Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бөлімшелерінің арасында «Өз мамандығының үздігі» атты конкурс өткізілді.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде өткен бұл шараға саланың ардагерлері, департаменттің және оған қарасты бөлімшелердің басшылары мен қызметкерлері көптеп жиналды. Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің кәсіптік деңгейін арттыруға бағытталған конкурс өте қызықты өтті. Алдымен, сайысқа қатысқан жеті команданың әрқайсысы өз мекемесін сауатты әрі мәнерлеп таныстыруға тырысып, алдымен өздерінің жұмысы жөнінде айтып берді.
Бұдан кейін сайыскерлер қызметкерлердің жұмысы, ұжымның қоғамдық өмірге қатысуы және демалысы жөнінде бейнеролик көрсетті. Соңында «Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің күнделікті өмірі» тақырыбында КВН және өзге де шағын көріністер ұсынылды. Конкурс қорытындысында ЕЦ 166/25 мекемесінің «Сұңқар» командасы жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды ЕЦ 166/23 мекемесінің «Көкше» және ЕЦ166/18 мекемесінің «Бүркіт» командалары өзара бөлісті. Жүлдегерлер Алғыс хатпен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Әділ ҚАЙЫРБЕКОВ,
Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесі
департаментінің бас маманы.