Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көңіл көркейтер көрме - АРҚА АЖАРЫ

Көңіл көркейтер көрме

Қазақ халқының сан ғасырлар бойғы тарихи, әрі рухани байлығын сақтап, дамыту, ұлы дала кеңістігінің бүгінгі және келер ұрпақтың міндеті

Еліміздің Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына байланысты ұйымдастырылған тарих, заңтану, өнер және спорт факультеті бейнелеу өнері, сызу және дизайн кафедрасының оқытушылары мен студенттерінің «Ұлы дала руханияты» атты шығармашылық көрмесі ашылды. Көрменің ашылуына Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі, танымдық мұрасы мен дүниетанымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, қолөнер, баға жетпес асыл қазына. Сол тарихи, әрі рухани байлықты сақтап, әрі қарай дамыту, ұлы дала кеңістігінен шыққан өркениет жетістіктерін ұмытпау, әрі қарай дәріптеу – келер ұрпақтың үлесінде. Осындай іс-шараларды ұйымдастыру қазақ елі тарихын ұлықтау ғана емес, Евразия кеңістігін мекендеген түрік тайпаларының әлемдік өркениетке қосқан үлесін көрсетіп, тарихи сананы жаңғырту.
Көрменің ашылуына қатысқан Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры М.Сырлыбаев құттықтау сөз сөйледі.
Әрі қарай университетіміздің ардагер ұстаздары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ.Абуев, педагогика ғылымдарының кандидаты Қ. Қамбаров сөз сөйлеп, көрме жұмыстарына сәттілік тіледі. «Ұлы дала руханияты» атты шығармашылық көрменің лентасын университет ректоры М.Сырлыбаев пен Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, мәслихат хатшысы Еркін Исімбаев қиды.
Таяуда мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жаңа серпінді істерге жол ашты. Әсіресе, оқу ордасының бейнелеу өнері, сызу және дизайн кафедрасы бұл өнегелі бастамаға жұмыла кірісті. Кафедра меңгерушісі, аға оқытушы Д.Сүгірәлиевтің басқаруымен бұл ұжымда Ұлы даланың жеті қырын танытардай өнер туындылары дүниеге келді. Жалпы, өнердің ошағы болғандықтан, бұл кафедраның оқу ордасын қала, облыс, республика көлеміне әйгілеп таныстырып, әлеуметтік маңызы бар көрмелер ұйымдастырып, түрлі ауқымды істерге, мерекелік шараларға атсалысып жүретіні көпшілікке мәлім. Кафедра мүшелерінің, нақтылап айтсақ, жетекші ұстаздар мен олардың дайындаған шәкірттерінің тамаша өнерінен студенттер, жас ұрпақ қана емес, қала жұртшылығы арнайы келіп, қызықтап рухани ләззат алады.
Міне, біз соған тағы да көзімізді жеткіздік. Айтқалы отырғанымыз, ағымдағы жылдың, соңғы айы, яғни, желтоқсанның алғашқы онкүндігінде аталмыш оқу ордасының бас ғимаратының бірінші қабатындағы фойе залында осы кафедра ұжымының ұйымдастыруымен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай ұсынылып отырған көрме жұртшылық назарын өзіне аударды.
Көрме тақырыпқа сай, жүйелі түрде орналастырылды. Бастапқы бөлімінде еліміздің «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» екенін әйгілеп тұрған өнер туындылары қойылған. Шиден жасалған натюрмортта алқызыл қызғалдақтар көз тартады. Алма бейнеленген суреттер шеберлікпен орындалған. Келесі экспозицияда «Аң стилі» бағыты бойынша қойылған өнер туындыларының бірі шекіме жұмыстары да көңіл толтырарлықтай әдемі бейнеленген. Осы бағыттағы бірнеше жұмысың авторы – аға оқытушы Н.Погнеребко.
Ұлы даладағы ежелгі металлургия экспозициясында «Қазақ жерінің батырлары» деп аталатын туынды жас ұрпақтың жігерін оятары сөзсіз. Гравюрада орындалған темірден жасалған дулығалар өнер талабына сай. Осы тұста металл мен жез, тастарды пайдалана отырып жасалған бұғы мүйізі тектес өнер туындылары және батырдың ертұрманы, дулығасы, қалқан, шоқпары, қамшысы, сәукеле секілді қолөнер бұйымдары зергер Рүстем Шәріповтің қолынан шыққан.
Кафедра меңгерушісі Дәуіт Тоғайұлы өзі де үлкен өнер иесі. Шәкірттеріне сурет өнерінің қыр-сырын үйретуден жалықпай жүрген көп жыл еңбегін сіңірген ұстаз. Оның қолынан шыққан «Наурызбай Қасымұлы», «Жәпек батыр» портреттері туған жерін жан-тәнімен сүйген, Отан қорғауға жанын пида етуге даяр қаhарман ерлердің айбынды да асқақ образдарын келісті бейнелеген.
Келесі «Атқа міну мәдениеті» экспозициясы тұсында аға оқытушы Аманбай Шүйінішевтің «Батырлар жырына» жасаған қыз Құртқа бейнесі көрменің шырайын кіргізе түскендей. Біраз өнер туындыларының орындалу шеберлігі өз алдына, бізбен тоқылғаны және кестелеу техникасымен орындалғандығы ерекше әсерлі. Шауып келе жатқан аттар туған даланың дүбірін елестеткендей. Сондай-ақ, киіз бетінде орындалған ұлттық ойындар «Қыз қуу», «Аңшылық», «Саятшылық», көк жүзінде қалықтаған қыран құс та, ағаштан сомдалған бүркіттің мүсіні де шебер орындалған. Студенттердің бұл жұмыстары да көрмеден ерекше орын алады.
Экспонаттың орталық жиынтық сипатындай қазақ шаңырағы да айрықша көркемдігімен көз тартады. Онда қойылған аса шебер қолдан шыққан текемет, сырмақ, торсық кесеқап, тостағандар, астау, күбі мен піспегі, келі мен келісап, бесік, адалбақан бұл көрменің аса көрнекті, құнды жәдігерлері деген ойға келдік. Сондай-ақ, әшекейленіп ою-өрнектермен ойып жасалған сандық, теріден жасалған ерекше саба да көрменің бағалы туындылары екендігіне сөз жоқ. Келесі көзге оттай басылатын «Алтын адам». Бас киімі мен сауыт-саймандары, асынып алған қару-жарақтары басқа да элементтері нақышына келтіріліп жақсы орындалған. Әрі қарай тамашалай отырып, «Түркі әлеміне еніп кеткендей әсер алатын әрі сақ, ғұндар дәуірін елестететін таңбалы тас, Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің өрнегі, көне қобыз, киіз үй көрінісі – гобеленде орындалған бізбен тоқылған «Шаңырақ» композициясы көрменің ажарын ашатын басты туындылардың бірі. Біздің мақтанышымыз Анар Әміржанованың еңбегі зор. Оның 5 томдық «Түркі әлемі» альманағының дизайнерлік безендірілуі де өте жоғары деңгейде орындалған.
«Ұлы Жібек жолы» композициясы да үлкен махаббатпен, аса шеберлікпен орындалған деп сеніммен айта аламыз. Гобеленде, киізде, майлы бояумен кескінделген түйелер керуенінде әртүрлі нақышта сомдалған өте қызықты сюжеттерді көруге болады. Гобелен техникасында орындалған бәйтерек басына қонған самұрық құс қазақ ертегілерінің бір сипаты десе болады. «Бурабай туралы аңыз» тақырыбында бейнеленген кескіндемелік сюжет те көпшілік көрерменнің басты назарында болды. Жұмыс айрықша көркем, мән-мағыналы, сан алуан түстерге бай, әрі нәзік бейнеленген.
«Жібек жолы» керуенінің шығыстан батысқа беттегені гобелен техникасында орындалған әрі түйеге артылған жүктер түрлі-түсті жіптермен әдіптелген. Шығыстан батысқа жалғасқан өнер антикалық натюрмортта да көрініс тапқан. Грек антикасы бейнеленген шығыстың дәстүрлі ас мәзірі сипатталған картина да – көрменің басты құндылықтарының бірі. Көшпелі елдердің қолындағы тұрмыстық бұйымдар айқын, көркем безендірілген. Жалпы,
«…бұл көрмені тұтастай аралап көріп шыққанда халқымыздың өткен ғасырлар қойнауына сүңгіп кеткендей күй кештік, айрықша толқып керемет әсерге бөлендік. Ерекше әсер, рухани көңіл-күй сыйлаған өнер ұжымына мың алғыс!» – деп келетін көрермендер қошеметі кеудемізге қуаныш ұялатты.
Келешекте бұдан да зор жетістіктерге қол жеткізіп, өнерлі жастарға қолдан келгенше қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп, өнердің қыр-сырын тереңірек білулеріне, соған жақсы машықтануына атсалыса берсек нұр үстіне нұр.

Гүлсайра СҮГІРӘЛИЕВА,
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік универсиетінің тарих, заңтану, өнер және спорт факультетінің, бейнелеу өнері, сызу және дизайн кафедрасының аға оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар