек өнімділігі артты. Өнім көлемін көбейтуде Қорғалжын ауданындағы «Sara Grain» агро фирмасы» серіктестігінің комбайншысы Серік Ыбыраев, Бурабай ауданындағы «Бурабай 2007 АФ» серіктестігінің механизаторы Александр Власов, Жақсы ауданындағы «Айбат» серіктестігінің жүргізушісі Мақсұт Нұржанов, Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» серіктестігінің бас инженері Григорий Черненков, Шортанды ауданындағы «Жәкен-1» серіктестігінің бас агрономы Вольфган Загерт өз мамандығының үздігі атанды. Облыс әкімі өз істерінің шеберлеріне Алғыс хатын табыстап, ризашылығын білдірді.
Елбасы мал өсірудің қазіргі заманғы технологиясын енгізу және селекциялық асылдандыру жұмысын жақсарту есебінен мал шаруашылығы саласын дамыту бойынша да тапсырма берген болатын. Облыста мал бордақылайтын мамандандырылған кәсіпорындар жүйесі жұмыс істейді. Мал шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Зеренді ауданы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, Егіндікөл ауданындағы «Рост Агро ЛТД» серіктестігінің малшысы Серік Әбілдинге, Ерейментау аудандық ветеринария бөлімінің мал дәрігері Төлеген Сереновқа, Астрахан ауданындағы «Колутон-04 АШК» серіктестігінің бас зоотехнигі Сейілхан Қасеновке, Аршалы ауданындағы «Поис агро фирмасы» серіктестігінің бұзау күтушісі Марина Петриге құрмет көрсетілді.
Бүгінгі таңда облыста Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінуде. Өнімнің бір бөлігі шетелдерге экспортталуда. Сүт өндіруде Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы», Зеренді ауданындағы «Milk Project» серіктестіктері көш бастап келеді. Аталмыш серіктестіктер мен Ерейментау ауданындағы «Хамзе» шаруа қожалығының сауыншысы Райхангүл Қасенова облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Өңірде құс шаруашылығы қарқынды дамуда. Целиноград ауданындағы «Капитал Проджект ЛТД» серіктестігінің құс фабрикасы 12,2 мың тонна құс өнімін өндірді. Аталмыш кәсіпорын мен Ақкөл ауданындағы «Үш бұлақ 2005» серіктестігінің құс бағушысы Альсина Ниязова да облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу серпінді дамуда. Ет өнімін өндіретін үздік кәсіпорын аталымы бойынша Көкшетау қаласындағы «Бижан ЕӨК» серіктестігі лайықты түрде облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы жаңа кәсіпорындар құрылысы бойынша жұмыстар одан әрі жалғасуда. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен Біржан сал ауданындағы «КиД» шаруа қожалығының басшысы Александр Бузань, Бурабай ауданындағы «Қажымұрат» шаруа қожалығының басшысы Сабыр Жаналин, облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Гүлім Кенжеғаринова, ал, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен Астрахан ауданындағы «Колутон-04 АШК» серіктестігінің директоры Петр Подоксенов, Жарқайың ауданындағы «Мәдияр.К» серіктестігінің директоры Борис Кузнецов марапатталды. Сондай-ақ, «Еңбек ардагері» медалі бар саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған Кенжеғали Сейітқалиевке, «Құрметті ардагер» медалі Зеренді ауданындағы «Викторовка» серіктестігінің директоры Владимир Андрюхинге табыс етілді.
Салтанатты жиын барысында кешегі Кеңес Одағы кезінде еңбектің тайқазанын қайнатып, егіншілік пен мал шаруашылығының қаһармандары атанған Социалистік Еңбек Ерлеріне де барынша құрмет көрсетіліп, облыс әкімі өз қолынан Сағила Есенжолова, Сүйіндік Исмағамбетов, Есілбай Қадырәлин мен Валентин Щербаковқа бағалы сыйлықтар тапсырды. Бұл еңбек майталмандарының қатары да жыл өткен сайын сиреп барады. Қазір төртеуі ғана қалыпты. Ел игілігі жолындағы кешегі адал еңбектері ескеріліп жатқанына қуана отырып, ұзақ ғұмыр тілейсің. Сонымен бірге, осы салтанатта еліміздің аграрлық секторының дамуына және 2018 жылдың орақ науқанына елеулі үлес қосқан ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің тағы бір үлкен тобына облыс әкімінің Алғыс хаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталары мен басқа да марапаттардың бары, олардың жергілікті жерлерде, аудан активтерінде тапсырылатындығы хабарланды. Шараға қатысушылар үлкен концерттік бағдарламаны тамашалап, мерекелік дастарханнан дәм татты.
Осылайша кейінгі жылдары берік дәстүрге айналған ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні облыста атқарылған толымды жұмысқа, төгілген ақадал маңдай терге лайық зор өрлеумен атап өтілді. Жыл он екі бойы ең ауыры, ең күрделісі осы диқан қауымы мен малшы қауымның еңбегі ғой. Бізді әсіресе, бұл салтанатты жиында аязда тоңып, аптапта күйіп, ел ырыздығын еселеумен жүрген қарапайым жұмысшылардың еңбегінің еленгені қуантты. Жүлде алып жатқан кейбір озат комбайншылар биылғы маусымда шетелдік комбайнмен 5-6 мың тоннаға дейін астық бастырған. Нағыз жанқиярлық еңбек осы емес пе. Облыс агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің алдында әлі де тек қана таудай талап, зор қайратпен еңсерілетін үлкен міндеттердің тұрғаны белгілі. Бүгінгі салтанат көрсеткеніндей, сол биік асулардың да алынатынына, ерлер еңбегі әрі қарай да жанатынына сенім мол.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Рамазан ТІЛЕУОВ,
Аслан ОСПАНОВ,
Берік ЕСКЕНОВ (фото)
«Арқа ажарының» өз тілшілері.