Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Бурабайдағы «Айнакөл» отелінде бірінші аймақтық «Aqmola Tourism Awards»
байқауының қорытындысын шығаруға арналған салтанатты шараға қатысып, жүлдегерлерді құттықтап, өңірдегі туристік индустрияның даму барысынан хабардар етті.
Ауқымды іс-шара әлемдік киносыйлықтар жүйесінің озық дәстүрлерінде өткізілді. Облыстық туризм басқармасы ұйымдастырған шара дәстүрлі сипат алатын болады. Байқаудың негізгі мақсаты туризм индустриясында табысты жұмыс істеп келе жатқан туристік операторлар мен қызмет көрсету нысандарын анықтау және бұл бағыттағы жұмыстарды кеңінен насихаттау болып табылады. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы «Ғажайып Бурабай» байқауының мазмұнын арттыруға айрықша назар аударылады.
Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өз сөзінде: – Облыста Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі концепциясы, 2014-2016 жылдарға арналған облыстың туристік кластерін дамытудың жоспары Елбасының Бурабай курорттық аумағын жүйелі дамыту және жалпы туризмді дамыту туралы тапсырмасының шеңберінде жүзеге асырылуда, – деді Мәлік Кеңесбайұлы. Өңірде 784 туристік ұйым қызмет көрсетеді. Оның ішінде сауықтыру мекемелері, туристерді орналастырумен айналысатын нысандар, жол бойындағы сервистік нысандар бар. Статистикалық деректерге сүйенсек, туризм индус-триясы көрсеткішінің тұрақты өсуі байқалады. Қазақстан Республикасында туризм индустриясын дамытудың кезеңдік бағдарламасын жүзеге асыру барысында облысымызға келушілер саны 1 миллион адамға жетті. Оның тең жартысы жаз айларында дем алды. Туристік саланың көрсеткен қызмет көлемі 4 миллиард теңгеге жетіп, 2,7 есе өсті. Өткен жылы мемлекеттік бюджетке туристік қызметтен түскен салық пен өзге де төлемдер 1,2 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ, туристік нысандар саны да көбейді. Бағдарламаны іске асыру барысында облыста туризм инфрақұрылымының 90 нысаны салынса, бірқатары қалпына келтірілді. Сөйтіп, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл орайда, туристік бизнес және ақпарат құралдарының өкілдері ортақ іске салмақты үлес қосуда.
Бұдан кейін облыс әкімі «Ғажайып Бурабай» байқауының 5 аталымы мен
3 жүлделі орындарының жеңімпаздарын марапаттау рәсімін бастап, «Интернет-медиадағы үздік мақала» аталымында 1 орын алған «Елана.kz» тілшісі Дахан Шөкшірге 500 мың теңгенің, 2-3-ші жүлде иелері Оксана Матасова мен Қанат Маханбетке сәйкесінше 300 және 200 мың теңгенің сертификаттарын тапсырды.
Сондай-ақ, «Үздік телематериал», «Үздік газет мақаласы», «Радио хабары», «Үздік блогер» аталымдарының жеңімпаздары және туристік бизнес қызметінің өкілдері марапатталды. Бұлардың қатарында «Круиз» туристік фирмасы, «RixosBorovoe» отелі, «Оқжетпес» санаториясы, «Жаңа өмір KZ» Бейбарыс демалыс аймағы бар.
Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.