Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Біз әлі де болса табиғаттың қадіріне жете алмай жүрміз» - АРҚА АЖАРЫ

«Біз әлі де болса табиғаттың қадіріне жете алмай жүрміз»

►–Руслан Шохметұлы, алдымен бүгінде өзіңіз жетекшілік етіп отырған саладағы алда тұрған өскелең міндеттерді Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында көрініс тапқан негізгі бағыттармен байланыстырып айтып берсеңіз.

–Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты ел халқына арнаған Жолдауында әр саланың алдына нақты міндеттер қойылып, оның шешу жолдары белгіленді. Осы ауқымды міндеттердің біздің орман шаруашылығы саласына да тікелей қатысы бар. Себебі, елімізде орман қоры өте аз. Ол барлық жер байлығымыздың аз ғана бөлігін құрайды. Сондықтан, осы орман-тоғайымызды еселеп көбейту, ішкі қажетімізге тиімді пайдалану өте өзекті мәселе. Айталық, біздің Ақмола облысын алсақ, мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 1 миллион 57,8 мың гектар алқапты алып жатыр. Оның ішінде таза орман көлемі 380,3 мың гектар ғана. Осыны пайызға шақсақ, орман алқаптары бүкіл жер көлемінің 2,6 пайызына ғана тең. Бұдан жаңағы сөзімнің басында айтып кеткен мәселе, яғни, орман қорын тиімді пайдалану, қызғыштай қорып, азаюына жол бермеу міндеті туындайды. Бұл орайда, қолда бар орман көлемін жыл өткен сайын ұлғайта түсу де келер ұрпақ алдындағы басты парызымыз. Осының бәрін ескере келе, биыл да барлығы 1271 гектар алқапта орман көшеттерін отырғызу іске асырылды. Оның 825 гектарында бұл жұмыс облыстық бюджеттің қаржысы есебінен, ал, 35 гектарында орман шаруашылығы мекемелерінің өз ақылы қызметтерінен түскен қаржының есесінен жүргізілді. Сондай-ақ, 411 гектар ағаш көшеттері орманды пайдаланушылардың көмегімен егілді. Ормандарымыздың табиғи жаңаруын жоспар бойынша 480 гектар алқапта қамтамасыз ету көзделсе, біз бұл көрсеткішті 106 пайызға орындадық. Енді осы бағытта соңғы он жылдың ішінде атқарылған жұмыстарға келсек, егілген ағаш көшеттері 13074 гектардан асыпты. Бұл айтуға ғана оңай. Орманды күту, санитарлық тазарту, жаңа көшеттермен толықтыру қисапсыз жұмысты талап ететінін, осыны өз басынан өткізген адамдар ғана біледі. Яғни, біздің орман қызметкерлерінің осы орайда күнбе-күн атқарып жүрген жұмыстары да, көбіне-көп бір ағашты екі етуге тырысып жүрген маңдай терлері де адал десек, қателеспейміз. Ал, қоғамымыздағы барлық мәселелердің ұңғыл-шұңғылын қамтыған Елбасының Жолдауы бұл бағыттағы жауапкершілік жүгімізді одан әрі еселей түсіп, әлі де болса жұмыстың жаңа өміршең әдістеріне, соңғы нәтиженің толымдылығына баса назар аудартады деп білеміз.

►– Сөзіңіз аузыңызда, осы ретте еліміздің, туған табиғатымыздың игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар қандай жұмыс күшіне сүйеніп атқарылуда? Сондай-ақ, аймағымыздағы жасыл желекті көбейту ісінде қандай ағаштар мен жеміс-жидек көшеттеріне басымдық беріп отырсыздар?

– Сұрағыңыз өте орынды. Биыл мәселен осы бағытта 13 орман шаруашылығы мекемесі қызметкерлерімен бірге, 186 адамнан тұратын 13 экологиялық отряд жұмыс істеді. Олар орман дақылдарын күту, тұқым – бақтарда, яғни, питомниктерде екпелер мен көшеттерді өсіру, сондай-ақ, аумақтарды абаттандыру бойынша көптеген істерді жүзеге асырды. Айталық, облыс орталығы Көкшетау қаласын одан әрі көгалдандыру мақсатымен биіктігі екі метрге жететін 2500 түп қылқан жапырақты ағаш және 840 түп жай жапырақты ағаш отырғызылды. Облыс аудандарында да осындай жұмыстар қолға алынып, жалпы сомасы 6,3 миллион теңгенің алты мың түп ағаш көшеттерін отырғызуға қол жеткізілді. Біржола облыс орталығы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсек, алдымен М.Горький көшесінің бойында ескі мұсылмандар зираты аумағында «Дизайн центр» серіктестігімен бірлесіп, орманшы Әли Марам атындағы жаңа сквер құру үшін 1380 түп ағаш отырғызылды. Оның ішінде 302 түп ағаш қылқан жапырақты болса, қалған 1078 түп ағаш терек, тал, шегіргүл, алма, сирень, долана, шие, қарамойыл сияқты көшеттерден тұрады. Сондай-ақ, осы орайда Маралды орман шаруашылығында іске қосылған ағаш көшеттері мен қалемшелерін өсіруге арналған жылыжайды да ауызға алуға болады. Біздің Ақмола облысында барлығы 11 тұқымбақ бар. Оның төртеуі тұрақты жұмыс істейді. Ақкөл, Кіші Түкті, Маралды орман шаруашылықтарында орналасқан бұл тұқымбақтардан бөлек, тағы 7 уақытша тұқымбақ бар. Осы арнайы орындарда барлығы 10 миллион 497 мың түп бір жылдық және екі жылдық ағаш көшеттері өсіріледі. Сонымен бірге, 98 мың түп ағаш көшетінің жас баладай мәпеленіп, үш жыл бойы өсірілетінін, тек содан соң ғана тиісті жерлерде егілетінін айта кеткен жөн. Яғни, мұның өзі біз өсіріп баптайтын ағаш тұқымдары мен өскіндерінің де өз ерекшеліктері бар деген сөз.

►–Ал, осы орман шаруашылықтары жоғарыда айтылған жұмыстардан тыс, мемлекетке, қоғамға тағы қандай пайда келтіріп жатыр?

–Бұл арада алдымен облыс бюджетіне тигізіп отырған шарапатымызды ауызға алған жөн сияқты. Олай болса, биылғы 2018 жылы орман ресурстарын пайдаланудан жергілікті бюджетке барлығы 69 миллион 127,4 мың теңге қаржы түскенін айта кету керек. Бұған қоса, орманды пайдаланушылар 61,0 миллион теңгеден астам салық төледі. Осы орайда, орманды пайдалану дегеннің не екендігінің басын ашып алған дұрыс па деймін. Мәселен, биылғы жылы мемлекеттік орман қорына жататын жерлерден 294,2 гектар жер сауықтыру, рекреакциялық, спорттық және туристік мақсаттар үшін «Зерен тоғай» серіктестігінің Ключевой, «Жасыл ағаш» серіктестігінің Подгорный және «ХОЗУ Kemerbastau» серіктестігінің Краснобор орман шаруашылықтарына ұзақ мерзімді пайдалануға берілді. Ал, жалпы алғанда, облыста өткен жылдары сегіз орман шаруашылығы немесе ондағы 39 орманшылық бойынша 177 мың 971 гектар орман алқабы сүрек дайындау үшін 16 орманшылыққа ұзақ мерзімге пайдалануға берілген жайы бар. Әрине, бұл осы орман алқаптарын алушылар онда толық қожайындық жасап, өз білгендерін істейді деген сөз емес. Мұның бәрі белгілі бір нормативтік-құқықтық актілер шеңберінде қадағаланып, бақылауға алынып отырады. Сөйтіп, пайдаланушылар өздеріне тиесілі жұмыстарын ғана біліп, заң талаптарымен санасып отырады.

►– Әрине, баршамыз білетініміздей, орманның, яғни, көлемі онсыз да аз осы ел игілігінің басты бір жауы – өрт. Сондықтан, қолда бар орман қорын аман сақтап, молайту үшін табиғаттың тілсіз жауымен күрес те өз деңгейінде болуы керектігі белгілі. Ендеше, келесі кезекте осы бір мәселені де пысықтап алуымызға қалай қарайсыз?

–Қыста тақа уайым жоқ, ал, жаз айларында бұл мәселе бізді қатты толғандыратыны айтпасақ та түсінікті. Биыл да Ақмола облысы әкімінің 2018 жылғы 31 қаңтардағы №А-2/54 «Орман өрттерінің алдын алу және онымен күрес жөніндегі шаралар туралы» қаулысын басшылыққа ала отырып, барлық орман шаруашылықтары өрт қаупі мол жазғы маусымға дейін қолда бар барлық техниканы, байланыс құралдарын сақадай сай әзірлікке келтірді. Осы 32 мың гектар алқапта өрт кезінде тез жанып кететін өсімдіктерді алдын ала өртеп, өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізді. Төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылығы және жан-жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметімен бірлесіп, орман өрттерімен күрес жөніндегі күштер мен құралдардың өзара іс-қимыл жоспары әзірленіп бекітілді. Бұған қоса, орман және дала өрттері шыға қалған жағдайда ауыл шаруашылығы құрылымдарының және мемлекеттік орман қорына кіретін жерлерде қызмет атқаратын шағын және орта бизнес субъектілерінің өрт сөндіру шараларына қатысуының келісім шарттары жасалды. Бұдан басқа тиісті қызмет құрылымдарымен бірлесіп өткізілген семинарлар, сондай-ақ, 2018 жылдың 4 мамырында Бұланды ауданының Отрадный орман шаруашылығында ұйымдастырылған «Өрт-2018» облыстық тактикалық-командалық штабтық оқу-жаттығу жиыны да биыл орман өртіне қарсы күресте тиісті міндет биігінен көрінуімізге игі септігін тигізді. Жалпы, бұл – қыс, жаз айлары деп бөлетін жұмыс емес. Осы тұрғыдағы шаралар жыл бойы атқарылып, өз жемісін беріп отыруы керек. Айталық, қазіргі уақытта да орман және дала өрттерін сөндіру үшін су резервін қамтамасыз ету мақсатында орман шаруашылығы мекемелерінің аумағында 199 су алатын орын орналастырылған. Оның 60-ы пирстермен жабдықталған табиғи су айдындары болса, 71-і жасанды су айдындары. 60 ұңғыма гидрант және 8 желсорғыш та мұндайда жіті қимылдай алатынымыздың бір кепілі. Күн сайын 29 өрт бақылау мұнарасы мен 23 өрт бақылау пунктінде айналадағы істің жайы мұқият қадағаланып отырады. Орман шаруашылықтарында бір жылда 2183 рейдтің жүргізілгенінің өзі-ақ, салада өрт қауіпсіздігіне қаншалықты жіті мән берілетіндігін аңғарта түскендей. Мұның нәтижесі де көп күттірмеуде. Мәселен, биыл облыстың орманды алқаптарында орын алған өрттің саны бұрнағы жылдарға қарағанда анағұрлым аз болды.

►–Елбасының биылғы Жолдауында еліміз бойынша өндіріске жасыл технология-
ларды енгізу және табиғат ресурстарын үнемдеу туралы да баса айтылады. Осы бағытта Мемлекет басшысының алға қойып отырған міндеттеріне жауап ретінде өз тараптарыңыздан нақты қолға алып жатқан жұмыстарыңыз бар ма?

–Иә, бұл міндет бізге белгілі. Жоғарыда айтылып отырған 8 желсорғыш осы тұрғыда орнатылды. Оның көмегімен үнемі толық тұратын су резервуары өртті тиімді сөндіру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Отырғызылатын ағаш көшеттерінің түр-түрін көбейту үшін осы заманғы тамшылатып суару жүйесін де игере бастадық. Ақкөл орман шаруашылығында осы әдісті 50 гектар алқапта сынап көріп, соның нәтижесінде тұқымбақтағы жас өскіндерді суару барысында суды 50-70 пайызға дейін үнемдеуге болатынына көзіміз жетті. Соңғы уақытта орман шаруашылықтарында пайдаланылатын барлық көліктерге GPS-мониторинг және бақылау жүйесі орнатылды. Осы бағыттағы жұмыстар аясын одан әрі кеңейте түсу шаралары да одан әрі толғандырумен келеді.

►–Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының бастамасымен өмірге келген «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аймақтарда ормандарымыздың көлемін молайту тұрғысында өзінің нақты жемісін беріп отырған өміршең бағдарламалардың бірінен саналуда. Соның ішінде әсіресе, Астананың айналасын жасыл желекке бөлеу жұмыстарының нәтижесі қазірдің өзінде көзге айқын көрініп отыр. Міне, осы маңызды іске біздің Ақмола облысының орман шаруашылығы саласы қаншалықты үлес қосып отыр?

–Иә, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Астана-Щучинск автожолы бо-
йында Шортанды кентінен Щучинск қаласына дейін орман белдеуін құру жұмыстары 2009 жылдан бері қолға алынып келеді. Содан бергі тоғыз жылда осы мақсатта атқарылған іс-шаралар ауыз толтырып айтарлықтай. Мұны нақты цифрлармен өрнектесек, өткен кезеңде Астананың іргесіндегі Шортанды, Ақкөл және Бұланды аудандары мен Бурабай ауданының аумағында Астана-Щучинск автожолының қос қапталында барлығы 1828,7 гектар алқапқа екпе ағаштар отырғызылды. Бұл ені 500 метр, ұзындығы 110 шақырым жерге орман дақылдары егілді деген сөз. Осы екпе ағаштар бүгінгі күні жоғарыдағы ұлан-ғайыр алқапта тұтастай орман-тоғайға айналып кетті. Осылайша Елорда мен Бурабайдың екі ортасын жасыл желекке бөлеу жұмысының бірінші кезеңі ойдағыдай аяқталды. Осы толайым нәтижеге жету үшін 2013 жылдан бастап 2018 жылға дейін облыс көлемінде ағаш көшеттерін дайындау жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Негізінен, бұл дақылдарды өзіміздің тұқымбақтарда өсіре алғандығымыздың өзі облыс орманшылары үшін үлкен мерей екендігін де ауызға алмай болмайды. Осыған аналық плантациялар құруымыз өз алдына, іргеміздегі Ресей мемлекетінен көк шырша, арша, туя, спирея, қазтабан, тал, бөріқарақат және тағы басқа қылқан жапырақты ағаштар мен сәндік ағаш тұқымдарының көшеттерін сатып алуымыз да автобан бойына отырғызылған ағаштар сапасын жақсартып, түр-түрін молайта түсті. Тап осындай көшеттердің үлкен бір бөлігін, нақтырақ айтқанда, 17,7 мың түбін Көкшетау қаласы мен облыстың өзге де елді мекендерін абаттандыруға пайдаланғандығымызды айта кеткен жөн.
Бертін Астананың қолда бар жасыл белдеуін Ақкөл ауданының және Бурабай курортты аймағының орман-тоғайларымен біріктіру жөніндегі жұмыстардың екінші кезеңі басталды. Бұл үшін осы аумақтардағы 1 мың гектардан астам жер көлемі арнайы тексеріліп, соның ішінде 746,8 гектар аумақ ағаш отырғызуға жарамды деп танылды. Бұлар Ұрымқай орман шаруашылығындағы 103,9 гектар, Отрадный орман шаруашылығындағы 281,2 гектар, сол сияқты, Ақкөл мен Кеңес орман шаруашылықтарындағы тиісінше 152,4 гектар және 209,3 гектар жерлер еді. Тез арада осы жерлердің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2016-2018 жылдары екі жылдық жүйе бойынша топырағы өңделді. Сөйтіп, биылғы жылы барлық агротехникалық талаптар мен мерзімдерді сақтай отырып, Астана-Щучинск автобаны бойындағы 747 гектар алқапқа 1857,7 мың түп орман екпелерін отырғызу қамтамасыз етілді. Бағдарлама бойынша бұл жұмыстар келесі 2019 жылы осындай дәйектілікпен одан әрі жалғастырылмақшы.

►– Облыс әкімі Мәлік Мырзалин биыл Көкшетау қаласы басшылығының және осы іске қатысы бар өзге де мекемелердің алдына облыс орталығының айналасына да осындай жасыл белдеу құру міндетін қойғандығы белгілі. Қазір осы мәселе өз шешімін тауып жатыр ма?

–Жоғарыдағы сұрағыңызға берген жауабымда осы жұмыс та аз-кем қамтылып өтілді. Расында, облыс орталығының айналасын жасыл желекке бөлеу бүгінгідей экологиялық проблемалар бой көрсеткен біздің техногенді заманымызда өте дұрыс қадам. Сондықтан, біздің басқарма тарапынан бұл бағытта да тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр. Тікелей облыс орталығының өзінде орналасқан «Бұқпа» орман шаруашылығының күшімен атқарылатын бұл игілікті істің алғашқы нәтижесі де жоқ емес, бар деп айтуға әбден болады. Олай дейтініміз, осы тапсырма берілгелі бүгінгі күнге дейін Көкшетау қаласының айналасында 107,3 гектар ағаш көшеттері отырғызылды. Оның 62,8 гектары қала төңірегінде әлі де болса көп байқала қоймайтын қарағай және шырша көшеттері, ал, 44,5 гектары жай жапырақты ағаштар. Бұған қоса, мемлекеттік орман қорына жататын 1292 гектар алқапта топырақ-сынау жұмыстары жүргізілуде. Оның нәтижелері бойынша ағаш түрлері мен оларды отырғызу сұлбасы айқындалатын жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленетін болады. Осылайша облыс орталығының айналасы да жыл өткен сайын жасыл желекке бөлене түседі деген ойдамыз.

►– Әдетте, табиғат ресурстары және табиғатты пайдалану ұғымының өзі көп жайларды меңзейді. Осы саламен біте қайнасып жүргендіктен, оны өзіңіз де бізден гөрі жақсы білесіз. Осы ретте, қоршаған ортаны қорғау, оның ластануына жол бермеу мәселелері қалай шешімін тауып келеді? Бұл орайда, жаңашыл бір ізденістер бар ма?

–Біздің Ақмола облысында бұл жұмыс кешенді түрде жүзеге асырылуда. Мәселен, қазір су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау мақсатында 9 бөгетті жөндеуден өткізудің тиісті құжаттамалары әзірлену үстінде. Манадан бері айтып жатқан ағаш отырғызу шаралары аймағымызда флора мен фаунаны, яғни, жан-жануарлар әлемін қорғаудың да бір жолы. Көк шырша, қарағай, қайың, үйеңкі, долана сияқты көшеттер бір есептен, сол үшін егіледі. Ал, ақ амур, дөңмаңдай, тұқы, мөңке тәріздес балық тұқымдары нағыз балықты өсіріп, көбейту материалдары болып табылады. Бүгінгі таңда облыс орталығындағы «Бұқпа» орман шаруашылығына өндіріс және тұрмыс қалдықтарымен көбірек жұмыс істеу міндеті жүктеліп отыр. Айталық, мұнда құрамында сынабы бар люминесцентті шамдарды кәдеге жарату ісі қолға алынған. Жалпы, осыған байланысты айтарымыз, тұтастай еліміздегідей, Ақмола облысында да жыл өткен сайын қатты тұрмыстық қалдықтарды жинастыру мен өңдеу аса өткір проблемалардың біріне айналып отыр. Соған орай, қалалар мен аудан орталықтарында осындай қалдықтарды жинайтын контейнерлер әзірленіп, олар тұратын алаңдар белгіленді. Еуропаның көптеген дамыған елдерінде қоқыстар түр-түріне қарай уақытында сұрыпталып, екшеліп отырады. Кейін ол әрине, белгілі бір кәдеге жаратылады. Германияда мәселен, қалдықтарға ұқыпсыз қарайтын кәсіпорындар мен жеке тұлғалар бюджетке «ластандыру салығын» төлеуге міндетті. Түбі біз де осы айтылып отырғандарға келуіміз керек.

►–Жалпы, қоршаған орта туралы әңгіме қозғағанда, жұртшылықты қатты толғандыратын мәселенің бірі – облысымыздағы судың қоры. Себебі, жыл өткен сайын айналамыздағы өзендер мен көлдер тартылып, ластанып бара жатқандығы жасырын емес. Сондықтан, бұл тұрғыда да халықтың алаңдаушылығы негізсіз емес екендігі түсінікті. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

–Ақмола облысының аумағында жалпы алғанда 494 көл мен 111 өзен, 41 су қоймасы, 77 тоған мен 59 бөгет бар. Өзіңіз айтып отырғандай, осы су көздерінің ластануына, бітелуі мен сарқылуына жол бермеу үшін антропогендік әсерге ұшырау мүмкіндігі бар барлық ірі су нысандарында су қорғау аймақтары мен белдеулері орнатылған. Бұл жұмыс нақтылай түссек, 19 көл, 18 өзен мен 2 су қоймасында атқарылған. Бұл – соңғы он жылдың көлемінде жүзеге асырылған істер. Арнайы су қорғау аймақтарымен және белдеулерімен қамтамасыз етілген осындай көлдердің қатарында Бурабай курорттық аймағындағы Үлкен және Кіші Шабақты, Шортан, Бурабай, Майбалық, Қатаркөл, Жөкей, Зеренді ауданындағы Зеренді, Айдабол, Қараүңгір, Көкшетау қаласындағы Қопа, облысымыздың тағы басқа өңірлеріндегі Теңіз, Бозайғыр, Құмдыкөл, Жақсы Жалғызтау, Жарлыкөл, Атансор көлдері мен Біржан сал ауданындағы атауы жоқ тұзды көл бар. Сондай-ақ, жоғарыдағы жұмыстар жүргізілген Нұра, Терісаққан, Жабай, Сілеті, Колутон, Шағалалы, Қылшақты, Есіл, Аршалы, Бақсұқ, Жыланды, Қайрақты сияқты өзендерді де атап өтуге болады. Ал, су қоймалары дегеніміз, Белағаш және Шұңқыркөл су қоймалары. Біздің облысымызда 93 гидротехникалық құрылыс арнайы есепке алынған. Олардың 18-і республикалық меншікке, 65-і коммуналдық меншікке қарайды. Біреуі жекеменшікте және 8-і иесіз. Қазіргі уақытта Аршалы ауданындағы Безымянная бөгеті мен Батпақкөл көліндегі дамбаны мемлекеттік меншіктен республикалық меншікке беру рәсімдері іске асырылуда. Биыл сондай-ақ, Атбасар ауданының Жабай өзенінің бойындағы көктемгі су тасқынына қарсы тұрғызылатын дамба құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, оны мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары қолға алынды. Осы ауданның Сепе ауылындағы Сепе, Жақсы ауданындағы Чапаев бөгеттерінің, Атбасар ауданындағы Самар ауылының Есіл өзеніндегі Самарка шлюзі дамбасының, Бурабай ауданындағы Кенесары және Веденов бөгеттерінің күрделі жөндеу жұмыстарына да кезек келген жайы бар. Міне, осы шаралар облыста су көздеріне қатысты тепе-теңдіктің сақталуына, өзен-көлдердің су қоры азаймауына, олардың қоршаған орта әсерінен жеткілікті қорғалуына өз септігін тигізбей қоймайды деген ойдамыз.

►– Осы күні асты қорысқа толып, бір бөлігін қамыс басқан облыс орталығының іргесіндегі Қопа көлінің жағдайы әлі де сол мүшкіл күйінде қалуда. Ана бір жылы осы қамыстың өсуін тежейді деген пайыммен көлге жіберілген балық түрлерінен тақа нәтиже болмады. Кейін сондай балықтар тағы жіберілді. Осының жай-жапсары туралы айтсаңыз?

–Бұл сұрағыңызға жауап бермес бұрын алдымен мына мәселеге тоқтала кеткім келеді. Балық шаруашылығы саласын дамыту, осы тұрғыда мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және табиғатты пайдаланушылармен өзара іс-қимыл жасау мақсатында біздің басқарма жанынан арнайы қоғамдық кеңес құрылып, жұмыс істей бастады. 2018 жылы балығы бар жергілікті маңыздағы су айдындарын заңды және жеке тұлғаларға бекітіп беру бойынша өткізілген конкурстардың қорытындысына сәйкес 42 су айдыны өз нақты иесін тапты. Жалпы, Ақмола облысында 524 осындай су айдыны бар десек, бүгінгі күнге дейін оның 391-і
табиғатты пайдаланушыларға нақты бекітіліп берілген. Әйтсе де, облыстың резервтік қорында тағы 133 су айдыны қалып отыр. Сіз айтқан Қопа көліне 2018 жылдың мамыр айында осы су көзінің тазалығын жақсарту үшін 12728 келі дөңмаңдай, 12912 келі ақ амур балықтары жіберілді. Мұнымен бірге, сол Қопа көлімен қатарлас Шағалалы су қоймасы да 8469 келі тұқы, табан балығының гибридтерімен балықтандырылды. Тәжірибеде бар бұл іс қалай болғанда да көлдің санитарлық жағдайын жақсарту тұрғысында өз нәтижесін беруі тиіс.
Балық шаруашылығын айтқанда, аң шаруашылығы туралы да айтпай тұра алмаймыз. Ақмола облысының жалпы жер аумағы 14,6 миллион гектарды құраса, оның ішінде аңшылық шаруашылықтарының қажеттілігіне 12,1 миллион гектар жер бөлінген. Бұл жерлерде 160 аңшылық алқаптары орын тепкен. Қазір облыс бойынша 9,8 миллион гектар алқапта 77 табиғатты пайдаланушы 133 аңшылық шаруашылығына ие болып отыр. Бұларда аң аулау, құс салу шараларымен бірге, аңдардың түр-түрлерін өсіріп молайту, осы өңірлерді мекендейтін жан-жануарлар әлемін қорғау жұмыстары да қатар жүргізіледі. Өткен жылы аңшылық алқаптарын пайдаланудан облыс бюджетіне 39,4 миллион теңге қаржы түссе, биылғы жылдың 9 айының өзінде бұл көрсеткіш 39,8 миллион теңгеден асып түсті.

►–Қоршаған орта дегенде оның тазалығы, яғни, экология мәселесі де қатар тұрады. Бүгінгі таңда басқарма тарапынан осы маңызды мәселеге қаншалықты көңіл бөліп отырсыздар?

–Мұның өзі біз үшін үлкен бір жұмыс саласы болып табылады. Өкінішке орай, бізде әлі табиғаттың қадіріне жету жағы жетіспейтінін өзіңіз де жақсы білесіз. Сондықтан, қоршаған ортаны қорғауға қойылатын басты талаптар мен тиісті заңдарды және нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа ала отырып, табиғатты пайдалануға қатысты кез келген жобаға мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізіп отырамыз. Бұл үшін ведомствомызда экологиялық реттеу бөлімі құрылған. Оның техникалық жабдықталуы әлі де болса жеткіліксіз екендігіне қарамастан, жыл сайын біздің қолдан жүздеген сараптама қорытындысы өтеді. 2018 жылдың өткен тоғыз айында қарауымызға 482 жоба келіп түсті. Оның бәріне бірдей рұқсат берілген жоқ. Табиғатқа нұқсан келтіретін дәлелді себептерге байланысты бірқатар табиғатты пайдаланушылар өз жобаларына рұқсат ала алмады. Өйткені, бұл арада біреудің бас пайдасы үшін тоз-тозы шықпауы тиіс туған табиғатымыздың мүддесі бәрінен де жоғары тұруы керек. Осы жұмыстардың тағы бір құрамдас бөлігі деп табиғатты пайдаланушылардан қабылданып отыратын жұмыс есебін де айтуға болады. 2018 жылы мәселен осындай 2364 есеп қабылданды. Тағы бір жұмыс нәтижесіне тоқталсам, биылғы жылдың басынан бері облыс бюджетіне біз арқылы болжамды жоспардағы 1 миллиард 982 миллион теңгенің орнына 2 миллиард 46 миллион теңгенің қоршаған ортаның эмиссиялары мен айыппұл төлемдері түсті. Бұл орайда, әсіресе, Ақмола облысы бойынша экология департаменті мен біздің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы арасында қол жеткізілген өзара іс-қимыл туралы меморандум да қоршаған ортаға түсетін ауыртпалықты азайту тұрғысында өзінің оң нәтижесін бермей қоймауда.
Басқарманың алдында тұрған іргелі міндеттер алдағы уақытта да осы сипатта қала бермекші. Яғни, Арқаның кербез сұлу Көкшетауы мен Қорғалжын, Ерейментау, Сандықтау сияқты небір тамаша табиғат ғажайыптарынан тұратын сұлу аймақтың әсем табиғатын көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа дұрыс қалпында жеткізу жолында күш-жігерімізді аянбай, белсене еңбек ете беретініміз аян.

–Байыпты әңгімеңізге көптен-көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
арнаулы тілшіміз.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар