Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дәстүрлі өнерді дәріптеген - АРҚА АЖАРЫ

Дәстүрлі өнерді дәріптеген

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының белді әншісі Сәрсенбай Хасенов туралы бір үзік сыр

Сал-серілерден аманат болған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа мирас ете отырып, дәстүр сабақтастығын ұғындырып, насихаттап жүрген, өнердің өз өкілі, әнші Сәрсенбай Хасеновтың есімі Арқа жұртына жыға таныс. Біле-білгенге, өнер биігін бағындыру әсте оңай-оспақ шаруа емес. Өнерді абыройымен алып жүру де асқан талғампаздықты, аса қарапайымдылықты қажет етеді. Біз сұхбаттасқан санаулы уақыт ішінде Сәрсенбай ініміздің бойынан осындай ізгі қасиеттерді аңғарып, тылсым сырға толы ғажайып ән өнерінің сырына қаныққандай болдық.
Жалпы, Арқа ән мектебінің айшықты қолтаңбасындай болып кеткен, жоғары диапазонды дауыспен шығандата шырқалып, асқақ естілетін биік нәзік сырлы, сұлу иірімді, кейде сабырлы, қоңыржай, кейде сыбызғыдай сызылған сүйкімді әндер талай ғасыр ұмытылмай күні осы уақытқа дейін айтылып келеді емес пе. Кербез Көкшетау мен Бурабай, сырлы Сырымбет, қыз кейіпті Баянауыл, қарағайлы Қарқаралы, Беғазы, Қызыларай, Ақшатау, ежелгі Ерейментау, Жалғызтау шыңдарына ән-тұмарларын байлаған Біржан сал, Сегіз сері, Нияз сері, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Ғазиз, Естай, Әсетті, Шашубай мен Жарылғапбердіні кім естен шығарар?. Есіл, Нұра, Тобыл мен Қара Ертісті жағалап ән салған әнші-орындаушылар Әміре Қашаубаев, Беркімбай Нұрымұлы, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев, Қасымжан Бабақов, Қуан, Жүсіпбек, Манарбек, Иса, Майра, Игібай Әлібаев, Игілік Омаров, Жарман Рахимов, Жаналы Қалиев, Кәрім Тахауин, Тақау Сейітов, Байжұман Ғабдуллин, Сұраған сияқты тамаша әншілерді де ешкім ұмыта қоймас.
Әсте, өнер адамға туған жер топырағымен, қасиетімен дариды. Көмейінен күміс ән төгіліп, сұлу саз жүрегіне қонақтаған өнер иесіне әншілік қабілет өз әулетінен дарыса керек. «Тегі жақсы тегін болмас» деген қазақ. Өнер қанмен берілетін қасиет. Алайда, бойға берілген тұма талантты еңбекпен ұштамасаңыз жемісін бермейтіні тағы бар. Сәрсенбай Хасенов мектеп табалдырығын аттаған сәттен мектепішілік, ауданаралық, облыстық байқауларға қатыса бастаған. – Бала кезімнен домбыраның үнін, ырғағы мен екпінін, иірім қайырымдарын құлағыма сіңіріп өстім. Себебі, әкем Ораза және оның ағасы Ербатыр әншілік өнерімен ел ықыласына бөленіп жүрген өнерпаздар еді. Мен бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Ленинград ауданының Жеті үй ауылында тылсым дүние есігін аштым. Ес білгелі қоңыр домбыраның үнін естіп өскен баламын. Менің түсінігімде домбыра өте киелі ұғым. Әр дыбысынан өмір тынысын сезгендеймін. Қазақтың ән өнері тұнған тарих, тұңғиық сыр. Әрбір әннен қазақтың әр заманының мұңы мен зарын, шаттығы мен қуанышын ұғынғандай әсерде боламын. Меніңше, әрбір қазақтың баласы бойына домбыраның үнін сіңіріп, жаны мен жүрегіне жақын әуезді көкірегіне қондырып өссе, ол өскенде өз өнерін ұлықтайтын, өз тарихын ұмытпайтын, өзге мәдениеттің, өзге өнердің қанжығасында кетпейтін нағыз ұлтжанды азамат болып өседі деп ойлаймын. Ал, қазақтың ән өнерін дәріптеу, оған өріс ашу біз секілді дәстүрлі әншілердің міндеті, – деп бастады сөзін ол. Біз де іле көптен бері көкейде жүрген бір сауалды ортаға салдық. – Сіз, халықтық мол мұра – қазақтың әншілік өнерін насихаттап жүрген өнерпазсыз. Бұл күнде қара домбыраға қосылып, ән айтқанды «дәстүрлі өнер» деп халық өгейсітіп жүргендей. Кейбіреулер дәстүрлі музыканың насихаты аз дегенді де айтады. Жасырары жоқ, бұ күнде жас та, жасамыс та эстрадашыл болып кетті. Бұл пікірге қалай қарайсыз?– деп сұрақты төтесінен қойдық.
Сәрсенбай бауырым әдеттегідей сабырмен ойын салмақтап алды да, өзіне жарасымды әдемі жымиысымен сөзін әрі қарай жалғап әкетті.
– Дұрыс айтасыз, халық арасында ондай пікірдің бары рас. Қалай дегенмен де, көрермен бізді қалай атаса да, мейлі дәстүрлі әнші десін, классикалық ән өнерін насихаттаушы десін, бәрібір де қазақтың төл өнеріне ешкім қылау түсіре алмайды. Себебі, өскелең ұрпақ мойындасын, яки мойындамасын, бұл біздің қанымызға біткен ұлттық өнер. Мен мектепті тәмамдаған соң, Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің домбыра класына оқуға түстім. Бұл жерде айтулы әнші Саян Мұхамедияровтың тәлімін көрдім. Бисара Мәкенова, Қажыбай Жахин және ұстазым Саян Болатұлы сияқты аға-әпкелеріме еліктеп, әнші болуды мақсұт тұттым. Кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында Еркін Шүкіманов атты ұлағатты ұстаз қабілетімді шыңдап, өнер әлеміне қанат бітірді. Ордалы оқу орнында мықты теориялық білім алдым. Міне, дәл осы жылдары қазақтың ән өнеріне деген, оның ішінде өзім туып-өскен Арқаның әншілік мектебіне деген қызығушылығым арта түсті. Студенттік кезімде жазғы демалыста елге оралғанымда міндетті түрде біздің Көкшетау өңіріндегі кәріқұлақ қарияларға, сал-серілік өнерді насихаттап жүрген ағаларыма барып, сәлем беріп, ақылын тыңдайтынмын, ескі әндерді өз ауыздарынан естіп, жазып алып жүрдім. Әсіресе, атақты ақын-жыршы Жұмабай Есекеевтің маған берген тәлімін, тағылымын ерекше атап өткім келеді. Бүгінде ұмытылып бара жатқан Арқаның әндерінің сөзін бірсыдырғы білетін болсам, әуенін таза күйінде кейінгіге жеткізуге тырысып жүрсем, ең әуелі осы ағамның маған мирас еткен аманаты деп білемін. Иә, рас, қазіргі таңда әннің тарихын зерделемек түгілі, сөзін бұрмалайтын, тіпті, сөзіне қонақ қылмайтын ұрпақ өсіп келе жатқандығы қынжылтады. Даланың дархан кеңдігі, саумал жұпар ауасы сезілетін халық әндерін эстрадаға қосып, даңғаза әуенмен әрлеп, сұлулығын тонап, әуезге бай әуенді жұтатып қойғанын көргенде көңіл құлазитыны рас.
Сәрсенбай Хасеновтың сөзінде жалғандық жоқ. Ол соңғы жылдары Арқа әншілік мектебінің тарихын зерттеп жүрген бірден-бір ізденімпаз жандардың бірі. Оған дәлел оның таяуда жарық көрген Ақан мұраларына қатысты «Жігіттің падишасы» мен Үкілі Ыбырайдың шығармашылығына арналған «Сұраған саған аманат» атты қос жинағы айғақ бола алады. Бұл жинақтарда еліміздің ақын-жазушыларының Ақан, Ыбырай туралы жазған тағылымды мақалары топтастырылған.
Сәрсенбайдың қазақтың халық әндерін жас кезінен жүрегіне жаттап өскендігі оның домбыра қағысынан-ақ аңғарылып тұрады. Әншінің репертуары да сан алуан. Сыршыл сезімге толы жүрек қылын лирикалық әндерді де, асау сезім тулаған арыны бөлек асқақ әндерді де, Сәрсенбай әнші асқан шеберлікпен орындай біледі.
Жасырары жоқ, қазіргі таңда кейбір жастар бір ән айтып, сол әнге бейнебаян түсіріп, тайраңдап теледидар бетін босатпайтыны бар. Ал, үш жүз әнді жатқа білетін нағыз өнерпаз қаражаты жоқ болғандықтан елеусіз күйде қалып қоятыны да өтірік емес. Бұл жайында да Сәрсенбай Хасеновтың өз айтары бар.
– Кезінде ән-жырды халық өзі насихаттады, сал-серілерін, ақындарын әншілерін алақанына салып құрмет көрсете білген. Ауылға әнші келсе, әнін тыңдаймыз деп бүкіл дүйім ел жиналатын. Олардың айтқан әндеріне үңілсеңіз үлкен философия жатыр. Халық қандай ұлағатты өсиет айтар екен деп тыңдаған. Жалпы, қалай дегенмен де егемендік алып, еңсемізді тіктеп ел болғаннан бері біз өзіміздің төл өнерімізбен қайта қауышқанымызды айта кетуіміз керек. Бәрі де осы елдіктің арқасы. Осыған шүкір деймін. Ағымдағы жылы орда бұзар отызға келеді екенмін. «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың» деген бар емес пе. Ел алдында өнерімді паш етейін, Тәуелсіздік күніне тарту болсын деген ниетпен ағымдағы жылдың 5-ші желтоқсанында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты шығармашылық кешімді ұйымдастырып жатырмын. Мұның барлығын ұлттық өнерге деген оң көзқарас, зор қолдау деп білемін,–дейді әнші ағынан жарылып.
Беу, шіркін, ұлттық өнерді дәріптеген Сәрсенбайдай жанашыр ұрпағы бар, Арқаның ән өнерінің шоқтығы әсте биік болмақ.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ, «Арқа ажары»

Суретте: Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай Хасенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар