Мұздан жасалған композицияның алдыңғы бөлігінде микрофон ұстаған Димаштың мүсіні мен қанаттарын жайған аққулар бейнеленген.
Композиция авторы көкшетаулық белгілі суретші және мүсінші Манарбек Бұрмағанов. «Әншінің шығармашылығынан, әсіресе, оның Ресейде орындаған «Қалжыраған аққулардың сезімі» әнінен шабыт алған Манарбек Бұрмағанов Көкшетауда осындай мүсін жасауды шешті. Идея жергілікті деңгейде қолдау тапты.
Орталық алаңда жасанды алып шырша орнатылып, мұздан ертегілер қалашығы тұрғызылуда. Балалардың ғана емес, ересектердің де назарын аударып, еріксіз таңдай қаққызатын мөлдір мұздан жасалған жануарлар мен ертегі кейіпкерлерінің бейнесін жасау міндетін Суретшілер одағының мүшелері, кәсіби қылқалам шеберлері Виталий Глухов, Юрий Федоров және Владимир Новгородцев қолға алыпты. Олардың қолдарынан шыққан аңдар мен ертегі кейіпкерлерінің бейнесі көз тартады. Күннің суықтығына қарамай, өз жұмыстарына беріле кіріскен суретшілер мұзға жан бітіріп, көркем бейнелерді жасауда.
– Жаңа жыл түні мұнда адамдар көп келеді. Балаларды ғана емес, ересектерді де ертегілер әлеміне еліктіріп тартатын бейнелер жасау арқылы жұртшылыққа қуаныш сыйласақ дейміз, – дейді суретші Виталий Глухов.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.