Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласын оқып шыққанда айтылған сөздер көңіліме қонды. Президенттің бұл жолғы мақаласында көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізуді және терең зерделеуді талап етеді. Өзіңнің тарихыңмен мақтанып қана қоймай, сол тарихтың қыр-сырларын сараптап, ғылыми негізде болашаққа бағдар жасау өте өзекті. Біз жаһандану заманына тарихымызды саралап, ұлттық құндылықтарымызды айқындап алып, енуіміз қажет. Осы тұрғыда өзіміздің тарихымызды түлету күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қойылатыны анық.
«Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни, Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды», – деп атап өтті Елбасы.
Расында да, Елбасы айтқандай, сол Жібек жолының «дәлізі» арқылы бүгінгі таңда еліміздегі теміржол Қазақстан экономикасының күре тамыры ретінде кең байтақ республикамызда жүк және жолаушылар тасымалдауды қамтамасыз етуде. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы филиалының Ақмола магистральдық желілері бөлімшесі Солтүстік Қазақстанның үш ірі өңіріне транспорттық қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, іргелес Ресейге де біздің теміржол арқылы өтеді. Яғни, ежелгі Жібек жолы қазір теміржол арқылы қайта жаңғырып, Азия мен Еуропа құрлықтарын жалғастырып отырған жайы бар.
Өз басым осы мақаламен танысып шыққан теміржолшылар ондағы жазылған мәселелермен толық келіседі деп есептеймін.
Алмагүл ШІРКІМБАЙ.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның филиалы Ақмола магистральдық желілері бөлімшесінің персоналмен жұмыс істеу бөлімінің басшысы.