Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балалар қуанышы - АРҚА АЖАРЫ

Балалар қуанышы

Ақмола облысында «Ана үйі» қоғамдық қоры жанынан құрылған «Жанұя» бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы облыстағы бала асырап алушылар қауымдастығымен бірлесіп, «Аристократ» мейрамхана кешенінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған жаңа жылдық мереке ұйымдастырды.

Мерекелік шарада құттықтау сөз сөйлеген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева:
– Бүгінгі балаларға арналған Жаңа жыл кеші құтты болсын! Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды бауырларына басып, қамқорлық жасап отырған барлық ата-аналарға денсаулық пен шыдамдылық тілеймін. Балалардың бақытты балғын шақтары баянды болып, егеменді еліміздің болашағына сүбелі үлес қосуға тәрбиелеп отырған ата-аналардың үміті ақталып, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын! – дей келе, облыс әкімінің атынан мерекелік кешті ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, облыстық «Ана үйі» қоғамдық қорының директоры Құралай Жұмабековаға «Жер жәннаты – Ақмола» атты энциклопедия-сын тәттілерімен қоса тарту етті.
Облысымызда 2016 жылдан бастап «Ана үйі» қоғамдық қоры жанынан құрылған «Жанұя» жобасымен бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы жұмыс істейді. Жоба негізінен патронаттық отбасыларға қолдау көрсету және қазақстандық қоғамда бала асырап алу мәдениетін дамытуға арналған.
Айта кетсек, соңғы екі жыл ішінде облыс аумағында «Жанұя» бала асырап алуға қолдау көрсету орталығының арқасында 100-ге жуық жетім бала ата-ана қамқорлығына берілген. Осылайша балалар үйлеріндегі жетімдердің толық отбасында тәрбиеленуіне күш салынуда. Осыдан-ақ, облысымызда бала асырап алушылар қатары артып келетіні байқалады. Оған осы бүгінгі шара нақты дәлел болып отыр. Өзін Зеренді ауданының Бірлестік ауылынанмын деп таныстырған Нұржамал Мейрамова:
– Бүгінгі жаңа жыл мерекесіне Тимур мен Руслан атты екі ұлымды алып келдім. Жолдасым Асылбек Қойшыбайұлы екеуміз осы жылдың 28 мамырынан ағайынды екі ұл баланы Қарағандыдағы балалар үйінен бауырымызға басып, тәрбиелеп отырмыз. Олар бастауыш сыныптарда оқиды. Балалар үйдегі отбасылық жағдайға үйреніп келеді. Бұлардан үлкен үш қызымыз бар. Аллаға шүкір, олардың алды тұрмыс құрып, кейінгілері студент атанып, оқу бітіріп, еңбекке араласса, кіші қызымыз 7-сыныпта. Олар да қазір ұлдарымызға қамқорлықпен, түсіністікпен қарайды. Балаларымыздың азамат болып өсуіне қашанда өз күшімізді саламыз. Осындай мерекелік шараны ұйымдастырған Құралай ханымға ризашылығымды білдіремін, – деп ағынан жарылды.
Сондай-ақ, жаңа жылдық мерекелік шараға Щучинск қаласының балаларды қолдау орталығының, Көкшетау қаласының кәмелеттік жасқа толмаған бейімдеу орталығының және биылғы жылы отбасыларға берілген әртүрлі жастағы, ұл-қыздардан жетпістен астам бала қатысты.
Шарада «Жаңа жылдық Калейдоскоп» ойын шоулары ұйымдастырылып, сабынды көпіршіктермен, клоундардың қатысуымен түрлі ойындар көрсетіліп, Аяз ата мен Ақшақардың балаларға жаңажылдық сыйлықтар бергені үлкен әсер қалдырды.
Мерекелік шара барысында «Ана үйі» қоғамдық қорының бала асырап алу орталығының директоры Құралай Жұмабекова құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдық жұмыстарына үнемі қолдау көрсетіп отырған облыстық әкімдік пен облыстық ішкі саясат басқармасына және өздеріне үнемі демеуші болып жүрген «Kokshe Women» директоры
Гүлнәр Құрманғалиева, «Тасенов» қоғамдық бірлестігі «Ата Дәстүр» агенттігінің директоры Гүлмира Тасенова, «Аристократ» мейрамхана кешенінің директоры Айнаш Барямова және «Деньги населению» серіктестігінің директоры Ирина Мореваға ризашылықтарын білдіріп, Алғыс хат табыс етті.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар