Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»
атты Жолдауындағы агробизнесті дамыту, халықты баспанамен қамту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағытында алға қойған міндеттері Бұланды ауданында да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бұған өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында айқын көз жеткізілді.
Журналистер баспасөз турын аудан орталығы Макинск қаласында жаңадан салынып жатқан 40 және 45 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысудан бастады. Қазіргі кезде аумағы 4,5 мың шаршы метрді алып жатқан құрылыс алаңында тұрғын үйлердің қазығы қағылып, іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Бұланды аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықовтың айтуынша, бұл Макинск қаласында соңғы жылдары салынып жатқан алғашқы жаңа көпқабатты тұрғын үй. Оны келер жылдың ортасында тапсыру жоспарланған.
– Қазір құрылыс жұмыстары қарқын ала бастады. Келер жылы пайдалануға берілген кезде пәтер кезегіне тұрған 85 адам баспаналы болады, – деді Сәкен Сыздықов.
Сонымен қатар, журналистер «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шаруасын дөңгелетіп отырған бес елді мекеннің бірі Капитоновка ауылының тыныс-тіршілігімен таныс-
ты. Іргелі шаруашылықтың арқасында ауыл тұрғындарының жағдайы жақсы, жұмыссыздық мәселесі шешілген. Серіктестік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде ауылға деген көмектен аянып отырған жоқ. Алайда, шешімін таппай жүрген мәселе де жоқ емес. Соның бірі ауыз сумен қамту. Ауыл тұрғындарының біразы суды үйлеріндегі құдықтан ішсе, кейбірі тіршілік нәрін тасымалдап ішуге мәжбүр. Округ әкімі де, ауыл тұрғындары да осы мәселе шешілсе екен дейді. Өткен жылы серіктестік өз қаражатына жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлегенімен, ол қолдау таппай аяқсыз қалыпты. Енді биыл осы мәселе оң шешілетінінен үмітті.
– Біздің агрофирма өңірде алғашқылардың бірі болып, нақты егіншілік әдісін тәжірибеге енгізді. Егістік алқаптары 100 пайыз цифрландырылды, – дейді «Журавлевка-1» серіктестігі директорының орынбасары Қайырниса Батталова.
Оның айтуынша, шаруашылықтың 38,5 мың гектар егістік жері бар. Бидайдан бөлек өзге де дақылдарды өсіруге көңіл бөлінген. Оның 7666 гектары майлы дақылдар, 11101 гектары арпа, 1735 гектары сұлы, 60 гектарға бұршақ дақылдары егіледі. Мал азығы 9 мың гектардан астам алқапта өсіріледі. Бұл шаруашылыққа ірі қара мен жылқы тәрізді түлік түрлерін дамытуға мүмкіндік береді. Шаруашылық меншігінде 1710 бас ірі қара (оның 571-і сиыр) және 265 жылқы бар. Бұған қоса, 788 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы да жұмыс істейді. Жалпы, кәсіпорында 435 адам еңбекпен қамтылып отыр. Олардың орташа айлығы 150 475 теңгені құрайды.
«Журавлевка-1» серіктестігі жергілікті тұрғындар мен жас мамандардың баспана мәселесін шешуге де белсенді атсалысып келеді. Жастардың білім алған соң туған
ауылына қайтып келіп, жұмыс істеуіне барлық жағдай жасауда. Ауыл мектебіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жыл сайын қаржы бөліп тұрады. Капитоновка орта мектебінде «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға осы серіктестік қолдау білдірді. Қыркүйектің 1-нен бастап мектепте ІТ сынып ашылып, балалар бағдарламалау, 3D модельдеу және робот құрастырудың қыр-сырын меңгеруде. Келешекте жаңа технология мен цифрландыру бағдарламасын үйренетін болады.
– Мен 5-ші сыныпта оқимын. ІТ сыныпта «Ғарыш және күн жүйесі», «Футбол» және «Жарыс» тәрізді ойындарды құрастырдым. Маған ІТ сыныбында жұмыс істеу өте қызықты. Келешекте бағдарламашы болуды армандаймын, – дейді Капитоновка орта мектебінің оқушысы Станислав Ковалев.
Осылайша баспасөз туры барысында журналистер Елбасы Жолдауында айтылған асқаралы міндеттердің Бұланды ауданында ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанына көз жеткізіп, ауылдардың тыныс-тіршілігіне қанықты.
Аслан Оспанов.
Бұланды ауданы.