Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Білім ұясының биік белестері - АРҚА АЖАРЫ

Білім ұясының биік белестері

Алғабас ауылының мектебі 90 жылдығын атап өтті

Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы қазан айындағы Жолдауында «Ауыл – Ел бесігі» деген жақсы бастама көтерді. Мұны «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тереңнен толғап, ұлт тірегінің мән-маңызын айшықтай көрсетті. Осынау жүрекке жақын жылы лептің жан тербер ұлағатын Алғабас негізгі мектебінің 90 жылдығына арналған «Ауылым – алтын тұғырым!» атты тәлім шарасынан айқын аңғардық. Мерекені мектеппен байланыстырудың мерейі үстемдігін айтсаңызшы! Білімге құштар халықтың тарихы да, тағдыры да мектеппен ұштасып жататыны хақ. Ауыл өзінің ғасырдан да ұзақ тойын қоя тұрып, білім ұясының тойын тойлап жатқаны қандай ғанибет десеңізші!

Алғабастың орны бұрын Бозкемер аталыпты. 1928 жылы коллективтендіру басталып, артельге Кәріпсейіт Тілеубаев басшылық еткен. Алғашқы мектеп салуға Нұрғали Нұрсейітов белсене қатысады. Бұл кісі 1936 жылы Қарағанды обкомының екінші хатшысы болған. Қазіргі күні ауыл мен мектеп тарихы туралы кітап дайындалып жатқанын білдік. Жалпы, осы шараны ұйымдастырудың бастамашыл тобына жетекшілік етіп жүрген Жұмабек Мұқашевтің еңбегіне ауылдастар ризашылығын білдіріп жатты.
«Шағын ауылдың шырағы сөнбейді» деген сөздер көп айтылды салтанат үстінде. Бұған кәмілміз. Әйткенмен, Жақсы ауданы әкімінің орынбасары Ләззат Сейдахметованың, аудандық оқу бөлімінің басшысы Ақжарқын Сауытованың, Жаңа Қима ауылдық округінің әкімі Ерлан Сыздықбаевтың, мектеп директоры Бибі Рахымжанованың, ауыл қариялары мен қонақтарының құттықтау сөздерінде кешегінің кедір-бұдырлары да айтылып қалды. Қауым қол шапалақтап тұрды. Ескіше хат танығандардың қудаланғаны, «қызыл отаудың» құпталғандығы, ашаршылықтың болғандығы, ауылдың 58 азаматы соғысқа барғандығы, түсініксіз тыңның көтерілгені, ұлы арман – Тәуелсіздікті көргендігі халқымыздың ортақ тарихы. Сындардан өтіп, шыңдалғандар да осы алғабастықтар. Бұл мектепте Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов, Социалистік Еңбек Ері Жүнісбек Сәдуақасов оқыса, 1985 жылы мектептегі оқу-өндірістік бригадасының мүшесі Бауыржан Тас-
пиров оқушылар арасындағы жарыста үздік шығып, аты жазылған «МТЗ-80» тракторын алғаны, 2011-2017 жылдар аралығында ауыл болып ақылдасып, Есіл және Сандықтау балалар үйінен 21 баланы бауырға басып, мектепте оқытқандығы, ол балалардың көпшілігі бүгінгі мерекенің ұйтқысы болғандығы, қалай үлгі тұтсақ та артық емес. Мынаны қараңыз, Алғабаста «Золотая нива», «Нұркад», «Алғабас МЭН» сияқты үш бірдей жауапкершілігі шектеулі серіктестік, яғни, инвестор жұмыс істейтіні тегін емес-ау. Осылардың соңғысы мектеп оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етсе, қалған екі шаруашылық та ел ішінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қарайласып тұратын көрінеді. Бәрінен де бүгінгі 90 жылдық тойды тік көтеріп алғандар мектепті бітіргендеріне әрі барса он жыл болған түлектер екендігі қуантады. Ауыл болашағы дегеніміз осы!
«Болашақтың бесігі – мектеп» десек, білім ұясы өз міндетіне адал екендігі, парызын ақтауға жанын салатындығы байқалады. Ұжым соңғы бес жылда үш рет аудандағы үздік мектеп атағын жеңіп алыпты. Үлгілі қырлар әлі де жалғаса беретін сыңайлы. Мереке үстінде, Алғабас мектебінде ауданда екінші болып «Рухани жаңғыру» дәрісханасы ашылды. Озат оқушы Диана Тілеулинова осындағы бес бөлімге жүктелген міндеттер жөнінде тәп-тәуір таныстыру өткізді. Аудан орталығы Жақсыда ашылған алғашқы «Рухани жаңғыру» кабинетінің оқушы менеджерлері өз әріптестеріне үлкен сауға жасады. Олар «100 кітап» бағдарламасының алғашқы 18 оқулығының ішінен «Төртінші индустриялық революция» аталатын (авторы Клаус Шваб) шығарманы және «Рухани жаңғыру» жобасының белгісін тапсырды.
Өз кезегінде, Ләззат Сейдахметова аудан әкімінің атынан жұртшылықты Тұңғыш Президент күнімен және алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мектеп ұжымына мультимедиялық, спорттық жабдықтар топтамасын сыйлады.
Салтанатты шара барысында Жақсы, Атбасар аудандары, Астана, Көкшетау қалаларының 15 командасының қатысуымен спорттың волейбол және қазақ күресі түрінен жарыстар өткізіліп, кең ауқымды концерттік бағдарлама қойылды.

Бақберген Амалбеков.
Жақсы ауданы.
Суреттерді түсірген
Төлеген Қосшығұлов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар