АЛТЫН АДАМ

Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам».
Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті. Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі.

(Нұрсұлтан Назарбаев,
«Ұлы даланың жеті қыры» еңбегінен).

Алтын адамның қысқаша тарихы

Есік өзенінің сол жағалауында, Алматы қаласынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан сақ дәуірінің ірі қорымы Есік қорғандары қатарына кіреді. Олардың 45-і зерттелді. Олардың көпшілігі тоналған. Солардың бірі – патша қорымы тиісілмеген болып шықты. 1969-1970 жылдары К.А.Ақышевтың басшылығымен жүргізілген археологтардың қазба жұмыстары нәтижесінде «Алтын адам» деп аталатын сақ көшбасшысының бірегей, салтанатты алтын киімі табылып, қалпына келтірілді. Бұл алтын киімде ежелгі көшпенділердің әлемді қабылдауының мифологиялық жүйесі көрсетілген. «Скиф-сақ жануарлар стиліндегі» 4000-нан астам алтын бұйымдар көшпенділер өнерінің бірегей үлгісі болып табылады.
Бүгінгі таңда Алтын адам бейнесі Қазақстан тәуелсіздігінің символдарының біріне айналған. Алматы қаласының бас алаңындағы Тәуелсіздік тұғырының ең төбесіне де осы Алтын адам бейнесі қойылған. 2010 жылы Есік қорғанының жанында «Есік» мемлекеттік қорық-мұражайы ұйымдастырылды.
Мұражайда Есік қорғаны қимасының макеті, Алтын адам бейнесінің көшірмесі, осы қорғандардан табылған көптеген археологиялық жәдігерлер қойылған. Мұражай қызметкерлері Есік қорғандарына экскурсиялар ұйымдастырып отыр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар