ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ ЖЫЛ САЙЫН ЕКІ ЕСЕ АРТЫП ОТЫРАДЫ

«Шаңырақ» басқарушы компаниясы қадағалау кеңесінің төрағасы Максим БОЖКО
Біздің компания 2008 жылы негізінен құс өсіру, оның ішінде жұмыртқа және бройлер етін өндірумен айналысатын бір орталыққа бағынатын холдинг ретінде құрылды. Компания құрамындағы кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, қаржыландыру мәселесін оң шешу үшін коммерциялық жұмыстармен де айналысамыз.
Бүгінгі таңда еліміздегі құс еті мен жұмыртқа саласында ең ірі тауар өндірушілер қатарынан нық орын алған біздің компанияның құрамында тұтынушыларға көп жылдардан бері танымал «Ақмола Феникс» акционерлік қоғамы, «Ақмола Феникс Плюс» ЖШС, «Шаңырақ Агро» ЖШС, «К.Маркс атындағы құс фабрикасы» ЖШС, «Eco Pack Astana» ЖШС, «Capital –PROJEKTS LTD” ЖШС, «Племптицеторг» ЖШС, «Био КАТИ» ЖШС, «Агроинтерқұс» ЖШС және «ПФ Целиноградская» ЖШС сынды кәсіпорындар бар. Бұл кәсіпорындардың бәрі де нарықта өздерінің лайықты орны бар, өнімдері тұтынушылардың әділ бағасына ие болған фирмалар. Бір назар аударарлығы біздің компания құрамындағы кәсіпорындар тек құс етін, оның ішінде бройлер етін және жұмыртқа өндірумен шектелмейді. Ең бастысы осы өнімдерді өндіруге қажетті мәселелердің бәрі компания аумағында шешіледі. Оның ішінде құстарға қажетті азық, қажетті құрама жем өзімізде өндіріледі. Мәселен, «Курочка Ряба» кәсіпорнында құстарға қажетті жемнен бастап құс етін өндіруге дейінгі шаруалардың бәрі шығарылады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда бұл кәсіпорынды кешенді құс фабрикасы деуге негіз бар. Сондай-ақ, «Шаңырақ Агро» серіктестігі 37 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себеді. Бұл да көптеген мәселелерді оң шешуге ықпал етеді. Жалпы, «Шаңырақ» компаниялар тобының жылдық қаржы айналымы 20,5 миллиард теңгені құрайтыны да біраз жайды аңғартса керек. Сонымен қатар, бізде еңбек өнімділігі бір адамға жылына 36 мың доллардан келеді. Бұл еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі екендігін айта кеткім келеді.
Әрине, шағын және орта бизнес қарқынды даму үшін мемлекет тарапынан көмек қажет екендігі дау тудырмайды. Бұл мәселе біздің елімізде дұрыс шешілген. Осындай мемлекеттік қодаудың арқасында біздің компанияның жылына 20 мың тонна құс етін шығаруға мүмкіндігі бар. Ал, «ПФ Целиноградская» серіктестігі биыл тұтынушыларға 330 миллион дана жұмыртқа сатты.
Әрине, біздің компангия үшін де өнімдерімізді экспортқа мейлінше молынан шығару басты мақсаттардың бірі болып табылады. Бұл орайда соңғы төрт жылда экспорт көлемі жыл сайын екі есе артып отырғандығын айта кету керек. Нақты деректер келтірер болсақ 2017 жылы экспортқа ,оның ішінде Ауғанстан мен Ресейге барлығы 280 миллион дана жұмыртқа жөнелтілді. Ал, өтіп бара жатқан 2018 жылдың тек тоғыз айында ғана экспортқа 485 миллион дана жұмыртқа шығарылған. Осының өзі-ақ біраз жайды аңғартса керек. Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстанды жұмыртқамен толық қамтамасыз етеміз. Рас, құс етіне келгенде әлі шешімі табылмаған мәселелер аз емес. Әзірге елімізге қажетті құс етінің шамамен 40-50 пайызы импорттың үлесінде. Бұл тұрғыда да істі алға бастыру үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, соңғы бес жылда ғана Ақмола облысында құс өсірумен айналысатын екі ірі кәсіпорын ашылды. Мұның бәрі сайып келгенде, енді бір төрт-бес жылдан соң сырттан құс етін әкелудің қажет болмайтындығын көрсетеді.
Біздің компанияда еңбек өнімділігі арттыру, өнім сапасын халықаралық стандарттарға сай қылу тұрғысында көптеген жұмыстар атқарылуда. Айтпақшы, қазірдің өзінде бізде өндірілетін құс еттерінің сапасы Ресейде шығарылатын етке қарағанда жоғары екендігі тұтынушыларға аян. Сонымен қатар біз С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университет ғалымдарымен бірлесіп құстардың қиынан тыңайтқыштар шығару мәселесімен айналысудамыз. Сондай-ақ, заманауи технологияларды игеру, қазіргі заманғы техникаларды пайдалану, ал ең бастысы – өндіріс барысын басқаруды сандық жүйеге көшіру басты міндеттердің бірі. Бұл орайда қазірдің өзінде көптеген жұмыстар жүзеге асырылды.Бүгігі таңда біздің кәсіпорындарымызда Германия, Швейцария, Бельгия елдерінен әкелінген қондырғылар орнатылған. Өндірісті сандық жүйеге көшіруді қолға алу еңбек өнімділігін арттырып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде өнім сапасын арттырып қана қоймай, олардың бағасын да біршама арзандатуға мүмкіндік береді. Бұл әрине, тұтынушыларға тиімді.
Бүгінгі таңда біздің компанияда жер өңдеу саласында сандық жүйе кеңінен қолданыла бастады. Сондай-ақ, бройлер өсіру кәсіпорнында «ақылды ферма» жүйесі пайдаланылады. Бұл құстар тұрған ферманың ішіндегі микроклиматты бір орталықтан басқару, ондағы барлық жұмыстарды автоматты түрде қадағалау сынды озық технологияларды игерген кәсіпорындарда болуға тиісті технологиялық жүйе қалыптасты деген сөз.
Бізде бизестің әлеуметтік жауапкершілігі деген түсінік те басты назарда.Мәселен, Целиноград ауданының орталығы – Ақмол ауылындағы №5 орта мектепте тегін оқытатын ІТ сыныбын аштық. Онда 6 топқа бөлініп барлығы 96 бала дәріс алады. Сабақ екі тілде өткізіледі. Бұл мектеп оқушыларының сандық технология, жалпы заманауи технологиялар тұрғысында алғашқы білім алуларына жағдай туғызады.
Міне, біздің «Шаңырақ» басқарушы компаниясындағы бүгінгі аһуал осындай. Біз алдағы уақытта датұтынушыларымызды сапалы азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз етумен шектелмей, «Қазақстанда шығарылған» деген брендпен сапалы өнімдерді экспортқа мейлінше молынан жіберуді басты мақсат санаймыз. Бұл мақсаттың орындалатынын нық сеніммен айта аламын.

 84 Total Views,  2 Views Today

By Арқа ажары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар