Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Жаңғыруға жаршымыз, жемқорлыққа қарсымыз!» - АРҚА АЖАРЫ

«Жаңғыруға жаршымыз, жемқорлыққа қарсымыз!»

Жер шоқтығы Көкшетаудың төрінде дүбірлеген бір айтыс өтті! Атадан-балаға мирас болған бабамыздың байтақ өнері,

аламан айтыста ақиық ақындар жырдан нөсер жаудырып, сөз маржанымен көңілдерді көмкеріп, көрерменін шат етті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ұйымдастыруымен, Көкшетау қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірінен от тілді, орақ ауызды, алдаспандай жарқыраған он екі ақын келіп, додаға түсті.

Республикалық ақындар айтысы «Рухани қазына» бағдарламасының «Аймақтық мәдениет, дәстүр мен құндылықтар» тармағының базалық бағытын іске асыру шеңберінде өткізілді. Республикалық айтысты Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев жүргізіп отырды.
Айтыстың беташарында Агенттіктің жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры, белгілі айтыскер ақын Арман Бердалин сөз сөйлеп, айтыс аламанына жер-жерден ат арылтып келген ақындарға алғыс білдіріп, ақжарма тілегін арнады.
– Бүгінгі таңда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл айтыстың басты мақсаты – аузы дуалы ақындардың өткір жыры арқылы қоғамға ой тастау. «Бәйге алмайтын тұлпардан, белі жуан бесті артық, парадан жиған түйеден, адалдан жиған ешкі артық»,– деп бабаларымыздың мирас қылған насихатын төкпей-шашпай, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру бізге аманат. Қазақ халқы ежелден сөзге тоқтаған халық,–дей келіп, айтысқа демеуші болған жомарт жүректі жандарға алғысын білдірді.
Ақындардың өнерін әнші, сазгер Иран сал Тасқара, филология ғылымдарының кандидаты, республикалық айтыстардың жеңімпазы Серікзат Дүйсенғазин, М.Ғабдуллин мұражайының директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек, сонымен қатар ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рамазат Сәттібаев бағалады. Бірінші жұпта Солтүстік Қазақстан облысының атынан сынға түскен Жарқын Жұпархан мен көкшетаулық Мұхаммед Қоңқаев айтысты.
«Көкшетау тектілігің бір төбе ғой,
Қойнауында сақталған ұлы мұраң.
Капцевичті орнынан қуып шығып,
Бәйкен Әшімов түспеген тұғырынан.
Біржан мен Ақандардың көзін көрген,
Айналдым асылдардың сынығынан.
Айтыстағы бапкерім сендерсіңдер,
Өз жүйрігін баптаған құлынынан», –
деп туған жерін асқақ жырмен әспеттеп, абыройын асқақтатқан Мұхаммед Қоңқаев «ә» дегеннен-ақ жұрт назарын өзіне аударды. Алайда, «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, осы жолы бұл қос ақынның шабысы көпшілік күткендей болмады. Тақырыптан ауытқып, уақытты ұтымды пайдалана алмады. Екінші жұпта «Алтын домбыра» иегері, керекулік Аспанбек Шұғатаев пен маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев бақ сынасты. Аспанбек пен Нұрланның да айтысы көрермендерін желпіндіре алмады. Қалай десек те, Нұрланның шымыр шумақтары, Аспанбектің тақырыпты тарихтан қаузай алатын ұшқыр ойы көптің көкейіне ой сала білді. Үшінші болып жұптасқан ақиық Айбек Қалиев пен қарағандылық Дидар Қамиевтің өнеріне ел тәнті болды. Өлең сөзде бір-біріне дес бермеген қос дүлдүл халықтың қошеметімен арқалана түсті. Әсіресе, Айбек ақын бүгінгі қоғамда болып жатқан кемшіліктерді тілге тиек ете отырып, халықтың көкейінде жүрген көп түйткілді мәселелерді ортаға салды.
Бүгінгі Саққұлақтар ерен боп тұр,
Ұялы телефонды тіркетпесең,
Оңдырмай сазайыңды берем деп тұр.
Қол сұғып елдің ішкі құпиясына,
Не жаздың, не сөйлестің көрем деп тұр.
Билік жайлы не айтып қалады деп,
Халықтың аузын аңдып елеңдеп тұр.
Ал елдің мұңын, зарын айтсақ,
Саққұлақ, тас құлақ боп керең боп тұр,–
деп жырлаған Айбек ақынға халықтың ықыласы да ерекше екендігі байқалды.
Төртінші жұпта ақтөбелік Марат Ахметов пен көкшетаулық Құрмет Құралхан кездессе, бесінші жұпта Нұрмат Мансұров семейлік Әсем Ережеқызымен сөз таластырды, ал алтыншы жұп болып айтысқан қарағандылық Айбек Жұмағұлов пен ақтаңгер ақын Мұхтар Ниязов өз өнерлерін ортаға салды.
Айтыскерлердің көздеген мақсаты жеңіске жетіп, жүлде алу емес, жемқорлыққа қарсы үндеу тастап, көпшілікті қоғамдық індетке қарсы ымырасыз күреске шақыру, Тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын насихаттау, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын паш ету, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттау, қазақтың төл өнері, құдіретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру болып табылады. Республикалық ақындар айтысында сұрыпталып, топ жарған жыр тұлпарлары арасынан Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Дидар Қамиев, Құрмет Құралхан, Нұрмат Мансұров, Айтбай Жұмағалиев ақтық сынға жолдама алып, маржан жырды мөлдіретті. Айта кету керек, ақтық сында Айбек Қалиев жас ақын Құрмет Құралханға ақ батасын беріп, өнер жолына ақ жол тіледі.
Додалы бәсекеде жүлделі үшінші орынды республикалық айтыстардың жүлдегері, «Айтыс ақтаңгері» медалінің иегері, Қарағанды қаласынан келген Дидар Қамиев, екінші орынды екі мәрте «Алтын домбыра» атағының иегері, дүлдүл ақын Мұхтар Ниязов иеленді. Ал, жүлделі бірінші орынды республикалық айтыстардың жүлдегері, «Айтыс ақтаңгері» медалінің иегері, Қостанай қаласының өкілі Айбек Қалиев қанжығасына байлады. Айтыс жеңімпазы һәм жүлдегерлері, сонымен қатар қатысушылардың барлығы ұйымдастыру алқасының атынан ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар