Көкшетау қаласындағы «Аристократ» мейрамхана кешенінде «JAS_AQMOLA» жыл сайынғы облыстық жастар сыйлығының қорытындысы шығарылып, облысымыздың ең талантты да дарынды жеңімпаз жастарын марапаттау рәсімі болып өтті.
Елбасы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», – деген болатын.
Осыған орай, «JAS_AQMOLA» жыл сайынғы аймақтық жастар сыйлығының мақсаты да жастар ұйымдарының арасындағы ынтымақтастықты насихаттау, Қазақстан Республикасының жастар қозғалысын дамытуға және ынталандыруға, талантты әрі белсенді жастардың айрықша еңбегін бағалауға және студент жастардың қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Жыл бойы жастар саясатының дамуына үлесін қосып, өздерінің белсенділігін таныта білген жастарымыздың арасынан «JAS_AQMOLA» жастар сыйлығының «Жыл жаңалығы» аталымын жеңіп алған «Трим бірлескен тәлімгерлер одағы» марапатталды. Ақмола облыстық «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты «Молодежная организация года» аталымымен марапатталды. «Жас Отан» жастар қанаты Көкшетау қалалық филиалының басшысы Хафиз Аян Бауыржанұлы «Жыл көшбасшысы», Ақмола облысы бойынша «Көңілділер мен тапқырлар клубы» «Жылдың үздік шығармашылық ұжымы», Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенті Шыңғыс Жүсіпов «Жыл студенті», алты жасар бүлдіршінді судан құтқарған Темірлан Шәріпбаев «Батырлық пен ерлігі үшін», Шортанды аудандық жастар орталығы облысымыздың «Үздік жалынды жастар орталығы», «Бьюти микс» сұлулық студиясының директоры Динара Құсайынова «Жас кәсіпкер», Ақмола облыстық жастар денсаулығы орталығы «Жылдың үздік жобасы» номинациясы бойынша диплом және Алғыс хаттар алды.
«JAS_AQMOLA» жастар сыйлығына 48 өтініш қабылданып, тоғыз аталым бойынша жеңімпаздарға салтанатты жағдайда қошемет көрсетіліп, ақ дастарқан жайылып, әсем әннен шашу шашылды.
Сондай-ақ, іс-шара аясында «Ұлы тұлғалар жолыммен» атты ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары да анықталып, марапатталды.
Aсылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.