Тәуелсіздік күні мерекесі аясында өңірлік коммуникациялар қызметі Атбасар ауданына баспасөз турын ұйымдастырып, БАҚ өкілдері осы өңірде бірнеше жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуінің және іске қосылуының куәсі болды.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Иғалиев пен аудан әкімі Аманбек Қалжанов Ақан Құрманов атындағы ауылда салынған «Атбасар майы» серіктестігінің май өндіретін зауытының ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Салтанат барысында ауданның ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп орындары жақсы жетістіктерге қол жеткізіп отырғаны, күнбағыс майының Көкшетау мен Атбасар қалаларында сатылатыны жөнінде айтылды. Өңірде жаңа жобалар жүзеге асырылып, келешекке ауқымды жоспарлар жасалуда. Май зауыты жобасының құрылтайшысы «Атбасарская нива» серіктестігі болып табылады.
Аудандық мәдениет үйінде өткен Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты жиналыста аудан әкімі Аманбек Қалжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады. Ол аудан тұрғындарын осынау мерекемен құттықтап, еңбегімен елге елеулі болған еңбеккерлерді түрлі марапаттармен, соның ішінде облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Бұдан кейін аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың хатшысы Бағдат Борұмбаев арғы жылы көктемде су тасқынынан зардап шеккен атбасарлықтарға жаңадан салынған 45 пәтерлік екі тұрғын үйден жаңа пәтерлердің кілттерін тапсырды.
Аудан әкімі қоныстанушыларды жаңа пәтерлерімен құттықтап, ойлаған осы бір арман-тілектерінің орындалғанын, енді жаңа пәтерлерінің тек балалардың күміс күлкісіне толуын тіледі. Осы орайда, атап айтатын болсақ, биылғы жылы Атбасар қаласында кезінде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін алты 45 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді.
Полтавка селосында күрделі жөндеуден өткізілген дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатында да аудан әкімінің орынбасары Абай Бекбаев пен Атбасар көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Азамат Әбдірахманов құттықтау сөз сөйлеп, елімізге осындай қуаныштар сыйлап жатқан Тәуелсіздік күнінің мән-маңызы жөнінде айтып өтті.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.