Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен Астанада Ақмола облысы шаруашылықтары мен кәсіпорындары шығарған өнімдерді сататын «Ақмол» дүкенінің ашылу рәсімі болды. Бұл Астанада осы брендпен тұтынушыларға қызмет көрсететін бесінші сауда орны. Сауда орнының ашылу салтанатына облыс экономикасының алға басуына елеулі үлес қосқан, бүгінде зейнеткерлікке шыққан ардагерлер де шақырылған екен.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жиналғандарды Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастырудағы Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің алар орны ерекше екендігіне тоқтала келіп, ең бастысы өнімдердің бағасы мен сапасының тұтынушылар сұраныстарына сай келуі екендігіне баса назар аударды. Өз кезегінде Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов та мұндай сауда орындары көбірек ашылып жатса, бәсекелестік күшейіп, азық-түлік тауарларының бағасының төмендеуіне игі ықпалын тигізетініне сенім білдірді.
Әрине, нарық жағдайында тауар өндірушілерге бағаны көтеруге мүлдем ты-йым салуға болмайды. Бағаны тауарларға деген сұраныс, олардың сапасы, бәсекелестіктің қаншалықты деңгейде екендігі реттейді. Алайда, бағаны шамадан тыс шарықтатып жіберудің де жөні жоқ. Ол үшін әрине, әділ бәсекелестік қажет.
Астанадағы «Ақмол» дүкендер желісінде «Ақмола-Феникс», «Родина», «Ижевский», «Макинск құс фабрикасы» және басқа да өздерінің жоғары сапалы тауарларымен Астана жұртына танымал кәсіпорындардың өнімдері молынан сатылатын болады. Ал, ең бастысы, бұл кәсіпорындардың өнімдері үлкен сұранысқа ие болғандықтан, дүкен сөрелерінде жатып қалмайтыны анық. Яғни, күнбе-күн әкелінетіндіктен, тұтынушыларға үнемі жаңа және сапалы өнімдер ұсынылады.
Рас, дүкеннің ашылу салтанатына келгендер арасында кейбір тауарлардың бағасының базар бағасынан кем еместігіне наразылық білдірушілер де кездесті. Мәселен, жоғары сапалы сиыр етінің бір келісі 2050 теңге болса, жауырын еті – 1860, қабырға – 1410 теңгеден сатылуда. Дегенмен, жоғарыда айтып өткеніміздей, бағаны негізінен сұраныс реттейді. Ал, өнім сапасына келетін болсақ, «Capital Project LTD», «Аккольские деликатесы» ЖШС, «МПК Бижан» және жоғарыда атап өтілген «Родина», «Ижевский» сынды шаруашылықтардың өнімдерінің сапасы өте жоғары екендігі Астана тұтынушыларына мәлім.
Астанада осындай сауда орындарын ашуды қолға алған «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Қазыбек Ескендіровтың айтуынша, алдағы уақытта тауарларға деген сұранысқа орай тағы да бірнеше сауда орнын ашу жоспарда бар. Ол үшін әрине, алдымен маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, Елорданың қай ауданында ашқан тиімді екендігі ескеріледі. Сайып келгенде, мұның бәрі Астана тұрғындарын сапалы азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етуге бағытталған шаралар. Ал, бұл мәселеде Ақмола облысы шаруашылықтары мен кәсіпорындарының үлестері қомақты болуға тиіс.
Талғат ҚАСЕН,
меншікті тілшіміз.
Астана қаласы.