Ұлағатты ұстаздар ұлықталды

Ақмола облысында «Таным мәдениеті: зерттеу қызметінің негіздері» конкурсының қорытындысы шығарылды

Аталмыш байқауды Ақмола облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырып отыр. Салтанатты шараға Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Валерий Гамазов қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастыру алқасының дипломдары мен ақшалай сыйлықтарды табыс етті.

Байқауға қатысушылар өздерінің ғылыми жұмыстарын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған пікірлерімен ұштастырған. «Ақмола облысының тарихи ескерткіштері», «Ұлы дала мәдениеті», «Өлкетану – ұлттық жаңғыру», «Менің кіші Отаным», «Менің археологиялық экспедиция жұмысына қатысуым», «Мәңгілік ел» атты тақырыбында жалпыұлттық құндылықтар идея-
ларын және «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын тәрбие жұмысында қолдану бағытында ұсынылған материалдар ғылыми-зерттеу жобалары, инновациялық жұмыстар түрінде әзірленді.
Байқау қорытындысы бойынша Ақмола облысы білім басқармасы басшысының ІІІ дәрежелі дипломы және 60 000 теңге көлеміндегі сертификаттарға Жақсы ауданындағы Терісаққан орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Еркеназ Досанова, Атбасар ауданындағы Сергеевка орта мектебінің мұғалімі Хаз Отанбек, Степногорск қаласындағы тау-техникалық колледжінің оқытушысы Гүлмира Жаманова, Атбасар ауданы № 5 «Алтын бесік» балабақшасының тәрбиешісі Галина Яльницкая, Ақкөл ауданындағы № 2 балабақшасының тәрбиешісі Наталья Темірова, Бурабай ауданындағы № 4 орта мектебінің мұғалімі Юлия Касымова ие болды. Ал, Ақмола облысы білім басқармасы басшысының ІІ дәрежелі дипломы және 80 000 теңге көлеміндегі сертификатымен Бурабай ауданының № 9 мектеп-гимназиясының оқытушысы Бекетай Баян, Ерейментау ауданының Бөгенбай батыр атындағы орта мектептің директоры Гүлбарам Сәрсенбаева, Бурабай ауданының «Бөбек» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Әлия Мәженова, Есіл ауданының № 1 балабақшасының тәрбиешісі Ирина Ентальцева, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы көпсалалы колледждің оқытушысы Әмина Шәріпова марапатталды. Сонымен қатар, Ақмола облысы әкімінің І дәрежелі дипломымен және 100 000 теңге сертификатына ие болған Жақсы ауданы Запорожье орта мектебінің директоры, тарих пәнінің мұғалімі Ерлан Байдүйсенов, Көкшетау қаласының құрылыс-техникалық колледжінің оқытушысы Анар Кенжебаева, Көкшетау қаласының №10 «Алтын бала» балабақшасының әдіскері Айгүл Қанафина жеңімпаз атанды. Біз осы орайда, бірінші орын жүлдесімен марапатталған Запарожье орта мектебінің директорын сөзге тартқан едік.
– Біз әдетте оқушыларды ғылыми жұмыстар жазуға ынталандырып, бағыт-бағдар беріп отырамыз. Осы жолы өзіміз өз білімдерімізді ортаға салдық. Мектепте берген тәлім бір бөлек, жас жеткіншектердің сол білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік тудыратын осындай байқаулардың берері мол. Осы орайда, аталмыш байқауды ұйымдастырып, жалпы ұстаздарға қолдау көрсетіп отырған облыс басшылығына зор алғысымды білдіремін, – дейді ұстаз.
Салтанатты шара барысында Ақмола облыстық өнерпаз, дарынды балалармен жұмыс істеу орталығының балғын әншілері мен Көкшетау қаласындағы Біржан сал колледжінің білім алушылары өз өнерлерін ортаға салып, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар