Кеше Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен «Отан тарихы және Рухани жаңғыру» кафедрасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
Шараның басты мақсаты – жастар арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды дамыту, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту. Алдымен университет ректоры Марат Сырлыбаев кіріспе сөз сөйлеп, «100 жаңа оқулықты оқу үдерісіне енгізу» бағытындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады және бүгінгі күні тарих, заңтану, өнер және спорт факультетінде «Отан тарихы және Рухани жаңғыру» кафедрасының ашылуымен құттықтады.
Шарада облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова күні кеше жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына толығырақ тоқталып, «Рухани жаңғыру» кафедрасының тұсаукесеріне қатысушыларды Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан құттықтай отырып, бұл тек оқытушылар мен қызметкерлер және студенттер үшін ғана емес, сонымен қатар, өңіріміздің барлық жұртшылығы үшін де айрықша оқиға екенін атап өтті.
– Бүгін біздің Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ашылып отырған республикадағы алғашқы «Рухани жаңғыру» кафедрасы. Ақмола облысының рухани және интеллектуалдық орталығы болып табылатын еліміздің ең үздік оқу орындарының бірі – біздің университетте құрылғаны үлкен құрмет. Университет алдыңғы қатарлы ірі оқу және ғылыми-зерттеу орталығы болып табылатынын, жоғары деңгейдегі мамандарды даярлауда жоғары әлеуетке ие екенін ескере отырып, ел Президентінің Әкімшілігі осы жобаны біздің өңірде іске асыруды ұсынып отырғаны біз үшін зор мақтаныш. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті алдағы уақытта да «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық патриоттық идея-
сын жүзеге асыру үшін білікті кадрларды даярлау бойынша маңызды ғылыми-білім беру мекемелерінің бірі болып қалуына және жаңа кафедраның табысты жұмыс істеуіне тілектеспін, – деді Айна Ермекқызы.
Одан әрі Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Е.Исімбаев құттықтау сөз алып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықты оқу үдерісіне енгізу жұмысы бойынша Тарих, заңтану, өнер және спорт факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Ақбота Бексейітова, менеджмент оқулығын оқу үдерісіне енгізу туралы аға оқытушы Серік Омаров, «Философия» оқулығын оқу үдерісіне енгізу туралы философия ғылымдарының кандидаты Рауза Абдуллина өз пікірлерін қосып, кафедраның ашылғанына ризашылықтарын білдірді.
Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева және университет оқытушылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.