Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары
Олжас Бектеновтың қатысуымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Адалдық дүкені» ашылды.
Елімізде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылу үстінде. Соның бірі – «Адалдық дүкенін» ашу бастамасы бойынша Агенттіктің Ақмола облысы бойынша департаменті ондай дүкендерді Көкшетау қаласындағы барлық жоғары оқу орындары мен колледжерде ашу туралы ұсыныс білдірген болатын. Аталған ұсынысқа Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті алғашқылардың бірі болып қолдау білдірді.
2018 жылғы 6 желтоқсан күні Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың университет студенттерімен кездесу өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің төрағасы Б.Беспалинов, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің әлеуметтік мәселелері жөніндегі проректоры А.Сейітқасымов, оқу және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры А.Жақыпова, оқытушылар мен студент-жастар қатысты.
Жобаның басты мақсаты – қоғамда сенімділік ауанын қалыптастыру және студент-жастарға өздерін жақсы, адал адам ретінде тануға мүмкіндік беру. Шара барысында агенттік төрағасының орынбасары Олжас Абайұлы университет ұжымы алдында сөз сөйлеп, еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтегі тың өзгерістер туралы айтып өтті. Сонымен бірге, білім ордасында жуырда ашылған «Саналы ұрпақ» клубының жетекшісі, тарих, заңтану, өнер және спорт факультетінің 4 курс студенті Амангелді Бекнұр, филология және педагогика факультетінің 2 курс студенті Томирис Саматова уақыт талабындағы қоғамдық қатынастарға қатысты өз ойларымен бөлісті.
Кездесуден соң агенттік өкілдері университеттегі «Студенттерге қызмет көрсету орталығы» және «Саналы ұрпақ» клубының офистерін аралап, бұлардың жұмыс барысымен танысты. Соңында агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов және жеке кәсіпкер Елена Мащинская білім ордасында ашылғалы отырған «Адалдық дүкенінің» лентасын қиды.
«Адалдық дүкенінде» оқытушылар мен студенттер өздеріне қажетті заттарды сатып алып, кассалық жәшік арқылы есеп айырысатын болады. Яғни, өзіне-өзі қызмет көрсету дүкенінде сатушы болмайды. Сауда орнының басты ерекшелігі де осында.
Мұндай жобаны жүзеге асыру жастардың тәрбиесі мен адалдығын арттыруға бағытталып отыр. Осылайша бұл мекен студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін шыңдайтын орынға айналмақ. Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті» қалыптастыруға әсер ететін нысан болып табылады. Мұндай дүкендерді ашу жастардың жағымды моральдық қасиеттерін, соның ішінде ішкі парасаттылық пен адалдықты тәрбиелеуге бағытталып отыр.
Бүгінгі шараға қатысқан студенттер мұндай дүкеннің ашылуына таңданса да, жастарға білдірілген сенім үшін ұйымдастырушыларға, университет ұжымына ризашылықтарын білдірді. Айта кету керек, алдағы уақытта Агенттік тарапынан осы тұрғыдағы «Адалдық дүкендерін» ашу қаланың барлық оқу орындары мен колледжерінде жоспарлануда. Бұндай жобалар дамыған елдердің көпшілігінде қалыпты жұмыс істеп жатыр.
Бақберген Амалбеков.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.