Еуразияның қақ төрінде орын тепкен қасиетті де құтты мекен – Қазақстанда тұратын біз даналық пен шешендік, парасаттылық пен дархандық, ержүректік пен батырлық қасиеті дарыған халықтың ұрпағы екенімізді мақтан тұтуымыз керек. Тарихи деректерге көз жүгіртіп қарар болсақ, көне түркілер, ғұн мен сақтардың ұрпақтары екендігіміз еске түседі. Сондықтан, осынау тайпалардың жүріп өткен іздерінен бір мысал келтіре отырып, б.з.б. ІІІ ғасырларда өмір сүрген ғұн тайпасының қағаны Мөде мен Дунхулар арасындағы болған бір жайттан қалған мына аңызға тоқтала кетуді жөн көрдім.
Дунху ханы ғұндардың басшысы Тұман өлгеннен кейін, тақ мұрагері Мөдеден әкесінен қалған жүйрік атты беруін сұратып уәзірін жібергенде, бір жануарға бола жауласамыз ба деп, тұлпарды елшінің жетегіне береді. Көп ұзамай Донху ханы Мөденің нақсүйерін сұратып тағы уәзірін жібергенде, уәзірлері: «Донхулардың есі дұрыс па?! Әлде, бізді басынғаны ма, бұлардың қай қылығы, оның ханы арсыз, ұятсыз адам екен! Донхуға қарсы ұрысқа аттанайық!» – дегенде, Мөде: арадағы тыныштықты бір әйелге бола бұзбайық деп өзінің нақсүйер әйелін Донхуларға жөнелтеді. Мөденің нақсүйері қолына тиген Донхудың ханы есіріп, «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас» дегендей, екі жақтың шекарашылары тұратын, Донху жерінің батысында 1000 лилік құм тақыр жерді сыйға беруін талап еткенде, Мөденің қаны қайнап: «Жер – мемлекеттің негізі емес пе, жерсіз мемлекет бола ма?! Оны қалай бермексіздер!» – дейді де, жерді берейік дегендердің басын алдырады.
Міне, осындай тектілердің ұрпағы екенімізді ел қадірін, жер киесін түсінгендіктерінен байқауға болады. Жа-
уына, ұлтарақтай жердің жүйрік жануардан да, сұлу әйелден де жоғары тұратындығын ұқтырып, қасиетті жерді таптатпаған хас батырлардың ізін жалғаған және бейбіт заманның ұл-қыздарына үлгі болған Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы және Төлеген Тоқтаров сынды қасық қаны қалғанша Отан үшін отпен арпалысқан батыр аталарымыз жайында сөз қозғағанды жөн деп санадым.
Мәлік Ғабдуллин – Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педагогика Ғылымдар академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, халық әдебиетінің білгірі, жазушы, әскери мемуарист.
Ұлтымыздың бағы үшін дүниеге келген біртуар азамат, бойына ізгілік пен адамгершілік, ержүректік пен батырлық қасиеттерін сыйдыра білген батыр өмірі көпке үлгі.
Ел басына күн туғанда Мәлік атамыз да, генерал И.В.Панфилов бастаған даңқты 28 гвардия дивизиясының құрамында болып, бірге қолына қару ұстап, Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, автоматшылар ротасының саяси жетекшілік қызметін атқарып, атқыштар батальонының комиссары, полк үгітші болған.
Мәлік Ғабдуллиннің «Майдан әңгімелері» атты жинағында кездесетін естеліктерінде «Әлі есімізде, Москва үшін жүргізілген сұрапыл соғыс кезінде фашистер төбемізден бомба тастап қана қойған жоқ. Олар, сонымен қатар, алдыңғы шептегі біздің әскерлерге арнап әртүрлі листовкалар, үндеулер де тастады, совет жауынгерінің арасында ұлт араздығын тудырмақ болып радио арқылы үгіт айтады. «Соғысса, орыс-
тар соғыса берсін, ал орыс еместер, қару-жарақтарды тастап үйлеріңе қайтыңдар» дейді. Сонда біз фашистердің бұл үгітіне оқпен жауап беретінбіз. «Советтік Отан – барлық совет халқының Отаны, біз оны ұлтқа бөлмейміз, біз оны қарумен қорғаймыз» – деп фашистерге қарсы күресімізді үдете түсетінбіз» – деп, Отанға деген ыстық сезімдерін жеріне жеткізе баяндайды.
Есімі аңызға айналған Мәлік Ғабдуллин атамыздың үзеңгілес досы, әрі жанашыры Кеңес Одағының Батыры, қазақтың көрнекті жазушысы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы қазақ халқының бағына туған азаматы.
Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсан күні Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ (Көлбастау) ауылында қарапайым, шаруа отбасында дүниеге келген. 1929 жылы «Әулие Ата» тоғыз жылдық мектебін бітіріп, шалғай аудандардың біріндегі Бетпақдала ауылына мұғалім болып орналасады. Коллективтендіру кезеңінде кеңестік мекемелерде қызмет атқара жүріп, 1932 жылы әскерге шақырылады. Осылай 1934 жылы әскерден запастағы командир болып оралады.
1936 жылы Қызыл Армия қатарына командир ретінде қайта шақырылып, әскери қызметтер атқарады. Ол ортаазиялық әскери округтің 315-ші атқыштар полкына командир болып тағайындалады. Бір жылдан кейін оның полкы ерекше Қызыл тулы Қиыр Шығыс Армиясының бөліміне қосылып, Бауыржан рота командирі болады. Кейін 1941 жылдың қаңтарында Алматыға қайтарылып, сол жылдың жаз айларынан бастап жаңадан құрылған 316-шы атқыштар дивизиясының 1073-ші атқыштар полкының атқыштар батальонына командир болып тағайындалды. Әрі қарай қайнаған соғысқа кіріп, зұлым жаумен шайқаста небір ерліктің үлгісін көрсетеді.
Солардың ең ерекшесі, 1941 жылдың күзінен басталған Мәскеуді қорғау шайқасы болатын. Ол кезде 19-шы гвардиялық атқыштар полкына командир болады. Бауыржанның полкы жұдырықтай жұмылып, фашистерді Мәскеуге қарай аттаттырмай, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып шығады.
Осынау қос батырдың бір-бірімен шынайы достықтары, ағалы-інілі ілтипаттыққа ұласқандығын өзара жазған хаттарынан байқауға болады. Мәлік Ғабдуллин Бауыржан Момышұлына жазған хатын: «Құрметті Бауке!» деп бастаса, Бауыржан аға: «Мәлігім!» деп жазады екен. Осы бір сөздерден-ақ олардың арасындағы ерекше сыйластықты көруге болады. Ал, кейбір хаттарында ол «Жалбағай ініңіз Мәлік» деп те жазған. Мұндағы «жалбағай» деген сөздің мағынасына көп адамның бірден мән бере қоймасы анық. Бұл сөз Баукең сияқты аса айбынды батырдың жанында өзін өте «кіші» санап, жанында жалпылдап, шашбауын көтеріп, елпілдеп жүрген жасы да, жолы да кіші іні мағынасында қолданылып тұрғаны байқалады.
Осыған бір нақты дәлел ретінде мына бір хатта Бауыржан Момышұлы Мәкең туралы: «…ұлы Абайдың «ойыңа ой қосады ақылдассаң» деген сөзі бар ғой… Менің командир болғаным рас. Бірақ, Мәлік, ақылдассам, ойыма ой қосатын офицер еді… «Әкең өлсе де, әкеңді көргендер өлмесін» деген қазақта мақал бар. Кешелі бері газеттерді оқып, радиодан тыңдап, жиналыста болып, «ініңді көргендер өлмесін» деген ойға келіп отырмын», – дейді.
Біз олардың қарым-қатынасына қарап отырып, қос батыр – бөлініп-жарылмайтын егіз құбылыс, бір болмыс болғандай әсер аламыз.
Деректерді іздеу барысында кездескен дүние, белгілі бауыржантанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов мырзаның Баукең мен Мәкеңе байланысты ғаламтор бетінде Жадыра Нармахановаға берген сұхбаты. Онда мынадай жолдар бар. «…Соғыста Мәлікке герой атағын алып беруге еңбек сіңірген Баукең екенін кейін білдім. Ол кісінің мінезінің жұмсақтығына таңданып, Баукеңнен: «Ондай кісі қалай батыр атанып жүр!» – деп сұрадым. «Олардың жасаған ерлігі сұмдық… сойқан еді ғой… Өрімдей болып өте батыл еді… – деп бастады ағамыз әңгімесін. – Мәлікті екі рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсындым. Бірақ, менің ұсынысым жоғарыға жетпей, жарым жолда қалып қояды екен. Бір күні біздің батальонға әйгілі Кутузовтың генерал шөбересі дайындығымызды тексеруге келетін болды. Тамақты керемет жасайтын Жан деген өзбек солдатым бар еді. Соған: «Бар өнеріңді салып дастарқан жаса, қонақ шақырамыз»,– деп тапсырдым. Сөйтіп, Кутузовтың немересін риза етіп едік. Ол бізге қайыра сұрақ қойып: «Майданда жүріп мынадай дастарқанды қалай жайнатып жібергенсіңдер!» деп әзілдеді. Соңында, кетер кезде: «Не бұйымтайларың бар?» – деп сұрады. «Ештеңе сұрамаймын, тек мына пакетті тиісті орнына жеткізсеңіз болды», – деп қолына Мәлік пен Төлегенді батырлыққа ұсынған өтінішімді бердім. Үш аптадан соң екеуі батыр атанып, даңқтары асқақтады», – деді Баукең».
Бұл сұхбаттан ойға түйгеніміз, жаппай ерлік үлгісін көрсеткен 28 батырдың ізін ала жеке-дара, көзге түскен қазақ батырларының алғашқылары Төлеген Тоқтаров пен оның ұстазы болған саяси жетекші Мәлік Ғабдуллиннің осы аса жоғары атақты алуын тікелей өз міндетіне алып, қадағалап, жеріне жеткізген Бауыржан Момышұлы екендігі.
Сөзіміздің соңында ұлт абыройын асқақтатқан Төлеген Тоқтаровтың ұстазы Мәлік Ғабдуллин, ал, ол кісінің ұстазы Бауыржан Момышұлы болғанын қашанда мақтана айта аламыз.
Балым АЙТМАҒАМБЕТОВА,
Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық
колледжінің оқу бөлімінің меңгерушісі.